Қазақстанда тұратын ұлттардың нақты саны жарияланды

223

Бір шаңырақ астында: бүгінде Ұлы дала елі қанша этностың басын біріктіріп отыр?  

Қазақстанда тұратын ұлттардың нақты саны жарияланды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңге толы, алмағайып кезеңінен бастап ұзақ уақыт бойы отандық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығы үрей мен жанайқайға толы бір тақырыпты толассыз қаузады. Сол жылдары "Ел адами капиталынан айырылып жатыр, "ми ағыны" тоқтамай тұр, ең үздік те білікті мамандар үдере көшуде" деген пікірлер дабыл қаққандай жаңғырып, жазылған әр мақаланың "дәстүрлі" өзегіне айналды.

Ол кезде дарынды жастар мен білікті мамандардың жарқын болашағы туған жерде емес, көкжиектің арғы жағында, жат жұрттың төрінде сияқты көрінетіні жасырын емес еді. Алайда, бүгінде бұл сарын – өткен дәуірдің ащы жаңғырығындай естіледі, деп жазды inbusiness.kz сайты. 

Жаңа ғасырдың үшінші онжылдығы басталғалы бұл зарлы жанайқай өткірлігін, өзектілігін біртіндеп жоғалтқандай. Уақыт – емші ғана емес, бәрін өз орнына қоятын әділ төреші. Бүгінгі қазақстандықтар негізінен бақыт іздеп жат жұртқа жалтақтауды тыйды. Керісінше, қоғамдық ортада "толыққанды бақыт пен әл-ауқатқа өз Отанымызда да жетуге болады" деген байыпты ойлар жиі ауызға алына бастады.

Бұл қарапайым, бірақ мазмұны терең, тұжырымдамалық тұрғыдан аса маңызды идея барған сайын айқын естілуде: бақ – басыңа қонған жерде, ырыс – туған топырағыңда. Өзіміз өсіп-өнген өлке, атамекеніміздің жүрегі соғып тұрған жұрт, тамырымыз терең жайылған туған жер және ортақ болашақ құрылып жатқан киелі мекен – бәрінен де қымбат.

Бұл жігерлендіретін үрдісті тек қоғамдағы оптимистік көңіл-күй ғана емес, кез келген дауға нүкте қоятын статистиканың құрғақ та бейтарап тілі де нақты деректермен куәландырады. Міне, бірнеше жыл болды, Қазақстан көші-қон үдерісінде тұрақты оң сальдо көрсетіп келеді.

Басқаша айтқанда, бүгінде республикаға қоныс аударушылардың қарасы елден кетіп жатқандардан үш есе көп! Бұл жерде әңгіме тек атажұртқа аңсап оралған қандастарымыз туралы ғана емес, Қазақстанды еркін мүмкіндіктер мен мызғымас тұрақтылықтың мекені ретінде таңдаған өзге мемлекеттердің бұрынғы азаматтары туралы да болып отыр. Қазақстанда қоныстанған жаңа азаматтардың жартысы ғана – оралмандар, қалғанын негізінен, орыстар, өзбектер және немістер құрайды.

Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында елге көшіп келгендер саны 23 761 адамға жетсе, елден қоныс аударғандар саны небәрі 7 608 адамды құраған. Бұл – тарихи рекорд.

Көші-қонның оң сальдосы 16 153 адам деңгейінде тіркелді. Бұл құрғақ цифрлардың тасасында қаншама отбасының тағдыры, шешуші қадамдары, іштей толқытқан күмәндары мен болашаққа деген алаулаған үміттері жатыр. Сол үмітінің шырағы маздап жанып, сенімі ақтала ма – ол енді уақыт еншісіндегі бөлек хикая.

Салыстырсақ, Қазақстандағы статистика төмендегідей: 

  • 2019 жылы келгендер – 12 255, кеткендер – 45 225 адам болды.
  • 2020 жылы келгендер – 11 370, кеткендер – 29 088;
  • 2021 жылы келгендер – 11 039, кеткендер – 32 256;
  • 2022 жылы келгендер – 17 425, кеткендер – 24 147;
  • 2023 жылы келгендер – 25 387, кеткендер – 16 094;
  • 2024 жылы келгендер – 29 282, кеткендер – 12 732 адамды құрады.

Әлбетте, бұл жағымды көріністің астарында көзге бірден түсе бермейтін өзіндік өрнектер мен маңызды жай-жапсарлар да жоқ емес. Мәселен, соғыс бастаймын деп басы бәлеге қалып, қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп жатқан Ресейден ағылған релоканттар легі өткен жылы айтарлықтай саябырсыды. Бұл құбылыс, өз кезегінде, еліміздің жалпы көші-қон статистикасына да ықпалын тигізді.

Нәтижесінде, 2024 жылға қарағанда, Қазақстанға тұрақты тұруға келгендер саны 18,9%-ға кеміген. Әйтсе де, республикадан түпкілікті көшіп кеткендер саны бұдан да көпке – 40,2%-ға азайған.

Қазақстанның негізгі көші-қон алмасуы әлі де ТМД елдерімен байланысты. Достастық мемлекеттерінен Қазақстанға түп көтеріле көшіп келгендердің жалпы сандағы үлесі 81,8%-ды құраса, осы елдерге кеткендердің үлесі жалпы санның 71,8%-ына жетті.

Осылайша, көз алдымызда жаңа дәуірдің шындығы қалыптасуда: бүгінгі Қазақстан – жұрт жаппай тәрк етіп, тастап кететін қараң қалған өлке емес, қайта әлемнің әр түкпірінен сан түрлі тағдырларды магниттей баурап, өзіне тартатын берекелі мекенге айналды.

Бұл – құрғақ есеп пен жай статистика емес, бұл – ел ішіндегі терең рухани-әлеуметтік өзгерістердің жарқын символы. Бұл – барған сайын көбірек адамның өз тағдыры мен ұрпағының болашағын, ақ үміті мен арман-мақсатын Қазақ елімен байланыстыра бастағанының белгісі.

Ұлттық статистика бюросының ресми дерегінше, 2026 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша Қазақстанда мемлекет құраушы қазақ ұлтынан бөлек, өз диаспоралары бар тағы 69 ұлт тұрады екен.

Сонымен қатар, ресми статистикада "Басқалар" санатына біріктірілген өзге де этникалық топтар бар: ҰСБ статистикасында олардың атының аталмауына әрқайсысының өкілдерінің саны тіпті жүз адамға да жетпейтіндігі себеп болған.

Статистикалық органның мәліметінше, "Басқа ұлттардың" жалпы саны 40 357 адамды құрайды. Бұдан бөлек, Қазақстанда өз ұлтын мүлдем көрсетпеуді жөн көрген 71 614 азамат тұрады.

Қазақстан Республикасындағы өз диаспоралары бар азшылық этностардың ішінен келесі топтарды келтіруге болады:

  • Америкалықтар – 455 адам;
  • Финдер – 431;
  • Чехтар – 431;
  • Табасарандар – 426;
  • Қырым татарлары – 401;
  • Алтайлықтар – 396;
  • Удиндер – 384;
  • Қабардалар – 375;
  • Лактар – 369;
  • Парсылар – 362;
  • Итальяндықтар – 355;
  • Сақалар (Якуттар) – 353;
  • Хақастар – 332;
  • Ассириялықтар – 329;
  • Моңғолдар – 242;
  • Комилер – 240 адам.

Бұл ұлыстардың саны шамалы көрінгенімен, олар еліміздің мульти-мәдени мозаикасының көркем көрінісін айқындай түседі.

Қазақстанда тұратын 70 ұлттың 47-сінің, яғни 67,1%-дан астамының өкілдерінің саны 10 мың адамнан аспайды.

Тағы 14 ұлттың немесе 20%-ының өкілдерінің саны 100 мың адамнан аз.

Олардың қатарында:

  • Түріктер – 93 234 адам;
  • Дүңгендер – 88 165;
  • Белорустар – 73 788;
  • Тәжіктер – 61 307;
  • Күрдтер – 52 077;
  • Қырғыздар – 41 459;
  • Шешендер – 35 436;
  • Поляктар – 33 928;
  • Қарақалпақтар – 32 189;
  • Башқұрттар – 20 229;
  • Ингуштар – 18 187;
  • Молдовандар – 17 107;
  • Армяндар – 16 379;
  • Гректер – 12 065 адам.

Қорыта келгенде, Қазақстанды мекен ететін этникалық топтардың басым көпшілігі азшылық санатқа жататыны, ал, демографиялық ұстындар саналатын ірі қауымдастықтар көп емес екені айқындалды.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2026 жылдың наурызындағы жағдай бойынша Қазақстандағы ірі ұлттарға мына 9 топ қана жатады:

  • Қазақтар – 14 664 202 адам (оның ішінде ерлері – 7 257 166, әйелдері – 7 407 036);
  • Орыстар – 2 943 022 (1 347 767 ер және 1 595 255 әйел);
  • Өзбектер – 695 557 (347 861 және 347 696);
  • Украиндар – 367 547 (166 559 және 200 988);
  • Ұйғырлар – 309 164 (152 471 және 156 693);
  • Немістер – 222 890 (105 841 және 117 049);
  • Татарлар – 218 361 (99 629 және 118 732);
  • Әзербайжандар – 157 568 (81 162 және 76 406);
  • Корейлер – 120 821 (тиісінше 58 027 және 62 794) адам.

Нәтижесінде, Қазақстан халқының жалпы санындағы қазақтардың үлесі қазіргі уақытта 71,53%-ды құрайды. Бұл ретте қазақтардың көпшілігі – 9 024 825 адам қалаларда тұрады, ал, ауылдық жерлердегі қазақтардың саны 5 639 377 адам.

Орыстар келесідей орналасқан: қалаларда – 1 024 953 адам, ауылдарда – 666 902. Өзбектер мен украиндардің қалаларда өмір сүретіні – тиісінше 366 355 және 246 331 адам, ауылдық жерлердегісі – 329 202 және 121 216.

Бұл деректер халықтың тек этникалық болмысын ғана емес, сонымен бірге оның кеңістік пен географиялық тұрғыда бытырай не шоғырлана орналасу ерекшелігін тануға жол ашады. Мұндай мәліметтер елдегі әлеуметтік және экономикалық үдерістердің ішкі иірімдерін терең түсіну үшін аса маңызды.

Жаңа Конституциямызда ортақ тарихи тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігін құрғаны бекітілді. Бұл тұжырым, бір жағынан, мемлекет құраушы ұлттың тарихи миссиясын айшықтаса, екінші жағынан, ел ішіндегі табиғи алуантүрлілікті пайымдап, қапысыз қабылдаудың берік негізіне айналуға тиіс.

Қазақстан халқының бірлігі күні – жарқын болашақтың тек сындарлы ынтымақтастық пен өзара құрметтен, бір-бірімізді үнсіз ұғысу қабілетінен бастау алатынын ұғындыратын қастерлі мереке. Қарулы қақтығыстар қаулап, жаппай сенімсіздік пен геосаяси аласапыран белең алған аумалы-төкпелі заманда, дәл осы бейбітшілік пен адамзаттық ынтымақ біздің ең басты құндылығымыз әрі сарқылмас стратегиялық ресурсымыз болып қала береді.

Осынау нәзік те қастерлі бірлікті көздің қарашығындай сақтап, оны еселей түсу арқылы біз мемлекеттігімізді нығайтып, Отанымызды жасампаздық пен ортақ жауапкершілік ұялаған берекелі мекенге айналдырамыз. Сондықтан бүгінгі ең басты мұрат – Қазақстанның осы сан қырлы алуантүрлілігін айнымас бірліктің, асқақ қадір-қасиеттің және біртұтас ұлттық болмыстың қайнар көзіне айналдыру болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу