Қазақстанда тұрғын үй депозиттерін жеке банктерден де ашуға болады

146

Алайда бір шектеу бар. 

Қазақстанда тұрғын үй депозиттерін жеке банктерден де ашуға болады Фото: canva

Тұрғын үй депозиттерін енді екінші деңгейлі банктерден де ашуға болады. Тиісті түзетулер "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда көрсетілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңындағы 3-баптың 1-тармағы келесі мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылады. 

"Осы Заңның мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес алынған банк лицензиясы негізінде осы Заңның 5-бабы 1- тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын, тұрғын үй құрылысы жинақ банкі мәртебесіне ие емес екінші деңгейдегі банктер де тұрғын үй құрылысы жинақ банктері деп түсініледі", – делінген құжатта.

Оған сәйкес, енді екінші деңгейлі банктер тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына депозиттер қабылдап, салымшылардың шоттарын ашу және жүргізу сияқты функцияны атқарады. Сондай-ақ  баспана жағдайын жақсарту жөнiндегi іс-шараларды жүргізу үшін салымшыларға тұрғын үй, аралық тұрғын үй және алдын ала тұрғын үй заемдарын бере алады. 

Бірақ та, шектеу де бар. "Отбасы банкте" ашылған депозитке мемлекеттен жыл сайынғы сыйақы беріледі. Бұл ереже басқа банктерде қолданылмайды. 

Оған сәйкес, "Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" заңдағы 10-баптың 6-тармағы ("Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекеттiң сыйлықақыларын төлеудiң шарттары") келесі мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылады. 

"Осы баптың ережелері ҚР банк заңнамасына сәйкес алынған банк лицензиясы негізінде осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын тұрғын үй құрылысы жинақ банкі мәртебесіне ие емес екінші деңгейдегі банктерге қолданылмайды", – деп жазылған заңда.

Айта кететіні,  "Отбасы банк" жыл сайын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың салымына 20 пайыз көлемінде сыйақы беріп отырады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу