Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды жоба және түркі тілдер тобының ерекшеліктерін ескере отырып, әуелден ағылшын тілді шешімдерге бейімделмей әзірленген толыққанды жасанды интеллект моделі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Жасанды интеллект және даму министрлігіне сілтеме жасап.
Модель қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан және татар тілдерінің негізінде әзірленген, сондай-ақ бизнесте және мемлекеттік қызметтер көрсету барысында кең таралған түркі-орыс аралас сөйлеу барысында да тілдерді дәл таниды.
Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Орталық Азия елдері негізінен ағылшын тіліне бағытталған халықаралық ASR-модельдерді пайдалануға мәжбүр болды. Мұндай шешімдер түркі тілдерінің фонетикасын, акценттерін және аралас сөйлеу ерекшеліктерін жеткілікті деңгейде ескермей, дауысқа негізделген AI-сервистердің сапасын шектеп келді.
Cybernet AI бұл мәселеге өзге қөзқараспен қарады: компания өңір ішінде және өңір үшін арнайы модель жасап, оған қазіргі заманғы түркі тілдерінің лингвистикалық ерекшеліктерін енгізді.
"Біз ағылшын тілді модельдерді бейімдеуден саналы түрде бас тартып, табиғи, аралас ауызекі сөйлеуді бастапқыдан түсінетін ASR-модель әзірледік. Бұл шешімді жай ғана технологиялық өнім емес, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жергілікті экожүйесін және технологиялық егемендігін қалыптастыруға қосылған үлес деп қарастыруға болады", – деді Cybernet AI компаниясының техникалық директоры Рашид Исмаилов.
Жаңа ASR-модель үлкен көлемдегі дауыс коммуникацияларымен жұмыс істейтін бизнеске бағытталған: банктер мен қаржы ұйымдарына, телеком-операторларға, әртүрлі деңгейдегі байланыс орталықтарына, логистикалық және сервистік компанияларға, сондай-ақ халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік құрылымдарға арналған.
Әзірлеушілердің пікірінше, бұл модель клиенттерді қолдау арналары бойынша шығындарды азайтып, барынша сұранысқа ие дауыс форматында тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Модель қоршаған ортаның шуына, акценттерге және сөйлем барысында тіл ауыстыруға төзімді, сондай-ақ финтехтен бастап мемлекеттік қызметтерге дейінгі әртүрлі салаларда бірдей жоғары дәлдікті көрсетеді.