Қазақстанда үлкен жаңа университет ашылады

4952

Ол түркістандық университеттен "активтерді" тартып алуы мүмкін. 

Қазақстанда үлкен жаңа университет ашылады Фото: yandex.kz

Тоқаевтың тапсырмасы тағы да кешіктіріліп отыр. Президент Ұлытау облысына былтырғы 16 шілдедегі сапары барысында: "2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Жезқазған қаласында мемлекеттік техникалық университет ашу мәселесін қарастыр", – деп жаңа әрі жас министрге хаттамалық тапсырма берген болатын. Саясат Нұрбек оны орындауды тура бір жылға кешіктірмек. Бірақ енді Үкімет оның екі аяғын бір етікке тығатын түрі бар.

Ғылым және жоғары білім министрлігі "Ұлытау техникалық университеті" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы" Үкімет қаулысының жобасын осы ғана әзір етті.

Құжаттың аты айтып тұрғандай, оған сәйкес, елімізде Ұлытау техникалық университеті (ҰТУ) аталатын жаңа ғылым ордасы пайда болады.

Ол Жезқазған қаласында орналаспақ.

Жаңа университет жекеменшік емес, мемлекеттік болады. ҰТУ-ды Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарауына беру туралы шешім қабылданыпты. Тиісінше, кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың уәкілетті органы да сол болады, яғни оның дамуына Саясаттың өзі жауап бермек.

Қаулы жобасында көрсетілгендей, ҰТУ-ға "техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру саласында білім беру қызметтерін ұсыну" өкілеттігі беріледі. Демек, табыс көздері де жан-жақты болғалы тұр. Нақтырақ айтқанда, оған республикалық және жергілікті бюджеттерден түрлі бағдарлама аясында қаражат құйылуы мүмкін.

Жалпы, министрлік мамандарының мәліметінше, жаңа оқу орнын құру жұмыстары басталып кетті.

Алда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, жаңа ЖОО-ның жарғысын бекітеді. Сонымен бірге ҰТУ әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтеді. Саясат Нұрбектің командасы осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасез етуге тиіс.

Нәтижесінде, Ұлытау техникалық университеті алдағы 2023/2024 оқу жылынан бастап, өз студенттеріне есігін айқара ашуы шарт. Бірақ асығуға тура келеді, себебі мемлекеттік білім гранттары таратылатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің тегін өтетін үшінші кезеңі 2023 жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында ұйымдастырылады. Сол кезде ҰТУ мемгранттар үлестіретін мемлекеттік ЖОО-лар тізімінде болғаны жөн. Әйтпесе, талапкерлер оның басқа өңірлердегі бәсекелестерін таңдары сөзсіз.

Жаңа ғылым ордасының бой көтеруі ел Үкіметінің басқа да шешімдерін өзгертуді талап етеді. Мәселен, Үкіметтің 2000 жылғы 6 шілдедегі "Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесін бекіту туралы" №1021 қаулысы толықтырылады.

Осылайша, Қазақстанда ешқашан жекешелендірілмейтін, мемлекет меншігінде қалатын 36-шы мемлекеттік университет пайда болады. Әйтпесе, 2021 жылдан бері бұл тізімнен 10 мемлекеттік ЖОО шығарып тасталды.

Олардың көбісі мемлекет меншігінде қалатын, жекенің қолына беруге болмайтын ЖОО мәртебесінен 2019 жылдан бері білім саласын қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов басқарып тұрған тұста айрылыпты.  

Осылайша, ҰТУ Ғылым және жоғары білім министрлігі қарамағындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбесіндегі 30-шы университет болмақ. Қалғандары Денсаулық сақтау, Қорғаныс, Мәдениет және спорт министрлігі сияқты ведомстволардың қанатының астында.

Сарапшылардың айтуынша, ҰТУ – 2020 жылдан бері құрылып отырған алғашқы мемлекеттік университет болғалы тұр. Жалпы, мемлекеттік ірі университеттер мен институттардың барлығы дерлік кеңес заманында құрылған. Тәуелсіздік жылдарында тек басқару формасы өзгерді.

Отыз жылдан астам уақыт бойы кері үрдіс жүрді: Білім және ғылым министрлігінің тізгінін ұстаған министрлер ірі университеттерді майшелпек активтерімен бірге билікке жақын, ауқатты тұлғаларға үлестірумен болды.

Ал 2020 жылғы 1 қыркүйекте Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. Ол кезде мемлекет басшысы Қ.Тоқаев болатын. Бірақ оқу орнының сайтында университеттің "Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылғаны" атап өтілген: "Ақмола облысында өткен көшпелі кеңес отырысында Н.Назарбаев отандық туризм саласын дамытудың маңыздылығын айтып, туризм саласында тұңғыш бейінді университет құру жөнінде хаттамалық тапсырма берді". Ғылым ордасы Орталық Азияның ежелгі тарихи қалаларының бірі – үлкен туристік әлеуетке ие Түркістанда орналасқан.

Бірақ болашақта ҰТУ оған қарсылас атануы мүмкін. Себебі екінші Президент Ұлытауды туризмнің бір орталығы ретінде дамыту міндетін қойды. Тіпті халықтық парламент рөліне ие болуға тиіс Ұлттық құрылтайдың бейресми ордасы есебінде де Ұлытауды белгілегені мәлім.

Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлытау-2019" халықаралық туристік форумы барысында туризм саласында білікті кадрлар даярлау және Қазақстанда туризм университетін құру қажеттігін айтты. Ендеше Ұлытау университеті техникалық мамандықтармен шектеліп қалмай, туризм мамандарын даярлауға да кіріседі деп күтілуде.

Айтпақшы, Үкімет Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған түркістандық Халықаралық туризм және меймандостық университетін жекешелендірілмейтін мемлекеттік ЖОО тізіміне қоспады. Ал Ұлытау университеті ол тізімде бар.

Жалпы, жаңа университеттің мәртебесі жоғары болуы мүмкін. Оның басты серіктесі ретінде канадалықтарды тарту көзделген. Осыған орай таяуда Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы канадалық жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесті. Облыс әкімдігінің дерегінше, жүздесуде Жезқазған қаласында ашылатын мемлекеттік техникалық университетке қатысты бірқатар мәселе қозғалды. Алдағы уақытта техникалық ЖОО-ның Канада университеттерімен ынтымақтастық орнату жоспарда бар екен.

Бұл әріптестікке Канада билігі де мән беріп отыр. Сондықтан келіссөздерге Канаданың Қазақстандағы елшілігінің екінші хатшысы Eric Dione, Memorial University of Newfoundland халықаралық кеңсесінің директоры Sonja Knutson және Centre for Entertainment Art директоры Stuart McIlmoyle қатысты.

"Облыс әкіміне ЖОО-ның миссиясы мен міндеттері, академиялық компонентінен тұратын концепциясы, инновациялық және бірегей бағдарламаларды қамтитын болашақ университет тұжырымдамасы таныстырылды. Жаңадан құрылатын жаһандық бағдарланған университеттің заманауи кампусы болады. Мамандар бұл тұрғыда әлеуметтік-экономикалық жағдайлары ұқсас өңірдегі ЖОО құру тәжірибесін негізге алып отыр", – деп хабарлады әкімдік.

Бұл ретте "Тhe Ulytau Educational Foundation" қайырымдылық қоры да құрылыпты. Қор облыстық білім басқармасымен бірге, тиімді өзара іс-қимылы бойынша ұсыныстар енгізген. Жаңа ғылым ордасын құруға "Қазақмыс" және басқа олигархтар қаржы аударып жатқан ұлытаулық осы қор да қатысатын болса керек.

Берік Әбдіғалиұлы өңірде техникалық университет құру бойынша маңызды жобаны кешенді іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуге тапсырма берді.

Жаңа ҰТУ студенттерді 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қабылдайды деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу