Қазақстанда вакцинациялау міндетті болады

10144

Денсаулық сақтау министрі жаңа шешім қабылдады. 

Қазақстанда вакцинациялау міндетті болады

Биылғы 17 маусымда ел Парламенті денсаулық кодексін қабылдағанда, сенаторлар да, сол кездегі ДСМ басшысы Елжан Біртанов та халық пікіріне құлақ асқандарын, енді қазақстандықтар екпе егуге міндеттелмейтінін мәлімдеді. Сол уәдемен "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс 2020 жылғы 7 шiлдеде күшіне енді. Бірақ жағдай өзгеріп кеткенге ұқсайды.

Белгілі қоғам белсендісі Ирина Турова перзентін еккізуден бас тартқан ата-аналар қиындыққа жолыққанын айтады.

"Вакцинацияланбаған бүлдіршіндерді балабақшалар қабылдамай жатыр. Олардың арасында медициналық көрсетілімдері бойынша егілуге болмайтын балалар да бар. Осылайша, жас ұрпақ Конституциямен кепілдендірілген білім алуға деген құқығынан айырылды. Балабақшалардың медицина қызметкері мен емханалар жаңа кодекске сүйене отырып, балабақшаға қабылдау бойынша шектеулер қойды. Ата-аналар оқушы балаларын мектепке рәсімдеуде де проблема туындауда. Екпе паспортынсыз, яғни 063 формасынсыз мектеп құжаттарын қабылдамайды. Себебі, бұл рәсімдеулер электронды түрде жүруде. Жүйе құжаттардың ұзын тізбесін тегіс бекітпей өтінішті өткізбейді. Ал оның арасында екпе қағазы да сұратылады. Нәтижесінде, билік профилактикалық егілмесе, бала мектепке бармайды деп отыр", – дейді сарапшы. 

И.Турова осы мәселеге кезіккен ата-анала мыңдап саналатынын жеткізді.  

"Олардың бәрі абыржулы. Яғни, мемлекет балаларды денсаулық жағдайына, иммундық мәртебесіне қарай кемсітіп отыр. Бұған жол беруге болмайды. Өйткені ол балалар жаппай сырқат емес, жай ғана егілмеген, ешқандай дерті жоқ, инфекция тарату көзі болып табылмайды. Кінәсіздік презумпциясы неге сақталмайды?! Билік бұл балалар бәрібір ауырады және өзгелерге жұқтырады деп күнібұрын "сәуегейлік" жасайды. Дәл сол кезде АИТВ инфекциясы бар балаларға балабақшаға және мектепке өзгелермен тең-қатарлы баруға рұқсат етіп қойған. Жаңа кодекс балаларды егілген, егілмеген деп әр сортқа бөліп тастады. Мұны жойып, мемлекет балалардың бәріне тең жағдай туғызуға тиіс", – дейді қоғам белсендісі.  

Баласына вакцина салғызудан ата-аналар бекер ат-тонын ала қашып отырған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің өне-бойын жемқорлық жайлауы кесірінен тиімділігі мен қауіпсіздігі күмәнді, тек бағасы төмен, арзанқол вакциналар сатып алынған кезі кездесті. Қайталанбасына кепілдік жоқ.

"Мен Қарағанды өңірлік акушерлік-гинекологиялық орталығында биылғы жылғы 27 сәуірде төртінші баламды босанды. Сәбиге БЦЖ вакцинасын еккізді. Қолтық астындағы безі шошыды. Барлық емдерін қабылдадық, алайда нәтиже жоқ. Енді ота жасау керек дейді. 1,5 ай бойы бала қиналуда. Неге ол вакцина толық зерттеліп, тексерілмеген? Бұлай баласы үшін шырылдап жүрген жалғыз мен емес. Бала қиналып, түндерін ұйқысыз өткізуде. Біздің де жүйкеміз әбден тозды. Жоғары сотқа арыздануға дайынмын. Дәрі-дәрмектің бәрі ақылы. Көп балалы анамын. Сізден кінәлі адамдарды тауып, жазалауды және шығындарды өтеуді сұраймын", – деді денсаулық сақтау министрі А.Цойға хат жазған көп балалы ана Ұлбосын Аукенова.

Ал Алексей Цой болса, елдің бәрін вакцина салғызуға міндеттейтін Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі. Құжат "Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу тәртібін, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы" деп аталады.

Ол профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін және профекпелерді жүргізу ережесі мен мерзімдерін бекітеді.

Рас, екпе саны шамалы азайтылған. Мысалы, Е.Біртанов тұсында мынадай індеттерге қарсы екпені міндетті ету ұсынылған: "А" гепатиті (В15); "В" гепатиті (В16); b типті (В96.3) гемофильдік инфекция; дифтерия (А36); жатыр мойнының қатерлі ісіктері (С53); көкжөтел (А37); қызылша (В05); қызамық (В06); құтырма пневмококк инфекциясы (В95.3); полиомиелит (А80); сіреспе (А33-А35); туберкулез (А15-А19); эпидемиялық паротит (В26).

Ал А.Цой келесі екпелерді міндетті етпек ниетте: "Республикалық бюджет қаражаты есебінен мынадай инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер (вакциналар мен басқа да иммундық биологиялық препараттарды енгізу) жүргізіледі:

"В" вирусты гепатиті (В16);

b типті гемофильдік инфекция (В96.3);

дифтерия (А36);

көкжөтел (А37);

қызылша (В05);

қызамық (В06);

пневмококк инфекциясы (В95.3);

полиомиелит (А80);

сіреспе (А33-А35);

туберкулез (А15-А19);

эпидемиялық паротит (В26)".

Қорыта айтқанда, халық мейлінше қарсы болған "жатыр мойнының қатерлі ісіктеріне" қарсы қыз балаларға салынатын екпе ғана алып тасталып отыр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу