Қазақстанда жағармай әкету 20 литрмен шектеледі

7771

Энергетика министрлігі мұнай өнімдеріне қатысты жаңа тиым енгізетін бірлескен бұйрықтың жобасын жариялады.

Қазақстанда жағармай әкету 20 литрмен шектеледі

Қанат Бозымбаевтың ведомствосы сыртында, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика министрліктері келісімін беріп отырған бұл құжат шетелдіктердің және елімізден сыртқа өз автокөлігімен шығатын қазақстандықтардың мемлекетімізден мұнай өнімдері мен жағармайды құтылармен көп көлемде әкетуіне тосқауыл қоймақ.

Өйткені "Қазақстан аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бірлескен бұйрық жобасы бойынша Үкімет ел ішінен үлкен көлемдегі мұнай өнімдерімен шетелге кетуге уақытша шектеу қойғалы отыр.

"Техникалық шарттарға сәйкес орнатылған автомобиль көлік құралдарының бензин багы мен 20 литрден аспайтын жеке ыдыстарда әкету жағдайларын қоспағанда, Қазақстан аумағынан автомобиль көлік құралымен мұнай өнімдерін (ЕАЭО СЭҚ ТН коды – 271012-2710129008, 271019-2710199800, 271020-2710209000, 2710910000-2710990000) әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салу енгізілсін" делінген.

Еуразиялық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасы бойынша 271012-2710129008 кодына "жеңіл дистилляттар және өзге мақсаттарға арналған өнімдер" жатады.

Сонымен бірге, 271019-2710199800 кодына жағармай түрлері кіреді.

Бұдан бөлек, 271020-2710209000 кодына битумдік жыныстардан алынған мұнай және мұнай өнімдері, сондай-ақ пайдаланылған мұнай өнімдері топтастырылған.

Ал 2710910000-2710990000 коды құрамында полихлорбифенилдер, полихлортерфенилдер немесе полибромбифенилдер бар пайдаланылған мұнай өнімдерін қарастырады.

Бұл құжатты әзірлегенде, Үкімет "Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі туралы" заңының 6-бабы, 1-тармағының 11) тармақшасына сілтеме жасап отыр. Айта кету керек, 6-шы баптың 1-ші тармағы "ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіп-қатерлерге" қарсы тұруды қарастырады.

Соның ішінде 11-ші тармақшада "стратегиялық ресурстарды ел мүдделерiне кереғар пайдалануды қоса алғанда, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, инновациялық дамуға және инвестициялық белсендiлiктiң артуына кедергi жасау, капитал мен тауарларды елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкету, көлеңкелі экономиканың өсуі" жайында айтылған.

Тиісінше, құжатты қабылдау арқылы мемлекет осы мәселелерді шешуге ниеттеніп отыр.

Бұл тиымды шекарадан әрі асатын автокөліктер жүргізушілері мүлтіксіз сақтауы үшін кеденшілерге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен өзара іс-қимыл жасай отырып, осы бірлескен бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау жүктелмек.

Бұл шектеуді жүзеге асыруға Ішкі істер министрлігі де тартылатыны хабарланды.

Ал Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті осы бірлескен бұйрықты Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеген күннен бастап 10 күн ішінде онда көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынып отыруға міндеттеледі.

Тиымның орындалуын бақылау тиісті бағытқа жетекшілік ететін Энергетика, Қаржы, Ішкі істер вице-министрлеріне және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жүктеледі.

Болашақта тиым салу мерзімі ұзартылуы да ықтимал.

Жанат Ардақ