Қазақстанда жалған құжаттардың саудасы тоқтамай тұр

206

Жалғанды жалпағынан басып, жалған дүниелермен алдайтындардың саны азаймай отыр.

Қазақстанда жалған құжаттардың саудасы тоқтамай тұр Фото: Pixabay.com

Қазір қай желіге кіре қалсаңыз да, "3 күннің ішінде жүргізуші куәлігін жасап береміз, мемлекеттік базаға тіркеледі" немесе "бірнеше жылыңызды құртпай-ақ, кез келген оқу орнының дипломын жасап береміз" деген жарнамалар қаптап жүр.

Осылайша, білім саласындағы бірталай реформаларға қарамастан, жеңіл жолмен маман атануды тиімді санағандар, есесіне жеңіл жолмен ақша табатындар азаймай келеді. Таяуда ел аумағында 46 жалған диплом және оларды дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс әшкереленді. Демек, жалған дипломға әлі де сұраныс бар деген сөз.

Былтыр Түркістан облысында 500 мұғалімнің жалған дипломмен маман атанып, балаларды "оқытып" келгені мәлім болды. Биыл да 270-тен аса спорт жаттықтырушы мен басшылар ұсталған. Жалған дипломмен жұмыс істеп келген медбике де бар болып шықты.

Міне, содан кейін кадрлық әлеуетке тағы нұқсан келеді, ақшаның арқасында маман атанғандар медицина мен білім саласына еніп, жауапты қызметтерге жетіп, заңсыздықты көбейтеді. Мұндағы бір мәселе заңның осалдығында секілді. Өйткені Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша, жалған құжат жасағандар айыппұл төлейді, немесе әрі кетсе 2 жылға бас бостандығынан айырылады.

Жасырары жоқ, берідегі 10-15 жылдық шамасына дейін қоғамда уақытын шығындамай-ақ диплом сатып алу қалыпты үрдістің бірі секілді көрінді. Тиісті ведомство енді ғана Тәуелсіздіктен бергі құжаттарды тексерудің жүйесін құрды. Сол кезден бергі 3,5 миллионнан астам диплом базаға енгізілген. Ал ескі үлгіде берілген, иелері елеусіз жүрген құжаттардың саны беймәлім.

Дегенмен одан сескеніп отырған алаяқтар көрінбейді. Қазір де 200-250 мың теңгеге қалаған колледж не университет дипломын әзірлеп беретінін айтып, жарнама жасағандар, төлем қабылдап жатқандар жетерлік. Еш жерде тіркелмеген құжатты тапсырыс берушінің қолына ұстата салады.

Білім беру саласында осындай оқиғалар көбейген соң қазір мектептер жұмысқа алатын педагогтерінің оқыған жеріне хат жіберіп, дипломның рас-өтірігін тексеріп алатын болыпты.

Жалпы, былтыр Ішкі істер министрлігі 338 жалған диплом жасау фактісін анықтаса, 119 жағдайда жалған диплом иесін жұмыс берушілер өздері әшкерелеген. 392 адам жалған дипломмен бір жылдан кейін ғана ұсталған, тағы 30 адам бір жылға жетпей, ал 43 адам жұмысқа орналасу кезінде-ақ қолға түскен. Алдағы уақытта да анықталатын заңсыздықтың саны бұдан аз болмайтын секілді.

Білім беру саласындағы кей тетіктер де осы заңсыздыққа итермелеуі мүмкін. Мәселен, қазір орта мектептерде магистратураны оқыған мамандардың жалақысына қосымша үстемақы қосылады. Табысты ойлағандар сол себепті жалған дипломға тапсырыс беруі ықтимал.

Жарнамасы ашық жүріп тұрғанын айттық, бір қарағанда құзырлы органдарға олардың иесін ұстай салу оңай көрінгенімен, диплом туралы ақпарат таратқан кей сайттар шетелдерде тіркелген болып шығады.

2020 жылдан бері үкімет дипломдардың түпнұсқалығын онлайн тексеретін жүйе енгізді. Бұл жүйе Ұлттық білім беру деректер базасының негізінде құрылған. Енді биылдан бастап кез келген жұмыс беруші EPVO жүйесі арқылы дипломды оңай тексере алады. Жалған дипломға қатысты қылмыстардың көптеп ашылып жатқанына шамасы осы жүйелердің де әсері бар болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу