Қазақстанда жаңа геологиялық барлау компаниясы құрылды

20356

Қазақмыс Корпорациясының негізгі жұмыс істейтін өңірлеріндегі минералды-шикізат базасын толықтыру мен ұлғайту мақсатында 2018 жылдың қарашасында "Kazakhmys Holding" ЖШС-да жаңа "Kazakhmys Barlau" ЖШС геологиялық барлау компаниясы құрылды.

Қазақстанда жаңа геологиялық барлау компаниясы құрылды

"Kazakhmys Holding" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың шешімімен "Kazakhmys Drilling" және "Kazakhmys Exploration" ЖШС-ларының бірігуі есебінен корпорацияның еншілес кәсіпорындарының техникалық және кадрлық мүмкіндіктерін пайдаланып "Қазақмыс" тобы құрылымында геологиялық барлау компаниясын құру туралы шешім қабылданды.

Геология саласында айтарлықтай тәжірибесі бар, бұрын "Қазгеология" ұлттық геологиялық барлау компаниясын басқарған Нұржанов Ғалым Жұмабайұлы компанияның бас директоры болып тағайындалды.

Бүгінде даму стратегиясына сәйкес "Kazakhmys Barlau" кәсіпорны өз қызметін жұмыс істеп тұрған геологиялық барлау жобаларының қорларын арттыруға және 2030 жылға дейін Қазақмысты 5 млн тоннаға дейінгі мыстың жиынтық қоры бар жаңа кен орындарымен қамтамасыз етуге бағыттап отыр.

Компанияның басты құндылықтары – кадрлық ресурстар, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлемдегі ең үздік тәжірибелер мен стандарттарды қолдану.

Компания мыс, алтын, мырыш, қорғасын және сирек кездесетін металдарды іздеуге қатысты геологиялық барлау жобаларын іске асырумен айналысады.

Қазірдің өзінде алға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін компания кәсіби мамандарды біріктіріп, өзінің жеке өндірістік жабдықтау паркіне ие болып отыр. Сонымен қатар геологиялық барлау жұмыстарының толық циклін орындап, соның ішінде кен орындарын модельдеу мен халықаралық KazRC (JORC) стандарттары бойынша есепті әзірлеуге дейінгінің барлығын іске асыруда.

Бүгінгі күні Kazakhmys Barlau кәсіпорны Қазақмыс Корпорациясының Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев моноқалаларына жақын орналасқан негізгі қала түзуші кәсіпорындарында геологиялық барлау жобалары жұмыстарын бастап кетті. Жұмыс 11 нысанда: оның 7-і жаңа жоба, ал қалған 4-і корпорацияның жұмыс істеп тұрған жобаларында жүргізілуде. Жобаларды қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 4 млрд теңге.

Компания 2019 жылы жалпы көлемі шамамен 65 00 қ.м болатын бұрғылау жұмыстарын, көлемі 1000 қ.ш. жуық геофизикалық зерттеулер, 26 000 т.м тау жұмыстарын, 70000 сынақ бойынша зертхана жұмыстарын орындауды жоспарлап отыр.

Қазірдің өзінде жоспарланған көлемнен 167 ұңғыма бұрғыланған, оның 25-і іздеу жұмыстары болса, 147-сі шағын іздеу ұңғымалары. Сынақтан өткізу үшін 4583 сынама алынған.

Атқарылған осы жұмыстардың нәтижесінде алдағы уақытта әлеуеті бар бірқатар нысанды белгілеу көзделіп отыр. Олар одан әрі геологиялық барлау зерттеулерін орындау барысында нақтыланатын болады.

Сонымен қатар жаңа геологиялық барлау компаниясы алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірбие мен стандарттарды ескере отырып, пайдалы қазбалардың кен орнын іздеу мен барлауда, мәліметтерді өңдеуде озық технологиялар мен жабдықтарды жұмыстарында қолданбақ.

Торонто (Канада) қаласында өткен халықаралық тау-кен көрмесіне қатысу барысында "Kazakhmys Barlau" ЖШС басшылығы Канаданың геофизикалық компаниясымен 2019 жылдың дала маусымында инновациялық технологияларды қолдану арқылы геофизикалық жұмыстарды жүргізуге келісті. Бұл технологиялар Қазақстанда алғаш рет қолданылатын болады.

Қазіргі беталысты ескере отырып, "Kazakhmys Holding" ЖШС директорлар кеңесі компанияда жоғары технологиялық геофизикалық жабдықпен жасақталған және алдыңғы қатарлы әлемдік өндірушілерден бағдарламалық қамтамасыз етілген заманауи геофизикалық партияны, сондай-ақ процестерді автоматтандыру және цифрландыруға қатысты жобаларды іске асыру, халықаралық деңгейдегі сараптамалық зертхананы және функционалдық/жабдықталған жынысөзек қоймасы желілерін құруды жоспарлады.

Шетел тәжірибесін ескере отырып, "Kazakhmys Barlau" ЖШС бірлесіп ынтамақтастық жасау үшін юниорлық компаниялардың ұсынысын қарастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу