Қазақстанда жаңа коммуналдық қызмет пайда болуы мүмкін

223

Елордада тұрғындардың баспанасын қарызға жөндеп беретін мемлекеттік оператор құрылады.

Қазақстанда жаңа коммуналдық қызмет пайда болуы мүмкін Фото: pexels

Астана билігі көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеуін және лифтілерді ауыстыруды қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізуге дайындалу үстінде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Астанада пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің көппәтерлі тұрғын үйде лифтілерді жөндеуге және ауыстыруға, күрделі жөндеуге байланысты ақшаны қайтаруын қамтамасыз ету қағидалары" атты әкімдік қаулысының жобасы осы механизмді ресми бекітеді. Оған сәйкес, жөндеуге бөлінетін бюджет қаражаты іс жүзінде пайызсыз мақсатты бюджет несиесі ретінде қарастырылып, ол міндетті түрде қайтаруға жатады.

Елордада алғаш рет көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін жөндеуге жұмсалған шығындарды өтеу міндеттемелері меншікке салынатын кепілдік ретінде ресми түрде тіркелетін жүйе нақты белгіленіп отыр. Бұл төлем жай ерікті жарна емес, заңды түрде бекітілген қарыз болып есептеледі.

Бұған дейін елорда әкімдігінің тиісті қаулы жобасының қысқаша сипаттамасы биыл 21 қазанда "Ашық НҚА" порталында жарияланды, жария талқылау 13 қарашада аяқталды.

Жобаның негізгі мазмұнын inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді.

Жаңа қағидалар бойынша бағдарламаның негізгі әкімшісі әрі қаржыландырушысы Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы болып белгіленеді. Ол жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, күрделі жөндеу немесе лифтілерді ауыстыру жұмыстарын қаржыландырады, алайда бұл пәтер және коммерциялық нысан иелерінің үштен екі бөлігі жалпы жиналыста осындай шешім қабылдаған жағдайда ғана жүзеге асады.

Жалпы жиналыста тұрғындар қаражатты қайтару мерзімін 7 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта бекітуі тиіс. Бұл мерзім ұжымдық түрде белгіленеді және барлық меншік иелері үшін міндетті болмақ. Әрбір меншік иесіне тиесілі төлем мөлшері оның пәтері немесе кеңсесінің пайдалы алаңының барлық кондоминиумның жалпы пайдалы алаңына қатынасына пропорционалды түрде есептеледі. Бұл ортақ мүліктегі үлесінің мөлшеріне сәйкес келеді.

Жобаның операторы – "Өркен қала" ЖШС. Бұл ұйым үшжақты келісімшарттар жасайды және жұмыстың сапасын үй кеңесі таңдайтын техникалық қадағалау арқылы қамтамасыз етеді.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл ЖШС – Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын іске асыратын арнайы ұйым. Компания тұрғын үй қорының модернизациясы аясында күрделі жөндеу, шатырды ауыстыру, инженерлік желілерді, қасбетті жаңарту, лифті жабдықтарын ауыстыру жұмыстарымен айналысады.

Пәтермен бірге "жүретін" қарыз

"Өркен қала" ЖШС өкілдері inbusiness.kz ресми сұрауына берген жауабында ең маңызды жаңашылдық – қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету тетігі екені айтылған. Қағидалар жүргізілген жөндеу мен меншік құқығының арасында нақты заңды байланысты енгізеді. 

Оператор меншік иелерінде қаражатты қайтару міндеттемесі туындағаны туралы ақпаратты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына хабарлап отыруға міндеттеледі.

Тіркеуші орган бұл міндеттеменің бар екенін жылжымайтын мүлікке қатысты техникалық сипаттамаларда және мәліметтерде көрсетуі тиіс. Бұл әлеуетті сатып алушы пәтер құжаттарын тексергенде тұрғын үйде күрделі жөндеу бойынша қарызы бар екенін бірден көреді деген сөз.

Пәтердің меншік құқығы басқа тұлғаға өткен кезде қазіргі иесі тұрғын үйді сатқанға дейін күрделі жөндеуге қатысты барлық берешекті толық өтеуге міндетті. Берешек уақтылы төленбеген жағдайда, оператор қарызды өндіру үшін нотариусқа немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Револьверлік қағида және әлеуметтік көмек

Қаражаттың қайтарылуы қағидасының енгізілуі бағдарламаның өз-өзін қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретіні айтылған. Оператор қайтарылған қаражатты басқа кондоминиум нысандарындағы жөндеу және лифттерді ауыстыру жұмыстарына қайта бағыттап отырады. Осылайша бюджет қаражаты револьверлік қағида бойынша жұмыс істейді, бұл жөндеуді қажет ететін көпқабатты үйлердің санын кезең кезеңмен көбейтеді.

Жаңа қағидаларға сәйкес, әлеуметтік жағынан осал топтарды да назардан тыс қалмайды. Аз қамтылған отбасыларға заңнамада белгіленген тәртіппен күрделі жөндеу шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй көмегін алу мүмкіндігі көзделген.

"Өркен қала" ЖШС өкілдерінің сөзінше, жаңа ережелер елордадағы тозығы жеткен тұрғын үй қорының ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселесін реттеуге көмектеседі. Бұл жүйе тұрғын үйлерді уақытында жаңартуға мүмкіндік беріп, бюджет қаражатының сақталуын қатаң әрі бақыланатын қайтару механизмі арқылы қамтамасыз етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу