Қазақстанда жаңа мемлекеттік орган құрылатын болды

20225

Ол мекеме синтетикалық есірткінің таралуымен күреседі деп күтілуде.

Қазақстанда жаңа мемлекеттік орган құрылатын болды Фото: balashover.ru

Республикада нашақорлық проблемасы барған сайын ушықты. 2023 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткінің рекордтық көлемін тәркіледі. Ол 2022 жылғыдан екі есе көп болып шықты.

Былтырғы жылы ҰҚК айналымнан 3,6 тоннадан астам есірткі заттарын тартып алды. Осы мақсатта арнайы орган 150-ден астам операция жүргізген. Соның барысында 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу каналы жойылыпты.

Сондай-ақ 36 астыртын есірткі лабораториялары табылып, жойылған. Алдыңғы 2022 жылы ҰҚК синтетикалық есірткі өндіретін 28 зертхананы жойған болатын. Яғни, бұл шабылған бір басының орнына екеуі өсіп шығатын ертегідегі "тажалға" ұқсайды.

"Заңсыз айналымнан 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасауға пайдаланылатын химиялық реагенттер алынды. Алынған есірткінің "қара нарықтағы" бағасы 20 миллиард теңгеден асады деп бағаланды, оның көлемі шамамен 17 миллион бір реттік дозаны құрайды", – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Осы қылмыстарды жасады деген 101 адам сотталып, 169 қазақстандық пен шетелдікке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Заңсыз есірткі бизнесі елді нашақор ету сыртында, жастарды қылмыс әлеміне жұмылдырып жатыр. Жас қазақстандықтар, оқушылар отыратын танымал онлайн платформаларда, мессенджерлерде оларға есірткі сатушылар шығып, "тез табыс табуды" ұсынады.

Сарапшылардың айтуынша, есірткі саудагерлері балаларға белгіленген жерде жасырылған есірткі партиясын тауып алып, шағын дозаларға бөліп, көрсетілген жерлерге қайта жасыруды ұсынады. "Ешкім көрмейді, оңай қаржы табасың" деп алдайды. Осыған қызыққан жас ұсталып қалса, есірткі бизнесі тоқырамайды, орнын басқасы басады.

Бұл ретте "закладчиктер" тапсырыс берушілердің кім екенін білмейді, тек телефонмен байланысады, түрін көрмейді. Яғни, қылмыстық схеманы, жеткізілім тізбегін толығымен ашуды қалаған тергеушілер үшін пайдалы ақпарат бере алмайды. Салдарынан интернет арқылы сатып алатын клиенттерге есірткі дозаларын тасыған қаншама жас ұсталып, түрмеге отырып, тағдырын тәлкекке салуда.

Кеңес заманында қуғын-сүргін салдарынан әрбір төртінші азамат темір тордың ар жағында отырып келген деп саналатын. Мына қарқынмен есірткі әлемі қазақстандықтардың үлкен бөлігіне абақтыға "жолдама" таратып, тағы бір бөлігін нашақор етіп, өлтіріп тынатын түрі бар. Сөйтіп, есірткі бизнесі ұлт болашағына балта шабады.

Бұған тосқауыл қою үшін есірткіні ғаламтор, мессенджер сияқты заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен сататындарды әшкерелеумен айналысатын бірыңғай орган құрылмақ. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі арнаулы мемлекеттік органды құру бастамасын көтерген сенаторлардың ұсынысына жазбаша жауабында жария етті.

Үкімет басшысы "қазіргі уақытта есірткі, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары айналымы саласындағы уәкілетті орган" – Ішкі істер министрлігі екенін еске салды.

"ІІМ-де бұл функцияларды Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті орындайды. Негізінен синтетикалық есірткіні техникалық прогресс жетістіктерін пайдалану арқылы тарату үрдісі зор ауқымға жетті. Сол себепті Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде ІІМ жоғарыда аталған департамент базасында жаңа Комитет құру мәселесін пысықтап жатыр. Есірткімен күрес және профилактикалық қызметті күшейту мақсатында жаңадан құрылатын ведомствоға қосымша функциялар беру жоспарлануда", – деді Олжас Бектенов.

Премьер қатты өршіп кеткен есірткі жарнамасының жолын кесу үшін тиісті жұмыс пен күрес күшейтуді қажет ететінін мойындады. Бұл тараптағы мемлекеттің шаралары пәрменді болмаған соң, есірткі сатылатын сайттар, есірткі жасырынған жерлер еркін жарнамаланады: қалалардағы әрбір дерлік тұрғын үйдің қабырғасына, дуалдарға граффити, құпия сурет не жазба түрінде түсірілетіні құпия емес.

"2023 жылы ІІМ есірткі сайттарын жедел іздеу, оларды пайдаланушыларды және администраторларын анықтау үшін 21 аппараттық-бағдарламалық кешенді және басқа да техникалық құралдарды сатып алды. Биыл Telegram онлайн-платформасында есірткі сататын 24 интернет-дүкен және жалпы аудиториясы 50 мыңнан асатын 12 жарнамалық бот жойылды", – деді О.Бектенов.

Бұл салаға Үкімет басшылығында вице-премьер Тамара Дүйсенова жауапты болып бекітілген. Оның үйлестіруімен Ішкі істер министрлігінде жұмыс тобы құрылды. Соның аясында нашақорлықтың алдын алу және есірткіге байланысты қылмысқа қарсы 2 іс-қимыл, оның ішінде әлеуметтік және басқа интернет-ресурстар арқылы есірткінің таралу жолын кесу бойынша қосымша шаралар кешені әзірленетін болды.

Есірткі тасқынымен күресетін штаб құрылды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет есірткіге қарсы қызметті жетілдіруге бағытталған кешенді жоспарды бекітті.

Ол нашақорларды емдеу және оңалту, нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, оның ішінде синтетикалық есірткіні контактісіз жасырып кету тәсілімен тарату және электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану фактілерін анықтау жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов есірткінің синтетикалық түрлерінің таралуына қарсы іс-қимыл мәселелерін бақылауында ұстауға уәде етті.

Сарапшылар ең алдымен, шұғыл түрде оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін айтып, дабыл қағуда. Жалақысы жоғарылағанымен, жауапкершілігі төмендеген көптеген педагог өз оқушыларымен осы тақырыпта толымды әңгімелесе бермейді.

Бірнеше мектеп арасында жүгіріп, тентек-теліні тәртіпке келтірумен басы қатқан мектеп инспекторлары шәкірттерге есірткі тасып, тез табыс табудың соңы ұзақ жыл қапаста құса болуға соқтыратынын ұғындыра бермейді. Сенат депутаты Геннадий Шиповских осыған назар аудартқан еді.

"Мағжан сенген жастарымызды қазіргі "синтетикалық есірткі" деген бәлені тұтынудың жаңа трендінен сақтай алмай отырмыз. Синтетикалық есірткі – халықымыздың денсаулығына, ұлттық тегімізге, экономикамызға, құқықтық тәртіп пен мемлекеттік қауіпсіздігімізге өте зор қатер төндірді. Балалар ең осал орта болғандықтан қаскөйлер жас өскіндердің миын улап, синтетикалық есірткіні қолжетімді бағада ұсынып, интернет пен мессенджерлерде еш кедергісіз сатуда. Сондықтан біз мектеп, колледж, ЖОО-ларда оқушыларға есірткіні таратудың және алаяқтар уәде еткен жеңіл ақшаға ұмтылудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыруымыз қажет", – деді депутат Г.Шиповских.

Үкімет түсіндіру жұмыстарының жүргізілетінін, алайда ауқымы тар екенін хабарлады. Нашақорлықтың алдын алу жұмысы аясында жыл сайын елімізде 500 мыңдай адам ғана қамтылатын 9 мыңдай профилактикалық іс-шара өткізіледі. Колледж, университеттерді айтпағанның өзінде тек мектеп оқушыларының саны 3,9 миллионнан асады.

Мұнда әсіресе, жасөспірімдер мен жастарға, жетімдерге, кедей отбасыларда, әлеуметтік қолайсыз жағдайларда және өмірде қиын жағдайда жүрген жастарға ерекше көңіл бөлу қажет.

"Осы мақсатта білім беру мекемелерінің қызметкерлерін, сондай-ақ мектеп психологтарын даярлау процесін жолға қоюға ықпал ететін алдын алудың көп сатылы моделі құрылды. Оқу орындарында нашақорлықтың алдын алуды ұйымдастырудың халықаралық стандарттары зерделеніп, енгізілуде. 9-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен есірткіні қолданудың зиянды салдары туралы, сондай-ақ есірткі тұтынатын ортаға қосылмауы үшін балаларымен сенімді қарым-қатынас орнатудың әдістері туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Колледж, ЖОО-лар үшін есірткіге қарсы заңнама нормалары түсіндірілген видеодәрістер дайындалды", – деді Үкімет басшысы.

Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар белсенді тартылуда екен. Олардың өкілдері әкімдіктер жанындағы өңірлік ведомствоаралық штабтардың құрамына енгізілді. Бұл штабтар меморгандардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіреді.

Тек ресми статистика бойынша соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 келіден 1 тоннаға дейін өскен. Яғни, 2021 жылы тәркілеу көлемі 100 келі болса, 2023 жылы 1 тонна 100 келіге жетті.

Сонымен қатар, арнайы және құқық қорғау органдары 2021 жылы 17, 2022 жылы 68, 2023 жылы 81 есірткі зертханасын тапты. Бұл статистка бір жағынан, есірткіге қарсы күрестің жанданғанын, екінші жағынан, синтетикалық есірткіні өндіру және тарату бизнесінің күрт өскенін паш етеді.

Бүгінде Үкімет су тасқынына бас қатыруда. Шынында, ең үлкен қауіп – есірткі тасқынында. Қаскөйлердің бұл кәсібі қанат жайып, дамыған сайын саналы ұрпақтарымыздан айырылатынымыз даусыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу