Қазақстанда жаңа партиялар құрылғалы жатыр

9371

Саяси сахнадағы "градус" көтерілуде. 

Қазақстанда жаңа партиялар құрылғалы жатыр

Қазіргі кезде Қазақстанда ресми түрде жеті партия тіркелген. Бұлар – Елбасының "Nur Otan" партиясы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің "Ақ жол" партиясы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров басқаратын Қазақстан коммунистік халық партиясы, Серік Сұлтанғалидің "Бірлік" саяси партиясы, сенатор Әли Бектаевтың "Ауыл" партиясы, оппозициялық "Азат" және ЖСДП партиялары. Бұл ретте Болат Әбілов саясаттан кеткен соң "Азат" өз қызметін уақытша тоқтатты және соңғы бірнеше жылдан бері белсенділік танытпауда, "қалың ұйқыда" жатыр.

ЖСДП партиясын құрылғаннан бастап Мәжілістің экс-спикері Жармахан Тұяқбай басқарып келген. Президенттік сайлау қарсаңында Тұяқбайды Ермұрат Бапи ауыстырды. Алайда 2019 жылдың күзінде партия басшылығында тосын ауыс-түйіс болды: Бапи орнына партия өкілдері басқаны – Асхат Рақымжановты төраға етіп сайлады. Содан бері жалпыұлттық социал демократиялық партия екі рет үндеу жасады: бірі коронавирустың таралуына байланысты болса, екіншісі – "Беларустегі биліктің репрессиясына және арандатуына жоқ дейміз!" деп аталады.

Бүгінде Парламентте үш партия ғана ұсынылған: депутаттық мандаттың көбі – 84-і билеуші "Nur Otan" партиясына тиесілі. "Ақ жолдан" 7 және ҚКХП-дан 7 депутат сайланған. Қазақстан халқы ассамблеясынан 9 депутат отыр.

Бірақ алдағы қыркүйекте VI шақырылымдағы Парламенттің Мәжілісі өзінің соңғы сессиясына жиналады. Сондықтан келесі парламенттік сайлауға Қазақстан қазірден қызу дайындалуда.

Мысалы, осы аптада билеуші партия өзінің партиялық тізіміне кіретін тұлғаларды іріктеуге кірісті: елде "Nur Otan" праймеризі – партияішілік сайлау басталды. Алғашқы екі күн көрсеткендей, Мәжіліс депутаты болғысы келетін қазақстандықтар саны қырғын: үміттілер саны лезде 1000-нан асып кетті. "Nur Otan" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, олардың – 336-сы әйел, оның ішінде 20 көп балалы ана, 35 жасқа дейінгі 228 жас, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 8 азамат. Бастауыш партия ұйымдары 322 адамды ілгерілетіп жатыр, ал 717 кандидат өзін-өзі ұсынды.

Өзін-өзі ұсынушылар партия үміткерлеріне жол беріп, қарап отырмақ емес. Мысалы, жас кандидаттың бірі осы сайысқа "мұздай қаруланып" кіргенін: көмекшілері, тұтас пиар-командасы, журналистері және басқасы барын мәлімдеді. Спичрайтерлерге деген сұраныс өскен.

"Апам тойға барады, мен де барам" дегендей, парламенттік дода дүрмегіне жаңа партиялар қосылмақ ниетте. Олардың жетекшілері әділет министрі Марат Бекетаевты шабуылдап жатыр. Өйткені партия тіркеу ісін осы меморган шешеді. Бірақ Статиден оңбай жеңіліп, басы қатып жатқан ведомство басшысы үнсіз.

Жаңа партия құрушылар не дейді?

"Негізі, "Саяси партиялар туралы" заңының 3-бабына сәйкес Қазақстан азаматтарының саяси партияларға бiрлесу құқығы бар. Осы құқығымызды пайдаланып, бастамашы топ "Республика" атты партия құруды бастадық. Алайда қазіргі пандемия жағдайында өз құқымызды толыққанды пайдалануымызға бірқатар шектеу бар. Дегенмен еліміздегі саяси процестер карантин кезінде тоқтап қалған жоқ. Мемлекеттік органдар, Үкімет тарапынан заң жобаларын талқылау, сайлау науқанына дайындық іс-шаралары атқарылып жатыр. Ал азаматтардың саяси процестерге қатысу мүмкіндігі шет қалуда", – дейді қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова.

Сонда әзірге қозғалыс мәртебесі бар бұл бірлестіктің өкілдері неге мұндай байламға келіп отыр? Заңға сәйкес, саяси партия құруға ниетті бастамашы топ өз өтінішін қағазға басып, министрлікке тапсыруы керек. Электронды түрде қашықтан жібере салу қарастырылмаған.

"Коронавирус пандемиясына байланысты бұрын қағаз жүзінде жүргізілетін көптеген қызметтер онлайн режимге, электронды нұсқаға өтті. Мемлекет бұл бағытта азаматтардың өтінішін қанағаттандыру, құжаттама жұмыстарын жеңілдету мақсатында электронды құжаттама жұмыстарын тиімді жүргізуге мүдделі болуы қажет. Біз, партия құруды жоспарлап отырған бір топ азамат қазіргі жағдайға байланысты аймақтардан қол жинау жұмыстарын электронды тәсілмен жүзеге асыруды қалаймыз. Сондықтан басқа да құжаттама жұмыстарын электронды нұсқаға ауыстырған сияқты біздің топқа да аймақтардан қол жинау жұмыстарын осы нұсқада жүргізуге рұқсат беруін сұраймыз", – дейді белсенді.

Биліктің бұл ұсынысты қабылдары не қабылдамасы белгісіз. Тіпті мақұлдағанның өзінде Мәжіліс сайлауына дейін заңнамаға өзгеріс енгізілмей қалуы мүмкін.

Журналистерге сұхбатында жаңа партия құру бастамашыларының бірі Бэлла Орынбетова өз партиясының ДВК секілді оппозициялық қозғалыстардан өзгешеленетінін, яғни конструктивті-байсалды ұстанымда болатынын жеткізді. Олар Қазақстанның президенттік басқарудан парламенттік билік нысанына өтуіне ұмтылмақ. Бұдан бөлек, адам құқықтарына, білім беру және денсаулық сақтау мәселелеріне бірінші кезекте мән беретіндерін айтады. 

Тағы бір бастамашыл топ "HAQ" партиясын ашуға белсенуде. Жаңа партия құрушы бастамашыл топтың басшысы Тоғжан Қожалиеваның ұстанымы бұған кереғар: олар қолданыстағы "президенттік-парламенттік басқару формасын" сақтау қажет деп табандайды. Дегенмен, олар қолданыстағы Конституцияны өзгерту керек деген пікірде. 

"Біз күні бүгінге дейін Ата заңға енгізілген өзгерістерді талдадық. Оның 60 пайыздан астамы – 1995 жылғы бастапқы нұсқасын түзету ғана. Сондықтан жаңасын қабылдау қажет. Жаңа Конституцияда біз Қауіпсіздік кеңесін қалдырамыз, бірақ ол тек бір адамға тәуелді болмауға тиіс", – деді Тоғжан Қожалиева "Азаттық радиосына" берген сұхбатында.

Қалай болғанда, Қазақстанда жаңа партия ашу ісі біраз жеңілдеді. Енді ол үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың адамның қолын жинаса жеткілікті. Ендеше Парламент сайлауы қарсаңында басқа да ықтимал партия атаулары елге жария етілуі әбден мүмкін.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу