Қазақстанда жаңа шекаралық өткізу пункті пайда болады

24269

Ол Түркия мен Орталық Азиядағы бауырластарға арналады. 

Қазақстанда жаңа шекаралық өткізу пункті пайда болады

Үкімет "Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктерінің және Қазақстан аумағында көліктік бақылаудың стационарлық бекеттерінің тізбесін" өзгертуге кірісті. Осылайша, атқарушы билік жаңа өткізу бекетін ашуға әзірленіп жатыр. Ол жаңа әуежайда құрылмақ.

Осы мақсатта "ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы өткiзу пунктерінің және ҚР аумағындағы стационарлық көлiктiк бақылау бекеттерінің тiзбесiн бекiту туралы" Үкіметтің 2013 жылғы 9 шілдедегі №697 қаулысына толықтыру енгізетін жаңа қаулы жобасы жария етілді.

Құжат қолданыстағы қаулыға екі сөз ғана қосады: атап айтқанда, өткізу бекеттері тізімінде "Түркістан қаласы" деген тіркес пайда болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, Түркістан облысының орталығындағы жаңа халықаралық әуежайды пайдалануға беру 2020 жылдың қазан айына жоспарланған.

Бұл маңызды жоба Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бекіткен арнайы "жол картасына" сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Мәселені тиісінше, Роман Васильевичтің өзі бақылауда ұстайды.

Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда 20 халықаралық және негізгі әуежай ғана бар. Өңірлік-жергілікті әуе қақпаларын қосқанда, жалпы саны қырықтан асады.

Кеңес кезінен бертінге дейін Түркістанда өңірлік әуежай ғана болды. ИКАО бекіткен коды UAIT деп жазылатын. Мамандардың айтуынша, оның ұшу-қону жолағы небары 1 800 метрді құрайтын. Салыстыру үшін айтсақ, тағы бір өңірлік-жергілікті әуежай – 1990 жылдары қараусыз қалған және бүгінде ірі мұнай-газ кенорындарын игеру жұмыстары кезінде ұшақтар мен тікұшақтар қонатын алаң ретінде қолданылатын Маңғыстау облысындағы Бозащы (Қаражанбас) әуежайының ұшу-қону жолағы 2300 метрді құрайды.

Ұшу-қону жолағының классификациясы бойынша түркістандық ескі әуежай үшінші, В класына ғана жатады.

Ал облыс орталығынан 20 шақырым жерде, "Түркістан" арнайы экономикалық аймағы аумағында салынып жатқан осы аттас жаңа халықаралық әуежайдың сыныбы әлдеқайда жоғары болмақ.

Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы 20 маусымда 17-ші жаңа өңірді құру туралы жарлығы жария болғаннан кейін, Үкімет онда халықаралық әуежай салу тұрғызу туралы шешім қабылдады. Бұл 2018 жылдың 29 желтоқсанында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарында бекітілді.

Жаһандық пандемияға қарамастан, терминал құрылысы қызу жүріп жатыр. Өйткені бұған бюджеттен көп қаржы шығындау қарастырылмаған. Тиісінше, биылғы бюджет секвестрі залалын тигізбеді. Жоба МЖӘ тетігі бойынша іске асырылуда.

Түркістанның жаңа әуе қақпасы 905,3 гектар жерді алып жатыр. Бұл тіпті бірқатар тәуелсіз мемлекеттердің жерінен де үлкен. Мысалы, Ватикан мемлекетінің аумағы небары 44 гектар, ал Монако княздығы 200 гектар жерде орналасқан.

Жасанды ұшу-қону жолағының ұзындығы 3 мың 300 метрге жетуге тиіс. Бұл А санатына жатады. ҰҚЖ-сының ені 45 метр болмақ.

Терминал алаңы – 10,5 мың шаршы метрге созылып жатуға тиіс.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Түркістан халықаралық әуежайының өткізу қабілеті – сағатына 450 жолаушыны құрайды. Оның көбі Түркиядан және Орталық Азиядағы көршілес елдерден қасиетті Түркістанға тәу етіп келетін зияратшылар, саяхатшылар болады деп күтілуде.

Туристерді көп тарту үшін терминал сондай-ақ шетелдіктерді шекарадан өткізу міндетін қоса атқаратын болады. Үкіметтік "жол картасының" 6.8-тармағына сәйкес осы жаңа әуежайды "Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің тізбесіне енгізу" белгіленген.

"Негізі, "Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы" заңы бойынша мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiктерді, жүктер мен тауарларды өткізу арнайы өткізу пунктерiнде жүргізіледі. Ондай бекеттер ел заңнамасына және Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға сай ашылады. Ондай өткізу орнын Үкімет анықтайды. Осыған байланысты тиісті жоба әзірленіп отыр. Оны қабылдау Түркістан қаласында Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, автокөліктерді, жүктерді және тауарларды өткізу үшін құқықтық негіздің іргесін қалайды", – деді министр Бейбіт Атамқұлов.

Таяуда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа халықаралық әуе қақпасының құрылысын бақылап қайтты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында "Turkistan International Airport" ЖШС салып жатқан әуежай алаңында 341 құрылысшы маман және 106 арнайы техника жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта 3 қабатты жолаушылар терминалының металды конструкциясын монтаждау толық аяқталыпты. Қабырғалары 60% дайын екен. Оларды қыштақталармен қаптау жұмыстары басталған.

Бұдан бөлек, ұшу-қону жолағын асфальттау жұмыстары жартылай, 50%-ға тәмамдалған.

Жауапты компания әуежай құрылысы кешікпей, кестеге сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Осы халықаралық әуежайдан Меккеге екі күнде бір рет жиілігімен тікелей әуе қатынасын жолға қою қарастырылып жатқаны белгілі болды. Қасиет пен кие қонған қос мекенді өзара байланыстыру астарында символдық мән жатса керек.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу