Қазақстанда жаңа спорт түрі пайда болып, тіркеуден өтті

1060

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады. 

Қазақстанда жаңа спорт түрі пайда болып, тіркеуден өтті Фото: advantour.com

Сонымен бірге, бұл спорт түрінде жарақат алушылық көрсеткіші жоғары көрінеді, соның ішінде тіпті адам өлімі тіркелген. Сондықтан Үкімет көкпар спортындағы қауіпсіздік пен құқық бұзушылықты реттеу мақсатында тиісті шараларды іске асыруға кірісті.

"Қазақстанда "Жаппай көкпар" ойыны ресми спорт түрі ретінде танылып, мемлекеттік спорт түрлерінің тізіліміне енгізілді. "Қазақстан Республикасының жаппай көкпар федерациясы" қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестігі ресми түрде аккредиттеуден өткізіліп, құқықтары мен міндеттері "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңымен бекітілді. Осы заңға сәйкес, аккредиттелген ұлттық спорт федерацияларына ел аумағында тиісті спорт түрі бойынша спорттық іс-шараларды қауіпсіздік талаптарын сақтап өткізу міндеті жүктеледі", – деп мәлім етті Аида Балаева.

Жаппай көкпар федерациясын Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров басқарады.

Бұған қоса, көкпар спортының қағидасы ресми келісімнен өткізіліп, қолданысқа енгізіліпті. Жаппай көкпар бойынша барлық талаптар қарастырылып, іс-шараларды өткізу тәртібі, қатысушылардың саны мен жасы, төрешілерге, шабандоздарға, аттарға қойылатын талаптар заңнамалық түрде бекітілді.

Вице-премьердің түсіндіруінше, өңірлерде көкпар спортынан спорттық іс-шараларды тек әкімдіктердің рұқсатымен ғана өткізуге жол беріледі. Сондай-ақ жарыс бағдарламасы мен басқа да егжей-тегжейі жергілікті спорт басқармасының және аккредиттелген өңірлік федерацияның келісімінен өтуі шарт.

Сайыс бекітілген ережеге толық сай және жергілікті медицина, ветеринария, полиция қызметкерлерін жұмылдыра отырып, ұйымдастырылуға тиіс.

Балаева өңірлерде көкпар мен жаппай көкпардан ұйымдастырылатын спорттық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп, медициналық және ветеринарлық бақылау, сонымен қатар, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жергілікті әкімдіктердің қатаң бақылауына алынатынын жеткізді.

"Сонымен бірге реттелген нормалар мен белгіленген ережелерге қарамастан, жаппай көкпар ойындарын бейресми өткізу және ойын ережесін бұзу фактілері де орын алуда. Биылғы жылғы 26 мамырда Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Р.Қошқарбаев ауылында жергілікті уәкілетті органдардың келісімінсіз, жергілікті тұрғынның жеке бастамасымен көкпардан оқу-жаттығу шарасы өткізіліп, оның соңы 14 жастағы баланың өліміне соқтырды. Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар аталған спорттық іс-шараны жергілікті уәкілетті органдардың келісімінсіз, "Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті" меншігіндегі жер учаскесінде өткізген", – деді вице-премьер.

Оның дерегінше, қазіргі кезде аталған іске қатысты Ақмола облысының Полиция департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. Аида Балаева тексеріс нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді. Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына өңірдегі жаппай көкпар спортын қатаң бақылауға алу жүктелді.

"Бүгінгі таңда "Жаппай көкпар" федерациясының аккредиттеу куәлігі Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетінің 2026 жылғы 15 маусымдағы №211 бұйрығымен 1 ай мерзімге тоқтатылды. Сондай-ақ көкпар ұлттық спорт түрі бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, осыған дейін туындаған мәселелер шешімін тапқандығын хабарлаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады", – деп мәлім етті Үкімет басшысының орынбасары Балаева.

Ұлтымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көкпар ойыны – ұлттық рух пен болмыстың, ұлттық сананың ажырамас коды. Бірақ депутаттар оны барынша қауіпсіз етуді ұсынып отыр.

Олар бүгінде жаппай көкпардың ауқымы кеңейіп, халық қызығушылығы жоғары мәдени-спорттық шараның біріне айналғанына назар аудартты. Әсіресе Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облысында жаппай көкпар кең таралған.

"Осы өңірлерде өткен жылдың қараша-желтоқсан айында 130-ға жуық, биылғы наурыз-сәуірде ғана 80-нен астам ресми ойын тіркелді. Бұл – есепке алынған жарыстар ғана! Бұдан бөлек, ас пен той аясында өткізілген бақылаусыз көкпар да жетерлік. 2025 жылдан бастап бұл саланы реттеу бағытында бірқатар шара қабылданып, "Жаппай көкпар" федерациясының қызметі жанданды. Алайда іс жүзінде ортақ ереже сақталмай келеді. Көп жағдайда ойын барысында күш көрсету алдыңғы орынға шығып, федерацияның үйлестіру жұмысының әлсіздігін байқатады", – деді Мәжіліс депутаты Болат Керімбек.

Ол сондай-ақ көкпар ұйымдастырушылар қатысушылардың жас ерекшелігін ескермейтінін, олардың саны да шектелмейтінін қаперге салды. Кей жағдайда 400–500 адамнан бастап 1 500–2 000 көкпаршыға дейін қатысатын аламан ойындар өтеді. Мұндай жағдайда спорттық тәртіп пен қауіпсіздік талабын сақтау қиын. Қарбаласта, алас-күлес, апыр-топыр, шаң-тозаң арасында кімнің құлап, ат тұяғының астында қалғанын байқай бермейі мүмкін.

Мәжілісмендер бұдан басқа да проблемаларды нұсқады:

• Көкпар жылқысын баптау мен пайдалану тәртібі де нақты реттелмеген;

• Атқа күш қолдану, қамшымен аусыз ұрып-соғу, допинг пайдалану, қарсыласының атын әдейі соғу дерегі жиі кездеседі;

• Қатысушылар денсаулығына қауіп төнуі мен жылқының жарақат алуы ықтимал болғанына қарамастан, медициналық көмек көрсету тәртібі толық реттелмеген.

Мұндай жайттар жаппай көкпар өткізу кезінде қауіпсіздік, ұйымдастыру және бақылау мәселесінің көкейкестілігін көрсетті. Сонымен қатар депутаттар ұйымдастырушылардың жауапкершілігін заң жүзінде бекітуді, медициналық және ветеринарлық сүйемелдеудің бірыңғай стандартын енгізуді, рұқсатсыз өткізілетін ойынға бақылауды күшейтуді маңызды санайды.

Осы аптада депутаттық өкілеттігінің мерзімі аяқталатын мәжілісмен, Жаппай көкпар федерациясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровқа өз әріптестері мен Үкімет нұсқаған барлық кемшіліктерді тездетіп жоюға тура келеді. Әйтпесе, 15 шілдеден кейін де федерацияға көкпар ойындарын өткізуіне енгізілген тыйым ұзартылуы мүмкін.

Қазіргі кезде атақ пен даңққа құмартқан, бедел іздеген кейбір игі жақсылар, ығай мен сығайлар дүбірлі ас пен ірі мерейтойларда ғана емес, перзентінің тұсаукесері мен мектеп табалдырығын аттауы сияқты отбасылық қуаныштарында да ат тұяғын дүркіретіп, жаппай көкпар ұйымдастыруды әдетке айналдырды.

Ауыл іргесі мен қала шетінде жүздеген шабандозды жиып, көкпар тарту – әбес іс емес, бағзыдан қалған ата-баба дәстүрі мен мирасының қазіргі көрінісі екені даусыз. Ендеше ұлыстың ұлы өнері ұлықталсын, дүбірлі той өткізілсін, алайда оның барысында елдің амандығы мен тәртіптің темірдей талаптары қатаң сақталуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу