banner

"Қазақстанда жасалған" президенттік бастамасы сөрелерді жаулайды

3756

Үкімет отандық тауарлар сататын гипер, супермаркеттер құрылысына кредиттерді бюджеттен субсидияламақ. 

"Қазақстанда жасалған" президенттік бастамасы сөрелерді жаулайды Фото: egemen.kz

"Қазақстанда жасалған" жалпыұлттық науқаны 2010-шы жылдардың басында бірінші Президенттің бастамасымен іске қосылған болатын. Н.Назарбаев соның аясында отандық өнімдерді алдымен өз елімізде танымал етіп, артынша аталған брендті әлемдік нарықта ілгерілетуді тапсырды. Осы жобаға "Бизнестің жол картасы" және басқа да бағдарламалар аясында қыруар қаржы бөлінді.  

Ақырсында билік жап-жақсы идеяны көзбояушылыққа, тіпті абсурдқа айналдырды. Президент тапсырмасы сөз жүзінде орындалды. Әкімдер құрған мониторинг топтары өз аумақтарындағы ірі сауда орындарын аралап, оларда "Қазақстанда жасалған" науқанының эмблемасы жапсырылған сөрелердің көп болуын қадағалады. Алайда ол сөрелерде қандай тауарлар орналастырылғанына мән бергені аз болды. Мысалы, ақпарат құралдары Magnum, Silk Way және басқа сауда желілері "Қазақстанда жасалған" брендіне бөлінген сөрелерде Ресей, Беларусь тауарларын сатып жатқанын анықтады. Сөрелерді отандық емес, одақтастардың өнімдері жаулап, Қазақстанды өз аумағында ығыстырды.

Кейін бұл бастама сиырқұйымшақтанып барып, жойылды. Оның жапсырмасын кейбір супермаркеттер кейбір тауарларға клиенттердің көзін тарту үшін өз бетінше қолданып жүр.

Енді бұл бастама жаңа Президент тұсында қайта жанданатынға ұқсайды.

Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігі Үкіметтің қолданыстағы қаулыларына, соның ішінде "Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" 2018 жылғы 11 желтоқсандағы және "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынып отыр. Үкіметтің жаңа қаулысымен қабылданғалы тұрған бұл ұсыныстар "тумай жатып, туа шөккен" бастаманы жандандыруға бағытталған.

Құжат 2025 жылға дейінгі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бизнестің алған кредиттерінің сыйақы ставкасының бір бөлігін субсидиялауды қарастырады. Бұл игіліктің қызығын кем дегенде 1 мың шаршы метр сауда орнын: сауда орталығын, гипермаркеттерді, басқасын ашатын компаниялар көре алады.

""Мамандандырылмаған дүкендерде басымдықты түрде тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату" экономикалық қызмет түрі бойынша кәсіпкерлер іске асыратын, ауданы кемінде 1 мың шаршы метр болатын құрылыс жобаларын субсидиялауға рұқсат етіледі. Сауда орталықтарын, қазіргі заманғы форматтағы сауда объектілерін және сауда саласындағы көпфункционалды кешендерді (сауда ойын-сауық орталықтарын қоспағанда) салу, кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау және банктер мен олардың еншілес ұйымдарынан сатып алу жобаларын субсидиялауға жол беріледі", – деп жазылған жаңа құжатта.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл "қазіргі заманғы форматтағы сауда алаңдарын ұлғайту және "Қазақстанда жасалған" таңбасы бар отандық тауарларды ілгерілету мақсатында" жасалып отыр.

Құжатта жобалар қандай шарттарға сәйкес келуге тиістігі, критерийлері көрсетілген. Ең бастысы, бюджеттен субсидия алатын сауда орталықтарында, заманауи форматтағы сауда объектілерінде, сауда қызметіндегі көпфункционалды кешендерде "объектінің аумағында "Қазақстанда жасалған" деген таңбасы бар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды өткізуге арналған сауда орындарының болуы" міндетті. Сондай-ақ оның аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сатылуы шарт.

Бағдарлама аясында жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден аспайтын 1 бизнес-жоба аясында бір өңірде орналасқан 2 немесе одан да көп объектілерді салуға немесе сатып алуға рұқсат етіледі.

Нақты бір жобаға қатысты субсидиялау туралы оң шешім қабылданса, онда кәсіпкердің міндеттемесі бекітіледі: оған сәйкес, жоба қожайыны біріншіден, бюджетке төленетін салықты, яғни корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын арттыруға, екіншіден, жұмыс орындарының санын және еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға міндеттенеді. Бұл салық декларациясы және БЖЗҚ-ға аударылатын зейнетақы жарналары арқылы тексеріледі. Үшіншіден, 2 жыл өткен соң "Қазақстанда жасалған" таңбалы азық-түлік және азық-түліктік емес тауарларға арналған сөрелер көлемін 10 пайызға көбейтуге тиіс.  

Егер мониторинг нәтижесінде отандық тауарларға арналған сөрелерді артынша жоя салғаны анықталса, онда субсидия төлеу тоқтатылды.

Дегенмен, бұл жерде тағы да басшылыққа сөрелердің, "сауда орындарының" болуы алынып отыр. Ал онда тағы ресейлік тауарлар сатылмасына кім кепіл? Ендеше Әлібек Қуантыровтың командасы супермаркеттер қожайындарына ел қаржысын үлестіруге асықпай, оларға қойылатын талаптарды тағы бір пысықтап алса жөн.

Әзірге бұл жобаға қанша миллиард бөлінетіні белгісіз. Ұлттық экономика министрлігі өздері ұсынған жобаны республикалық бюджеттік комиссия алдағы отырысының бірінде қарайды деп күтіліп отырғанын жеткізді.

Сонымен бірге, отандық танымал супермаркеттер желісінің менеджері Олжас Садырбай отандық тауарларды табу оңай еместігін айтады. 

"Біз ара-тұра отандық тауар өндірушілерге арнап, акциялар өткізіп тұрамыз, сөрелерге өз өнімін қоюда жеңілдіктер береміз. Бірақ отандық тауарды жеткізуде іркілістер туады. Өнімді аптап ыстықтан бұзылып кеткен, аязда тоң болып қатып қалған, немесе тауарлық сипатын жоғалтқан күйде жеткізіп жатады. Біз ондайды сөреге шығара алмаймыз. Жоғары талап қоямыз, әйтпесе, сатып алушылар дүкендерімізден теріс айналады. Оларға рефрижератор және басқа да арнайы жүкті тасымалдайтын көлік сатып алуға кеңес береміз. Олар талапты орындау орнына теріс айналады. Тауарды аз әкеліп, соңынан жеткізілім ағынын сұйылтып жіберетіндер бар, салдарынан сөрелер бос қалады. Ол да клиентті теріс айналтады. Отандық өндірушілер өз ісіне жауапты қарағаны жөн", – деді Олжас.

Сөрелерге қоятын жергілікті тауарлар көлемі мен ассортиментін арттыруда көрші қырғыздың тәжірибесі қызықты. Таяуда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының делегациясы Қырғызстанға арнайы барып, көршіде 2007 жылдан бері іске асырылып жатқан жапондық "Бір ауыл – бір өнім" жобасын зерделеп қайтты. Сапар барысында ҰКП қызметкерлері жоба аясында жергілікті өнім өндіретін цехтар мен шеберханаларды аралады. Өңірлік бренд-комитеттер мен Қырғызстанда жасалған тауарларға маманданған дүкендердің жұмысымен танысты. Жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қоғамдастықтың және "Бір ауыл – бір өнім+1" қоғамдық қорының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Енді олар Жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) ынтымақтастықты жолға қойып, осы тәжірибені өзімізде енгізуге ниетті. Ұлттық палатаның хабарлауынша, биылғы 2023 жылы Қазақстанда осы жоба енгізілетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу