Қазақстанда жетпіс мың тонна пияз босқа шіруі мүмкін

4123

Ведомствоаралық комиссия Қазақстаннан пияз экспортын тоқтатты. Еліміз жуаны көрші елдерден белсенді тасып жатыр.

Қазақстанда жетпіс мың тонна пияз босқа шіруі мүмкін Фото: world-nan.kz

Қазақ елі жыл сайын 315 мың тоннадан астам жуа жейді. Соңғы жылдары бұл өнімнің бағасы күрт қымбаттады. Мысалы, былтырғы 2022 жылы көкөністердің ішінде аққұла пияздың бағасы шарықтады. Бұған қатты қайран қалған халық дүкенде соның бағасын суретке түсіріп, әлеужеліде бөлісті. Ақырында мұны былтырғы жазда Ауыл шаруашылығы министрі мойындауға мәжбүр болды.

"Қажетті өнім көлемі бар, ішкі нарықта тапшылық жоқ. Соған қарамастан, қант пен көкөніс өнімдері бағасының өсуі байқалды. Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы қымбаттады. Осы орайда ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті екенін атап өткім келеді. Мәселен, ай сайынғы қажеттілік 25,9 мың тонна болса, елдегі пияз қоры 34,4 мың тоннаны құрайды", – деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің мәліметінше, жылда маусым айынан бастап ерте пісетін жаңа пияз жиналады. Оның көлемі шамамен 90 мың тоннадан асады.

Күлкілі естілуі мүмкін, бірақ Үкіметтің пиязға деген көзқарасы бөлек. Басқа көкөністер бір төбе, пияз бір төбе деген сияқты. Пандемия жылдары мысалы, оның экспорты квотамен шектелді. Оны шетелге өткізгісі келетін диқандар мен трейдерлер жуа экспортына арналған фитосанитарлық сертификаттар алуға мәжбүр болды.

"Пиязды экспорттағысы келетіндер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық және аудандық аумақтық бөлімшелерінен фитосанитариялық сертификаттар ала алады. Фитосанитариялық сертификаттарды беру 5 жұмыс күнін, карантиндік сертификаттарды беру – 3 жұмыс күнін құрайды", – деп хабарлап отыратын АШМ.

Өткен жылы пиязды сыртқа шығаруға мүлдем тосқауыл қою мәселесі талқылана бастады. АШМ басшысы министрліктің бұл мәселені қолдамайтынын ашық мәлімдеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы қазақстандық аграршылар 1,1 миллион тоннадан астам жуа жинады. Әр гектардан өнім 458,8 центнерден айналды. АШМ осынша көлем "ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз ететініне" сендірген. Себебі, қазақстандықтар жыл сайын бұл көлемнен 3 есе аз, орташа есеппен 315 мың тонна жуа жейді.

Алайда жаңа жыл басында, өткен аптада Үкіметтегі ведомствоаралық комиссия Қазақстаннан пияз экспортын тоқтатты. Нақтыласақ, Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл "пияздың Қазақстаннан жаппай шығарылуын болдырмау және оның бағасын тұрақтандыру үшін" жасалыпты.

"Үшінші елдердің қазақстандық пиязға деген сұранысының артуына Азия мен әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі – Пәкістандағы табиғи апаттар түрткі болды. Бұл елдегі су тасқыны әлемнің, оның ішінде біздің елдің нарығында пияз бағасының өсуіне әкелді. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, сондай-ақ Өзбекстанда өнімнің қатты аязда үсіп кетуі оның құнына қосымша салмақ болып тұр. Салдарынан, пияздың негізгі өндірушілері енді қазақстандық өнімді белсенді түрде импорттап жатыр", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ведомство әкімдіктердің деректеріне сүйеніп, бүгінде елімізде пияздың расталған қоры 152,4 мың тоннаны құрайтынын жариялады. Бұл өткен жылғы егіннің жалпы көлемінің 14% ғана екен. Бірақ осы көлем де жаңа өнім жиналғанға дейін жеткілікті деп сендірді министрлік.

Ал экспортқа енгізілген тосқауыл Қазақстаннан қалған пиязды әкету тәуекелдерін болдырмауға тиіс. Қазақ жуасына солтүстік көрші де көз сұғын қадап отырса керек.

"Айта кету керек, Қазақстанда пияздың көтерме бағасы бір келі үшін 150-170 теңге болса, көршілес Ресей мен Өзбекстанда баға 240 теңгеге жетеді. Сонымен қатар, Qaztrade мәліметінше, Өзбекстан мен Тәжікстан өз елдерінде пияз экспортына шектеу қойған. Үкімет жуық арада нарықтық жағдайды жақсарту кезінде барлық шектеулерді уақтылы алып тастау үшін елдегі және әлемдегі жағдайды мұқият қадағалайды", – деп түсіндірді АШМ.

Министрлік былтырғы мол өнімінің бір бөлігін көршілерге сатып, табысқа қарық болуды жоспарлаған фермерлер үшін "пияз экспортына тыйым салудың жағымсыз салдарын азайту" шаралары қабылданатынын жеткізді. Бірақ одан мол табыс табу қиын: Үкімет олардан пиязын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тұрақтандыру қорларына, сондай-ақ сауда желілері арқылы айналым схемасымен сатып алуға кірісіпті. Оның қандай бағамен алынатыны нақтыланбады. 150 теңгенің айналасында болса керек.

Мысалы, 2022 жылы да министрлік "пияз плантациялары" кең таралған Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, пияз өндірушілер мен өзге облыстар, қалалар әкімдіктері арасында келісімшарттар жасасу жұмыстарын жүргізді. Сонда келіссөздер арқылы пияздың әр келісінің сату бағасы 220 теңгеден 110 теңгеге дейін арзандатылған болатын.

Кезекті тыйымды бизнес ауырсына, күрсіне қабылдады. Олардың байламынша, 70 мың тонна қазақстандық жуа қоқыста шіруі мүмкін. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, батысқазақстандық кәсіпкерлер биліктің бастамасын ішінара қолдап, толық тыйым салуға қарсы екендерін мәлімдеген.

"Тыйым кем дегенде 2023 жылғы сәуірдің соңына дейін ұзайды. Сол кезге дейін ел ішінде 80 мың тоннадан астам ғана пияз тұтынылады. Ал 70 мың тонна ешкімге қажет болмай, босқа шіриді. Фермерлерге оны шетелге экспорттау орнына қоқысқа лақтыруға тура келмек. Өйткені мамырға дейін бұл көкөніс түрін сақтау өте қиын екенін ескерген жөн: көктем келгенде, олар көктей бастайды. Бұл проблема әсіресе, оңтүстікте ушығып кетеді. 15 сәуір мен 1 мамыр аралығында солтүстік өңірлерде жаңа жылдың балғын өнімі жинала бастайды. Сонда өнім өндірушілеріміз ескі өнімді қалай өткізеді?", – деп алаңдайды "Жаңа әлем" шаруа қожалығының басшысы Анатолий Кан.

Әріптестерінің пікірін білдірген кәсіпкер экспортқа тыйымды 20 наурызбен шектеуді ұсынады. Сонда бір жағынан елде жуа тапшылығы туындамайды, оның бағасы күрт қымбаттамайды. Екінші жағынан жұрттың аузы жаңа өнімге тигенше, өндірушілер наурыз соңынан бастап сәуір ортасына дейін былтырғы астығы шетелге сатып үлгереді.

Бұдан бөлек, бизнес пиязды елден сыртқа шығару үшін 2023 жылғы 10 сәуірге дейін әр келісіне 30–40 теңге көлемінде экспорттық баж салығын енгізуді ұсынды. Баждан түскен қаражат әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға бағытталуы керек. Олар сол қаражатты ары қарай бизнестен жуаның жаңа астығын тұрақтандыру қорларына сатып алуға жұмсай алады.

"Осының арқасында Қазақстан жуа бағасын құрықтап ұстап қала алады. Ал өндірушілер былтырғы астығын тегіс сақтап, шірітпей сатып үлгереді. Баждан түскен түсім де айналып келгенде отандық диқандарды қолдауға бағытталады", – деп дәйектеді Анатолий Кан.

Бірақ Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия әзірге бұл ұсынысты қарамаған көрінеді.

Жалпы, алда қазақ еліне тәжік пиязы тасқындамақ. QazTrade бас директоры Нұралы Бөкейханов Тәжікстанмен арада ерте астықтан 6 мың тонна жуаны Қазақстанға жеткізу жөнінде келісім бекіткендерін айтты.

"Маусымаралық кезеңде елімізге 6 мың тонна ерте піскен жуаны кепілдендірілген түрде жеткізу туралы келісімге қол қойдық. Тәжік тарапы бізге өнімді төл теміржолдары арқылы тасымалдауда тарифтік жеңілдікті де қоса ұсынды. Сонымен бірге Тәжікстаннан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша көлемдерін жеткізу пысықталуда", – деді Нұралы Бөкейханов.

Тәжікстандық ауыл шаруашылығы өндірушілер өз өнімдерінің сапасы мен дер кезінде жеткізілуін қамтамасез етуге уәде етіпті.

Сауда және интеграция министрлігінің "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінше, Тәжікстанның Хатлон облысында жуа биылғы сәуірдің ортасында жинала бастамақ. Ал қазақстандық сөрелерде тәжік өнімі сәуірдің соңында – мамырдың басында пайда болады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу