Қазақстанда жұмыссыз адамның портреті қандай?

1373

Жұмыссыздардың жартысынан астамы  – әйелдер.

Қазақстанда жұмыссыз адамның портреті қандай? Фото: gov.kz

2022 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысына сәйкес елімізде экономикалық белсенді халық қатарына жататын 9,4 млн адам бар.

Бұл туралы inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі м.а. Олжас Ордабаев айтты.

 – Елде экономикалық белсенді халықтың қанша пайызы жұмыспен қамтылды? Қаншасы жұмыссыз? Соңғы статистикалық деректерді келтіріп өтсеңіз. 

 – Статистика, жұмыссыздық және жұмыспен қамту туралы айтқан кезде Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенеміз. 2022 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша республикамызда экономикалық белсенді халық қатарына жататын 9,4 млн адам бар. Оның ішінде 8,9 млн-ы – жұмыспен қамтылған, 456 мың адам – жұмыссыздар. Осы сандарға қатысты әрдайым көптеген сұрақ туындайды. Бірақ осы тұста Ұлттық статистика бюросында қолданылатын деректердің халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша қарастырылатынын атап өткім келеді. Яғни, сол әдіске сәйкес санақ жүргізіледі. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады.

– Республиканың қай өңірлерінде жұмыссыздар саны көп? Оған қандай факторлар әсер етіп жатыр?

 – Негізгі факторлардың біріне халықтың тығыздығы жатады. Халық көп қоныстанған аймақтарда жұмыс орны үшін бәсекелестік те көп болады. Бұл белгілер бойынша Алматы, Астана қалалары, Түркістан және Алматы облыстары көш бастап тұр. Алматы мен Астанаға өңірлерден адамдар ағылатындықтар, сәйкесінше мұнда жұмыспен қамту қиынырақ болуы мүмкін.

– Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер жұмыспен қамту мекемесіне барып, тиісті ресімдерден өткеннен кейін ғана жұмыссыздар санатына кіреді. Құзырлы органға жүгінбей жатқандары да баршылық. Жасыратыны жоқ, ресми статистикаға күмәнмен қарайтындар бар... Елдегі жұмыссыздық деңгейінің статистикасы анық болу үшін бұл мәселені қалай шешуге болады?

 – Бүгінгі таңда 358 мың адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. Олар жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелгендер. Қазір жұмыссыз ретінде тіркелу қиын емес. Ол үшін Жұмыспен қамту орталығына бару қажет немесе қолыңызда смартфон болу керек. Enbek.kz электрондық еңбек биржасының сайты, мобильді қосымшасы бар. Былтырдан бері цифрлық жұмыспен қамту орталығын іске асырдық. Бұл интернетке қосылған телефон немесе компьютер арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуге мүмкіндік береді. Біз халыққа Жұмыспен қамту орталығының қызметтерін пайдалану әлдеқайда оңай екенін жеткізгіміз келеді. Бұдан бөлек биылдан бастап проактивті қызмет бағытын іске қостық. Отбасының цифрлық картасы арқылы табысы жоқ адамдарды көріп отырмыз. Пилоттық жоба бойынша 23 пен 35 жас аралығындағы жастарға 12 мың SMS жіберілді. Біз әр жылға бөлек мыңдаған хабарлама жібердік: 23 жастағыларға – 1000 смс, 24 жастағыларға – 1000 смс және т. б. Яғни, бүкіл ел бойынша бұл жобаны сынақтан өткіздік.  Атап айтқанда, адамдар қаншалықты кері байланысқа шығады, хабарлама мәтіні түсінікті ме, сайт қолдануға ыңғайлы ма және т.б.

– 12 мың адамға хабарлама жіберілді деп атап өттіңіз. Қаншасы кері байланысқа шықты?

– 8 мың адам сілтеме бойынша сайтқа өтіп, бос жұмыс орындарымен танысты. Бүгінде 12 мың адамның ішінде 300-ге жуығы жұмысқа орналасты. Бұл пилоттық жоба болғандықтан, өз алдымызға үлкен міндеттер қойған жоқпыз. Бұдан басқа 110 адам арнайы оқытуға жолдама алды: біреуі бизнеске, екінші бірі  қысқа мерзімді кәсіптік курстарға.

– Жергілікті жерлерде бұл мәселемен қалай күресуде?

– Бізде бекітілген аймақтық жұмыспен қамту картасы бар. Әрбір өңір бойынша биылғы жұмыс орындары, жаңа жұмыс орындарының саны және т.б. бойынша жоспар бар. Оған сәйкес 947 мың адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жұмыстың бір ғана бөлігі. Біз адамдар өздерін жұмыссыз ретінде тіркеп, жұмыспен қамту орталығы ресурстарын жұмсамауы үшін халықты электрондық еңбек биржасына – цифрлық жұмыспен қамту орталықтарына шығаратын боламыз. Себебі жұмыспен қамту орталығындағы қзыметкерлердің негізгі міндеті – адамдар үшін қолайлы жұмыс орындарын табу. Олар бизнеспен, жұмыс берушілермен жұмыс істеуі керек.  Бұл ретте бізде жұмыспен қамту орталығындағы қызметкерлердің басым бөлігі халыққа қызмет көрсетумен айналысатынын көрдік. Оны жұмыссыз ретінде тіркейді. Жалпы  консультациялар көп уақыт алады. Салдарынан бизнеспен жұмыс істеуге уақыт жетпей жатады. Сол себепті де халыққа қолайлы болсын деген мақсатта электронды биржа, мобильді қосымша жұмыс істеп тұр. Жұмыспен қамту орталығы табатын барлық жұмыс орны мобильді қосымшада қолжетімді. Әр ауданда халықты жұмыспен қамту орталықтары бар. Ауылдарда жоқ. Себебі онда жұмыспен қамту орталықтарын қою экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан да ауылдық жерлерді аралап жүретін мобильді жұмыспен қамту орталықтары іске қосылды. Олардың жұмыс кестелері бар. Оған сәйкес осы жылға 2 мыңнан астам шығу жоспарланған.

– Елдегі жұмыссыз жүрген адамның портреті қандай?

– Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда жұмыссыз халықтың 54,5 пайызын әйелдер құрайды. Қалаларда жұмыссыздардың саны көп (62 пайыз).  Жас ерекшеліктеріне келсек, жұмыссыздықтың шамамен 50 пайызынан жоғары жас тобы – 29-44 жас. Бізде жұмыс табу қиындық туғызатын халық топтары үшін жеке жұмыспен қамту шаралары қарастырылған. Мысалы, жастар. Биыл жастардың 100 мыңға жуығын жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл бірінші жұмыс орны. Жиі кездесетін мәселенің бірі ЖОО бітірген студенттің тәжірибесі жоқ деп жұмыс берушінің оны жұмысқа алмауы. Бізде "Алғашқы жұмыс орны" және "Жастар тәжірибесі" бағдарламалары бар. Оның шеңберінде мемлекет 100 мың теңге көлемінде (30 АЕК) жас маманның жалақысын субсидиялайды. Жастар тәжірибесі – бір жылға, ал "Алғашқы жұмыс орны" 1,5 жылға субсидияланатын жалақы. Айырмашылығы туралы айтар болсақ, "Жастар тәжірибесі" соңғы 3 жылда жоғары оқу орындарын немесе колледжді бітірген түлектерге арналған бағдарлама. Ал, "Алғашқы жұмыс орны"  дипломы жоқ жастарға. Бұдан бөлек зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған "Күміс жас" бағдарламасы бар.

 – Білім саласы қазіргі еңбек нарығына сай ма? Яғни, нарыққа қажет мамандарды дайындап отырмыз ба? Себебі, ЖОО бітіргендердің белгілі бір пайызы жұмыс таппай қиналады...

 – Иә, білім беру жүйесі еңбек нарығына енетін кадрларды дайындап жатыр деп санаймын. Алайда еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырады. Бағдарламаны ұдайы жаңартып отыру қажет. Білім беру жүйесі еңбек нарығына сай ма дегенде 2 критерийді негізге алу керек. Оның біріншісі – сандық көрсеткіш. Яғни, біз экономикаға қажет мамандардың санын дайындап жатырмыз ба деген сұрақ. Біз жыл сайын мамандарға деген қажеттіліктің қысқа, орта және ұзақ мерзімді болжамына зерттеу жүргіземіз. Қысқа мерзімді және орта мерзімді болжамды жыл сайын Оқу-ағарту министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және барлық әкімдікке тапсырамыз. Себебі колледждерге мемлекеттік тапсырысты әкімдік таратады. Ал жоғары оқу орындарында – министрлік деңгейінде. Енді келесі мәселе – сапалық көрсеткіш. Яғни, сапалық тұрғыдан мамандар нарыққа қаншалықты сәйкес келеді? Кәсіби стандарт деп аталатын құжат бар. Онда белгілі бір маманда болуы қажет барлық білім мен дағдылар көрсетілген. Бізде 600-ден астам кәсіби стандарттар бар, оларды әзірлеуді және өзектендіруді жалғастырамыз. Осы кәсіби стандарттың негізінде білім беру бағдарламасы дайындалуда. Біз бұл жұмысты биыл күшейтудеміз. Мәжілісте кәсіби біліктілік туралы заң жобасы бар. Білім жүйесі бойынша Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен өте тығыз жұмыс істейміз. Елімізде еңбек нарығына жыл сайын 300 мыңға жуық жастар қосылады. Жалпы еңбек нарығы әрқашан білім беру жүйесінен белгілі бір деңгейде алда жүретін шығар. Біздің міндетіміз – алшақтықты жою.

– Мемлекет тарапынан жұмыссыз жүрген жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Енді проблемамен күресуде мемлекет қолға алған бағдарламаларға ойыссақ.

– Өңірлік жұмыспен қамту карталарына сәйкес биыл 947 мың адамды жұмыспен қамту қажет. "Жастар тәжірибесі", "Алғашқы жұмыс орны", Қоғамдық жұмыстар, "Күміс жас" сияқты белсенді жұмыспен қамту шаралары бар. Сонымен қатар мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындары бар. Жастарға жеңілдетілген шағын несие беру, "Ұрпақтар келісімшарты" секілді қолдау шаралары бар. Яғни, әрбір мақсатты сегментке арналған құралдар жасауға тырысамыз.

– Келесі мәселе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатысты. Бұл санатқа нақты кімдер кіреді? Сарапшылардың сөзінше, табыс деңгейі төмен, өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтып жүргендер де осы санатта. Бұл жұмыссыздықтың нақты картинасын ашуда және онымен күресуде кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

 – Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар  – бұл қалыпты көрсеткіш. Ең бастысы, өзін-өзі жұмыспен қамту нәтижелі болуы керек. Яғни, адамның жеке қажеттіліктеріне жеткілікті болуы тиіс және т.б. Осы тұста өзін-өзі жұмыспен қамтығандар нәтижелі және нәтижесіз болып бөлінетінін ескерген жөн. Бірінші топқа жеке негізде тіркелген, белсенді жұмыс істейтін, ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары кірісі бар адамдар кіреді. Бұл жеке тәжірибемен айналысатындар: нотариустар, адвокаттар, стоматологтар, өндірістік кооператив мүшелері, жеке қосалқы шаруашылығы бар адамдар. Ал, кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да бар. Әр өңірде өзіндік күнкөріс деңгейі бар. Содан кейін мемлекет өз тарапынан оларға көмектесіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді және т. б. Бұдан басқа бізде тағы да бір мәселе бар. Биыл әлеуметтік кодекс аясында (оны Сенат қабылдады) платформалық жұмыспен қамту түсінігін заңдастыру жоспары бар. Платформа арқылы жұмыспен қамтылғандарға тамақ жеткізушілер, курьерлер, платформа алаңдарындағы такси жүргізушілері кіреді. Бүгінгі таңда бұл адамдар әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған. Әлеуметтік кодекс аясында оларда медициналық сақтандыру, зейнетақы аударымы және т. б. пайда болады. Елімізде платформалық жұмыспен қамтылған 500 мыңға жуық адам бар. Құжат бүгінде Президенттің қарауында. 

 – Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу