Қазақстандағы ең ірі шетелдік салық төлеушілер

Ел бюджетіне түсетін қаржының үштен бірі шетелдік қатысуы бар отыз компанияға тиесілі. 

Қазақстандағы ең ірі шетелдік салық төлеушілер

Биыл сарапшылардың болжамы бойынша пандемия мен еліміздегі микро-шағын бизнеске жасалған салық рақымшылығының нәтижесінде бюджетке түсетін сома 200 млрд теңгеге қысқарды. Бұл бір жағынан іскерлік белсенділікті ынталандыру болса, бір жағы бюджеттің қазаны ортаяды. Биыл салық статистикасында қандай өзгерістер бар, көз жүгіртіп көрейік.

Шетелдік компаниялардың саны 11,2%-ға артты

2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Қазақстанда 22,1 мың сырттан келген компания тіркелген. Бұл 2019 жылдың осы кезеңінен 11,2% - ға немесе 2,2 мыңға жоғары. Бұл компаниялардың 97,4%-ы немесе 21,5 мыңы шағын кәсіпорын ретінде тіркелген.

FinReview.info сарапшыларының мәліметінше шетелдік компаниялардың көбі – 8,7 мыңы көтерме және бөлшек сауда саласында, 2,3 мыңы құрылыс саласында және 1,7 мыңы кәсіби, ғылыми-техникалық қызмет саласында жұмыс істейді.

Салықтық түсімдер 10,7%-ға төмендеді

Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша төленген салық  6,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10,7% – ға төмен. Бұған дейін көрсеткіш орта есеппен жылына 17%-ға артып келген.

Төлемдердің үштен бірі ірі шетелдік 30 компанияға тиесілі. Олардың 14-інің мұнай-газ саласында қатысы бар. Шикізат секторында жұмыс істейтін осы кәсіпорындар биыл 1,6 трлн теңге немесе барлық салықтың 74%-ын төлеген. Одан кейін тізімде темекі шығарумен айналысатын 3 компания тұр. Олардан мемлекет бюджетіне 240,2 млрд теңге қаржы түсті. Ал салық төлеуші салалар үштігін 161,5 млрд теңге көрсеткішімен металлургия секторы қорытындылайды.

Ең көп салық төлейтін компаниялар

Салықтық төлемдер бойынша "Теңізшевройл" мұнай-газ әзірлеу, өндіру және өткізумен айналысатын бірлескен кәсіпорыны көш бастап тұр. Аталған компания бюджетке жалпы төлемдердің 37%-ын аударады. Оның құрылтайшылары Chevron (АҚШ, 50% акциясы бар), ExxonMobil (АҚШ, 25% акциясы бар), "ҚазМұнайГаз" (20% акциясы бар) және LukArco (Ресей, 5% акциясы бар). Биылғы жылдың 10 айында компания 832,1 млрд теңге салық төледі.

Одан кейінгі екінші сатыда – "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." консорциумы. Жыл басынан бері аталған компания мемлекеттік бюджетке 398,5 млрд теңге салық төледі. Ортақ серіктестік үлесінің 29,25%-ы Royal Dutch Shell plc (Нидерланды, Ұлыбритания), 29,25%-ы Eni (Италия), 18%-ы Chevron (АҚШ), 13,5%-ы "Лукойл" (Ресей), 10%-ы "ҚазМұнайГаз" компанияларына тиесілі.

Ең көп салық төлеушілер үштігін – "Қазмырыш" қорытындылайды. Аталған кәсіпорын мемлекеттік бюджетті 109,3 млрд теңгеге толықтырды. Оның акцияларының 70% Glencore International (Швейцария) кәсіпорнына, ал 30%-ы "Тау-Кен Самұрық" компаниясына тиесілі.

Салық төлеу оңай емес

Ірі бизнестегі көрсеткіш осындай. Ал шағын және орта бизнес үшін табыс табу да, салық төлеу де оңай болмай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бизнеске қолайлы жағдай туғызу, оның ішінде салықтық міндеттемелерді жеңілдету туралы тапсырма берді. Үкімет бірден Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кіріскенін хабарлады. "Учет.кз" компаниялар тобының жетекшісі Максим Барышев бүгінде бизнес 40-тан аса салық түрін төлеуге міндеттелетінін айтады. Бұдан бөлек компаниялар 639 түрлі қаржылық және салықтық есеп тапсырады. Сарапшының сөзінше мұның барлығын реттеу үшін бизнес иесіне есепші жалдау керек немесе өзі есепші болуы керек. Себебі әлеуметтік төлемнен басталып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен аяқталатын аударымдарының барлығын жүзеге асыру оңай емес.

"Сондықтан салық, аударымдар, төлемдердің барлығын – бірыңғай жиынтық төлем түсінігіне біріктірген ыңғайлы болар еді. Мұның барлығы бизнеске де, мемлекетке де тиімді. Яғни, кәсіпкерлер уақыты мен қаржысын үнемдесе, мемлекет мұның барлығын есептейтін қызметкерлер штатын ұстамайды. Осылайша бірыңғай жиынтық төлем автоматты түрде қорлар арасында үлестіріліп, бюрократиялық мәселелер туындамас еді",– дейді сарапшы.

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу