Қазақстандағы ең танымал теміржол бағыттары анықталды

3396

Теміржол саласының биылғы 10 айдағы қызметінің қорытындылары шығарылды. Оң өзгерістер байқалады. 

Қазақстандағы ең танымал теміржол бағыттары анықталды Фото: Inbusiness.kz

Қазақстанда әрбір 5-ші пойыз – жекенің қолында. Бұл бәсекенің дамуының нышаны. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының хабарлауынша, елімізде әрбір бесінші пойызға немесе шамамен 20%-ына жекеменшік тасымалдаушылар иелік етеді.

"Бүгінде Қазақстанда 143 пойыз сапарлап жүр. Оның 105-і – ҚТЖ-ға қарасты "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ына, 28-і – жеке тасымалдаушыларға, тағы 10-ы – өзге теміржол әкімшілігіне тиесілі", – деп хабарлады қор. Соңғы айтылған оны негізінен Ресейдің меншігінде.

Қазіргі уақытта республикада "Тальгоның" 19 пойызы бар, қалғаны – стандартты вагондарға ие пойыздар.

Биылғы қаңтар-қазан айларында "Жолаушылар тасымалы" ұлттық тасымалдаушысы пойыздарының қызметін 11 миллионнан астам жолаушы пайдаланыпты. Соның ішінде 4 миллион адам немесе жалпы санының 40%-ы жазғы маусымда пойыздармен қатынады. Олардың арасында саяхатшылар да бар. Яғни, теміржол көлігіне жаз кезінде сұраныс күрт артады. 

Қаламаңы бағыттарында, "электричкалармен" жыл басынан бері 1,9 миллион жолаушы жеткізілген.

Елімізде ең танымал маршруттар қандай?

Биылғы он айда:  

  • Қарағанды–Алматы бағдарында 2 миллион;
  • Астана–Шымкент–Алматы бағдарында 2,5 миллион;
  • Павлодар–Қостанай бағдарында шамамен 590 мың;
  • Атырау–Ақтау бағдарында да 0,5 миллиондай жолаушы тасылды.

Осылайша, Қазақстанда әсіресе, жазғы кезеңде ең тартымды бағыттарға Алматы, Ақтау, Астана, Түркістан, Шымкент, Балқаш, Алакөл кірді.

"Қазақстан теміржолшысы" салалық басылымының мәліметінше, биыл Алакөл көлі бағытында бірден 11 жолаушылар пойызы қатынаған. Оның тоғызы – "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ына, қалған екеуі – жеке тасымалдаушыға тиесілі. 2023 жылы алғаш рет елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жазда жайлы Тальго пойызымен Астана–Достық маршруті ұйымдастырылды.

Билет жетіспеушілігі проблемасынан арылу үшін ҚТЖ "Күту парағы" тегін қызметін іске қосты. Оған сәйкес, билеттер тез таусылып қалып, сан соққан жолаушылар bilet.railways.kz сайтында немесе "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ының билет кассаларында "Күту парағына" кезекке тұруына болады. Егер сапарлаушы бас тартып, билет босап жатса, ол кезектегілерге ұсынылады.

Ағымдағы жылы бұл қызметті 145 мың жолаушы пайдаланған екен. Оның 104 мыңы билет қат жазғы маусымға келген.

Көлік министрі Марат Қарабаев та саланың дамуының оң динамикасын атап өтті. 10 айда теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаны құрағанын баяндады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-дан астам жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 300 млн тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта теміржол ел экономикасының экспорттық бағыттағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері экспорттық тасымалдау 8,5%-ға артып, 70,7 млн тоннаға жетті.

Транзиттік тасымалдар да белсенді қарқынмен дамып келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға артып, 22,5 млн тоннаны құрады. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға өсті. Есепті кезеңде жолаушылар тасымалының көлемі 2,5%-ға артып, 16,6 млн жолаушыға дейін жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде қазіргі уақытта республиканың көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жаңа теміржол желілерін салуға және қолданыстағыларын жөндеуге, тораптық стансаларды жаңғыртуға, жылжымалы құрамды жаңартуға, шекаралық бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға және т.б. қатысты. Мұндағы ең ірі жобалар – Достық-Мойынты (836 км), Бақты-Аягөз (272 км), Дарбаза-Мақтаарал (152 км) жаңа теміржол желілері және Алматы маңын айналып өтетін жол (73 км).

Жалпы, 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін 35 млн тоннаға дейін жеткізу, сондай-ақ жаңа жобаларды ескере отырып, отандық экономиканың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Өз кезегінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі теміржол саласындағы бәсекелестікті дамыту бағыттарын анықтады.

Мәселен, сарапшылардың айтуынша, осыдан ширек ғасырдай, 24 жыл бұрын ел Үкіметі теміржол көлігімен тасымалдау саласындағы мемлекеттік монополияны жойып, бұл нарықта бәсекелестікті дамытуға ден қойды. Осы мақсатта 1999 жылы "Темір жол көлігі туралы" заңы қабылданды. Әйтсе де, жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау қызметтері нарығы жоғары шоғырланған нарықтардың бірі болып қалды.

Бұл нарыққа жаңа субъектілер кіруі үшін олар Рұқсаттар туралы заңға сәйкес лицензия алуға міндетті. Нәтижесінде, 2014–2022 жылдар аралығында Үкімет жүктерді теміржол көлігімен тасымалдауға 48 лицензия беріпті.

Бүгінде теміржолмен адам емес, жүк тасымалдауда 2 жеке тасымалдаушы – "ТТТ Сервис" ЖШС мен "Dar Rail" ЖШС магистральдық теміржол желісіне қол жеткізді. Яғни, жүк вагондарын рельке қоюға жіберілді.

Бәсекелестікті дамытуға жауапты агенттік теміржол жүк тасымалы нарығында бәсекелестікті дамытуға кедергілер жойылуы керек байламға келді. Ведомство Үкіметке Ұлттық инфрақұрылым операторын функционалдық және ұйымдастырушылық деп бөлуді аяқтауды, оларды тәуелсіз заңды тұлға ретінде құруды ұсынды. Бұл бизнестің МТЖ-ға және ілеспе қызметтерге кемсітусіз қол жеткізуіне ықпал етуге тиіс.

Ал Премьер-Министр Әлихан Смайылов теміржол жүктерін ресімдеу мен қарау мерзімін екі есе қысқартуды тапсырды,Оның айтуынша, жылдам өсіп келе жатқан жүк тасымалының әлеуетін ескере отырып, осы салада инфрақұрылымды дамыту және вагондар паркін жаңарту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізу қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу