Қазақстандағы шетелдіктердің қаржылық шоттары мен активтері өз елдерінде жария болады

Сара Бухина Сара Бухина
4271

Қазақстан салық бойынша ақпарат алмасуға дайындалып жатыр.

Қазақстандағы шетелдіктердің қаржылық шоттары мен активтері өз елдерінде жария болады

Экономикалық серіктестік және даму ұйымының (ЭСДҰ) жаһандық салық ақпаратын алмасу жөніндегі бастамасы Қазақстанның үкіметін қызықтырды, аталған келісімге қосылу  рәсімі басталды деп мәлімдеді abctv.kz-ке "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ.

Экономикалық серіктестік және даму ұйымының бастамасымен қаржылық ақпаратпен автоматты түрде алмасуға деген бірқатар елдің талпынысы әлем бойынша жақтастарын жинап келеді. Қазақстан тиісті келісімге (CRS MCAA) қосылатыны туралы әзірге мәлімдеген жоқ, бірақ Ұлттық экономика министрлігінің "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ-ның тарифтік емес реттеу секторының бас сарапшысы Ержан Шақарғалиев атап өткендей, ел бұл келісімге қосылудың алдында тұр. Аталған үрдіс туралы және бұл Қазақстанға қандай пайда әкелетіні туралы толығырақ ол abctv.kz-ке берген сұхбатында айтты.

– Салық органдары шетелдік әріптестерінен ақпарат алудың алғашқы механизмдері екі реттік салық салу мен салық төлеуден жалтарудың алдын алу туралы екіжақты Конвенцияларда бекітілді. Мұндай Конвенциялар қанша және олардың механизмі қандай?

– Қолданыстағы конвенциялар құзыретті органдар арасында жекелеген сұраныстар бойынша ақпарат алмасуды көздейді. Бүгінгі күні Қазақстан мен өзге шетел мемлекеттері арасында қол қойылған екі реттік салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтарудың алдын алу бойынша 52 Конвенция қолданыста бар.

Одан бөлек, Қазақстан салық заңнамасын сақтау мәселелері жөнінде ынтымақтастық және өзара көмек көрсету туралы бірқатар келісімге, сондай-ақ салық мәселелері бойынша өзара ақпарат алмасу туралы келісімдерге қол қойды, оларда салық төлеушілерді тіркеу, банктерде шот ашу, салық төлеушінің табыс табуы туралы, сондай-ақ өзге салық ақпаратын алмасу мүмкіндігі көзделген.

Одан қалды, 2014 жылдан бастап Қазақстан Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек көрсету туралы конвенцияның (Страсбург конвенциясы) мүшесі болып табылады, ол Страсбург конвенциясына мүше мемлекеттердің салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Осылайша, бүгінгі күні Қазақстан салық органдарында қазақстандық салық төлеушілердің шетелдегі активтері туралы ақпарат алуға жәрдемдесетін құралдар бар, алайда іс жүзінде мұндай ақпарат алудың тиімділігі шамалы, себебі шектелмеген салық төлеушілер қатары туралы ақпарат алу мүмкіндігі жоқ және үнемі сұраныс жолдауды қажет етеді.

Қаржылық ақпаратпен автоматты түрде алмау жөніндегі ЭСДҰ-ның стандарттары салық органдарының айтарлықтай жедел жұмыс істеуіне бағыттала ма?

– Дұрыс айтасыз. Қазіргі қолданыстағы жүйенің кемшіліктерін талқылап, ақпарат алмасудың жаһандық жүйесін енгізу қажеттілігі туралы көптеген өтініш түскеннен кейін, 2013 жылы, ЭСДҰ сапалы және нақты ақпаратпен автоматты түрде алмасуды көздеген концепцияны енгізу бастамасын көтерді.

Аталған бастамаға "Қаржылық шоттар бойынша автоматты түрде ақпарат алмасу стандарты" деген атау берілді. Ол шындық ақпаратпен алмасу, шығынды қысқарту үшін қаржылық ұйымдардың ақпарат ашу рәсімін бір ретке келтіріп, стандарттауға бағытталған. 2014 жылы ЭСДҰ аталған стандартты бекітті, соның арқасында биылғы жылдың өзінде ақпарат алмасу басталады. Ақпаратты автоматты түрде алмасуды бастау туралы ниетін шамамен 60 мемлекет білдірді, қалғандары 2018 жылдан бастағысы келіп отыр.

 Ол қандай стандарт және қалай жұмыс істеді?

– Онда қаржылық ұйымдардың ақпарат жинау және жария ету тәртіптері баяндалған, олар жергілікті заңнамаға енгізілуге тиіс. Осылайша ұлттық заңнамада стандартта сипатталған тәртіпке сәйкес қаржылық шоттар туралы ақпарат жинау және оны жария етуге қатысты ереже пайда болады.

Автоматты түрде ақпарат алмасу аясында қаржылық институттар, банктер, кастодиандық ұйымдар, брокерлер, сондай-ақ кейбір ұжымдық инвестициялық механизмдер мен сақтандыру ұйымдары, өз елінің ұлттық органына шетелдің өкілі болып табылатын жеке тұлғалар мен ұйымдардың қаржылық шоттарына қатысты ақпаратты беріп отыруға міндетті болады. Қаржылық мекемелерден түскен ақпарат жыл сайын (қыркүйек айының соңына дейін) не тоқсан сайын тиісті шетел мемлекетінің құзырлы органдарына тапсырылады.

Жинау және жария етуге жататын ақпаратқа шот иесі туралы мәлімет, есепті кезеңнің соңындағы теңгерімі туралы дерек жатады. Кастодиандық шот болатын болса, онда пайыздық және үлестік табыс, кейбір сақандыру өнімдерінен түскен пайда, шоттарда орналасқан қаржылық активтерді сатудан немесе төлемдерден түскен табыс туралы ақпарат жиналады, ал дипозиттік шоттары болса, онда салым сомасына есептелген пайыз мөлшері туралы мәлімет тапсырылады.

Стандартта көзделген ақпарат жинауға қатысты рәсімдер шот иесі кім болып табылатынына қарай ерекшеленеді (жеке тұлға немесе компания), сондай-ақ шот стандарттың талаптары заңды күшіне енгенге дейін ашылды ма, жоқ әлде одан кейін бе, осыған байланысты да өзгешеліктер бар. Стандартта бұрыннан бері шоты бар тұлғалар туралы ақпарат жинау енді шот ашпақ болғандардан қарағанда күрделірек екенін атап өтілген.

– Цифрлар бойынша шектеу бар ма? Шот тексеруді бастау үшін теңгерімде қанша қаражат болуы керек?

– Бұдан бұрын ашылған заңды тұлғалардың шоттарына қатысы стандарт теңгерімнің шекті мөлшері ретінде 250 мың еуроға тең соманы ұсынып отыр, осы шекке жетпейінше шот бойынша ақпарат жиналмайды және жария етілмейді де. Бұрын ашылған және енді ашылатын жеке тұлғалардың шоттарына қатысты ондай еркіндік берілмеген.

– Стандартты енгізу мерзімі мен оның тәртіптеріне аздап тоқталып кетіңізші.

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, жеке және заңды тұлғалардың шоттарына қатысты ақпаратпен автоматты түрде алмасу туралы келісім жаһандық негізде 2017 жылғы қыркүйек айы немесе 2018 жылғы қыркүйек айының соңына дейін басталуға тиіс. Ол қаржылық мекемелер стандарт талаптарына сәйкес келетін шоттар туралы ақпаратты жариялау қажеттілігін анықтағанына байланысты. 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін ашылған шоттар қолданыстағы шоттар деп танылады.

Жеке тұлғалардың ірі шоттарын анықтау мақсатында 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін тексеру жүргізілген болатын, ал жеке тұлғалардың шағын шоттары туралы ақпарат 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін анықталуға тиіс еді.

Аталған стандартты енгізу арқылы Қазақстанның салық органдары көптеген шетел мемлекеттерінен ел азаматтарының қаржылық шоттары туралы ақпарат ала алады. Шетел мемлекеттерінде шоттары бар Қазақстанның бизнесі, сондай-ақ жеке тұлғалары бүгінгі күннен бастап жаңа ережелерді қабылдап түсінуі керек, осы жұмыстың нәтижесінде жақын болашақта олар туралы тиісті қаржылық ақпарат жария болады.

– Ресейдің федералды салық қызметі өткен жылы CRS MCAA келісіміне қосылатынын мәлімдеген болатын. Ал Қазақстан аталған келісімге қашан қосылатыны белгілі ме?

– Дұрыс айтасыз, Ресейді уәкілетті органдары CRS MCAA келісіміне қосыламыз деп шешім қабылдады және 2018 жылдан бастап автоматты түрде ақпарат алмасуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда ЭСДҰ-ның көптеген құқықтық құралдарына, оның ішінде CRS MCAA келісіміне қосылу бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Атап өткенімдей, біз Страсбург конвенцясына қосылып үлгердік, екіжақты конвенциялар, салық заңнамасын сақтау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық және көмек туралы келісім, сонымен бірге салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу келісімі  жасалды. Осылайша, салық төлеуден жалтарудың жолын кесу жөніндегі жұмыс жалғасып келеді, ал CRS MCAA келісіміне қашан қосыламыз деген сұрақ уақыт мәселесі ғана.

Әйгерім Сүлейменова, Сара Бухина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу