Қазақстандағы шығыны ең көп министрлік анықталды

4983

Биліктің шығындары 3,8 триллионнан 9 триллион теңгеге дейін шығандап өскелі тұр. 

Қазақстандағы шығыны ең көп министрлік анықталды

Қаржы министрлігінің ресми дерегінше, қазіргі кезде бюджеттің "жалпы мемлекеттік шығыстар" бабы 3 трлн 848 млрд теңгені құрайды. Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 4,2%-ына тең. 2023 жылдың республикалық бюджеті жобасында бұл соманы 7 трлн 867,7 миллиард теңгеге дейін күрт ұлғайту көзделген. Сонда мемлекеттің төл шығындары ЖІӨ-нің 6,5%-ына жетпек. Мұнымен тоқтамай, сомасы әрі қарай шарықтайды: 2024 жылы 8 трлн 110,4 млрд (6,1%), ал 2025 жылы 9 трлн 22,3 млрд теңгеге (6,2%) жетеді.

Салыстырсақ, бюджеттің әлеуметтік саласына арналған шығыстары 2023 жылы – 8 трлн 13,4 млрд, 2024 жылы – 9 трлн 142 млрд, 2025 жылы – 9 трлн 664,2 млрд теңге көлемінде жоспарланыпты.

Қаржы министрлігінің дерегінше, бүгінде жалпы мемлекеттік шығыстар бюджеттің барлық шығыстарының 20,5%-ын құрап отыр. Бұл үлес алда жылдам өсіп, 2023 жылы 37,5%-дан 2025 жылы 39,8%-ға дейін артады.

Жасыратыны жоқ, Үкіметтегі министрліктердің бәрі бірдей бай емес. Олар да бейресми түрде бай мен кедейге бөлінеді. Бірінің қолынан телегей теңіз ақша өтсе, екіншісі бұлаққа қанағат қылуға тиіс. Мысалы, Төтенше жағдайлар министрлігінің бюджеті оның сан-салалы құрылымдарына шаққанда, ең азы саналады. Содан табиғи дүлейлермен, тілсіз жаумен, түрлі апаттармен күресуші жасақтар жете қаржыландырылмайды екен. ТЖМ жауынгерлерінің ауыр жағдайы туралы Inbusiness.kz бұған дейін жазған.

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2023 жылы – 21 трлн 2,9 млрд теңге, 2024 жылы – 21 трлн 647,3 млрд теңге, 2025 жылы – 22 трлн 660,2 млрд теңге көлемінде жоспарланған.  

"Жалпымемлекеттік бюджет шығыстары 2023 жылы 2022 жылға қарағанда бірден 4 трлн 91,7 млрд теңгеге өсіп, 7 трлн 867,7 млрд теңгені құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш – 8 трлн 110,4 млрд, ал 2025 жылы – 9 трлн 22,3 млрд теңге болады. Шығындардың өсуінің негізгі факторларына біріншіден, жергілікті бюджеттердің базасына республикалық бюджеттен барлық нысаналы ағымдағы трансферттердің өсуі жатады. Екіншіден, Қазақстанның үкіметтік борышына қызмет көрсету шығындары келесі жылы ұлғаяды (2023 жылы 516,6 млрд теңге). Әрі қарай 2024 жылы 206,4 млрд, 2025 жылы 199,4 млрд теңгеге дейін төмендейді. Үшіншіден, Президент бастамаларына арналған резерв енгізіліп, 2023 жылы оған 417 млрд теңге бөлінеді", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Шенеуніктерді ұстап тұруға жұмсалатын қаражат та аса қомақты. "Мемлекеттік әкімшілік шығыстар" 2022 жылы 779 миллиард теңгені (барлық шығыстардың 4,1%-ы) құрады. Ал келесі 2023 жылы 833 млрд (4%-ы), 2024 жылы 706 млрд теңге (3,3%) болады деп күтілуде.

Шенділер қимылдаса, әрекеттерінің әдемі, ауқымды көрсетіліп, халыққа кең насихатталғанын қалайды. Сондықтан Қазақстан да төл пропагандасынан ақша аямайтынға ұқсайды. 

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға 165 млрд 331,2 млн теңге сомасында шығындар көзделген. Оның ішінде 2023 жылы – 55 млрд 935,4 млн теңге жұмсалады. Қаржы министрлігі бұл қаржының қалай үлестірілетінін де айтып берді.

Телерадио хабарларын тарату саласы:

  • "Қазақстан" РТРК" АҚ-ына – 26 млрд 144,9 млн теңге;
  • "Хабар" АҚ-ына – 16 млрд 493,9 млн теңге;
  • Ресейлік "Мир" ХТРК-ына – 745 млн теңге;
  • Отандық мемлекеттік емес телеарналарға – 2 млрд 808,6 млн теңге.

Баспа басылымдары:

  • "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ-ына 1 млрд 798,7 млн теңге;
  • "Қазақ газеттері" ЖШС-іне – 410,3 млн теңге;
  • мемлекеттік емес баспасөздерге – 546 млн теңге.
  • Интернет-ресурстар:
  • "ҚазАқпарат" халықаралық ақпараттық агенттігі" ЖШС-іне – 1 млрд 920,7 млн теңге;
  • "Дамыту қоры" (Медиа қорына) – 708 млн теңге;
  • Отандық мемлекеттік емес интернет ресурстарға – 846,3 млн теңге;
  • "Талдау және ақпарат орталығы" РМК – 1 135 510 мың теңге.

Социологиялық зерттеулер жүргізуге:

  • отандық ақпараттық өнімге тұтынушылық сұраныс деңгейін анықтауға – 10 млн теңге,
  • халықтың мемлекеттік саясатты бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетуге қанағаттану деңгейін білуге – 10 млн теңге.

Бұл мәліметтердің бәрі Үкімет Мәжіліске енгізгелі жатқан жаңа үш жылдық басты қаржылық құжат жобасында келтірілген. Ел қаржысының қаншалықты оңтайлы, орынды бөлініп, тиімді, оңтайлы жұмсалғалы тұрғанын халық қалаулылары айқындайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу