"Шахтёр" футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алған, деп жазды inbusiness.kz сайты.
– Сауда бүгінгі аукционда өтті және бұл қадам Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында қабылданды. Жекешелендіру рәсімі заң талаптарына толық сәйкес жүргізілуде. Осылайша, "Шахтёр" футбол клубының дамуы мен трансформациясының жаңа кезеңі басталды, – делінген ресми хабарламада.
Қарағанды облысының әкімдігі мен танымал кәсіпкер Тимур Турлов өңірде жаңа футбол экожүйесін құру жұмыстарын бастап отыр. Бұл мақсатқа жалпы 18,5 млрд теңге бөлінген. Оның 12 млрд теңгесі жаңа футбол академиясын салуға, ал 6,5 млрд теңгесі балалар-жасөспірімдер мен бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.
– Қарағанды облысының футбол қауымдастығы (QOFA) президенті Тимур Турловтың қолдауымен бірқатар ірі жоба іске асырылуда. Олар – мектептік "ALGA!" жобасы (2029 жылға дейін 40 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 3600 студентті қамтиды, футбол бастамалары 100-ден астам оқу орнында жүзеге асырылады), ресми балалар-жасөспірімдер лигасы Freedom BFL, заманауи "Шахтёр" футбол академиясының құрылысы және өңірді кешенді дамыту стратегиясы. Академия Қарағанды облысындағы бұқаралық және кәсіби футболды дамытудағы басты нысан болып, оның орталығында балалар-жасөспірім футболы, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бастамалар орналасады. Футбол академиясы шамамен 10 гектар жерді алады. Жоба аясында стадионнан бөлек жыл бойы дайындық жасауға арналған жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы, екі қабатты әкімшілік-бөлме кешені, медициналық орталық, бассейн, сауна, асхана және тәрбиеленушілерге арналған жатақхана қарастырылған. Барлық нысандар жылы дәліздер арқылы қосылады, ал аумаққа воркаут-зона, тренажерлар, саябақ және автотұрақ орнатылады. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылы аяқталуы жоспарланып отыр, – деп жазылған ресми ақпаратта.
Клубтың жаңа иесі кадр даярлау ісіне ерекше мән бермек. Жаттықтырушылар үшін халықаралық тағылымдамалар мен UEFA лицензияларын алу мүмкіндігін қамтитын біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізілген.
Спорттық инфрақұрылым тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүйелі түрде дамытылатын болады.