Қазақстандағы ұялы қосымшалардың рейтингі қандай?

1893

Озық технологиялар отандық қаржы секторын серпінді өзгертті. 

Қазақстандағы ұялы қосымшалардың рейтингі қандай? Фото: Разработка мобильных приложений

Fintech немесе қаржылық технологиялар саласында Қазақстан әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі саналады. Қаржылық қызметтердің инновациялық технологиялар көмегімен ұсынылуы халықтың да, бизнестің де өмірін жеңілдетті, көптеген бюрократиядан құтқарды. 

Белгілі қаржыгер, банкир Нұрдәулет Айдосовтың айтуынша, мысалы, отандық брокерлік бизнестің 10 жыл бұрынғы күйін қазіргімен салыстырсақ, айырмашылығы – жер мен көктей. Біріншіден, саладағы ең басты тренд – цифрландыру. Бұл үрдіс оның өне-бойын қамтыды.

Мысалы, бұрын жеке инвесторлардың нарыққа кіруі қиын болатын. Брокерлік есепшот ашу рәсімі күрделі еді. Қазіргі кезде ол тез жасалады және ол үшін бұрынғыдай брокермен кездесудің қажеті де жоқ. Барлығы онлайн жасалады. Осы мақсатта түрлі озық технологиялар – электронды цифрлық қолтаңба, биометрия және басқасы қолданылады.

Екіншіден, брокерлер де, инвесторлар да бүгінде компьютерге байланып отырмайды, барлығы смартфонға ауысты. Әрине, десктоп-нұсқалармен жұмыс істейтін қаржылық ұйымдар әлі бар, бірақ басым көпшілігінің қызметі мобильді тұғырнамаларға көшті.

Үшіншіден, жаңа технологиялар авторизациялану жүйесін түбегейлі өзгертті. Пандемияға дейінгі кезеңде бұл жүйеге электронды цифрлық қолтаңбаның енгізілуі – үлкен жетістік саналды. Бірақ ЭЦҚ жұрттың бәрінде бірдей жоқ.

Сонымен қатар ЭЦҚ-ның қаптаған көшірмесін жасатып алып, флешка көмегімен кез келген құрылғыға тасымалдауға болады. Салдарынан, оны шын мәнінде қожайыны қолданып отыр ма, әлде бөгде біреу қолға түсірді ме, оны анықтау күрделі еді.

Коронавирустік карантин дәуірінде Fintech әлдеқайда жеңіл тәсілге – sms-растауға жаппай көшті. Бірақ оның да кілтипаны бар: бұл азаматтан өз нөмірін және смартфонының IMEI кодын "Мобильді азаматтар базасында" (МАБ) тіркеуді талап етеді. Оның үстіне ұялы телефонды жоғалтып, не ұрлатып алу қаупі бар. Ұялы нөмірдің көшірмесін жасатып алудың алаяқтық схемасы да жолға қойылған. Онда алаяқтар, арам ниеттілер смс-хабарлама алу арқылы өзге адамның қаржылық операцияларын басқара алады.

Ал постпандемиялық кезеңде биометрия жақсы дамуда. Бүгінде нарықта құнды қағаз сатып алумен айналысатындардың үлкен бөлігі өз тұлғасын бас бармағының саусақ іздері арқылы растай салады. Бұл әлдеқайда сенімді тәсіл. Бұған қоса, адамның саусағы да үнемі өзімен бірге.

Осы өзгерістер мен трендтердің бәрі бизнес пен қаржылық қызметтерді тұтынушыларға басты бір құндылықты – жайлылықты сыйлады. Енді нарыққа кіру оңай, пайдалану қолайлы, құнды қағаздарды саудалау жеңіл.

Сонымен бірге Қазақстанда инвестициялар жасауға арналған мобильді қосымшалар саны жыл сайын көбейіп келеді. Ал олардың санын біліп, үздіктерін анықтауға рейтингтер мүмкіндік береді. Intervale Kazakhstan компаниясы, Қазақстандық интернет-бизнес пен мобильді коммерция қауымдастығымен бірлесіп, жыл сайынғы "Қазақстандағы мобильді қосымшалар рейтингін" құруға кірісті.

Ұйым деректерді тікелей ұялы қосымшаларды әзірлеушілерден және иелерінен алады. Сондай-ақ оның сарапшылары AppStore, Google Play және басқа смартфондарға арналған бағдарламаларды тарататын негізгі сервистердің ашық ақпараттарын талдайды.

Өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 10 шілдеде басталып, 31 шілдеге дейін жалғаспақ. Әрбір ұялы қосымшаны және оған қатысты деректердің растығын бағалау күзге дейін созылмақ. "Қазақстандағы мобильді қосымшалар рейтингі" зерттеуінің қорытындылары және тізімі қыркүйекте Forbes.kz порталында жария етіледі.

Жоба отандық нарықтағы мобильді сервистердің дамуына жан-жақты талдау жасау, басты ойыншыларды айқындау, үрдістерді болжамдау арқылы елдегі қаржылық технологиялар (FinTech) саласындағы жаңа трендтерді, нарық лидерлерін анықтауға мүмкіндік беруге тиіс.

Бұдан бөлек, сол арқылы отандық мобильді коммерциядағы прогресті білуге болады.

Әзірге қолданыстағы рейтинг бойынша қазақстандық ұялы қосымшалардың лидерлерін атап өткен жөн. Соның ішінде алғашқы бестік қана 90 балл табалдырығын еңсере алған. Олардың арасындағы алшақтық сонша көп емес.

Атап өтетін жайт, ортақ тізімде тек қаржылық қосымшалар ғана емес, басқа да барлық ұялы қосымшалар өзара бәсекеге түседі.  

Нәтижесінде тегі ресейлік болып табылатын, қалалардың карталары және электронды анықтамалығы бар 2GIS 2020 жылғы рейтингте лидер атанған. 2021 жылы ол зерттеуге қатыспады. Ал 2022 жыл қорытындысында түзілген тізімде ол 93,61 балл жинап, қайтадан топ бастады.

2022 жылғы қыркүйекте AppStore Ресейге қарсы санкциялар аясында ресейлік 2GIS картографиялық сервисін өзінен алып тастаған болатын. Алайда желтоқсанда сервис қазақстандық компания атынан қайта оралды.

2021 жыл қорытындысында Halyk Homebank қосымшасы көшбасшы атанған еді. Қазіргі рейтингте ол елдегі танымал екі қосымшаның бірі болып отыр. Көрсеткіші – 93,08 балл. Яғни, "ТуГизден" бірер бөлшекке, шамалы ғана қалып тұр.

Үштікті бірден үш тұғырға биік көтерілген Home Credit Bank Kazakhstan қосымшасы тұйықтады. Көрсеткіші – 92,07 балл.

Жалпы, барлық жетекші банктердің ұялы қосымшалары ТОР-10-ға кірді. Оларда онлайн кредит рәсімдеуге, тауарларды, қызметтерді, туристік жолдамаларды және басқасын бөліп төлеу арқылы сатып алуға, банктік бонустарды жинақтап, жұмсауға, тіпті құнды қағаздарды басқарып, инвестиция жасауға болады.

Ел Үкіметі халыққа мемлекеттік қызметтерді де банктік қосымшалар арқылы көрсетуде. Осыдан-ақ қаржылық технологиялардың қаншалықты алға озып бара жатқанын байқауға болады.

Рейтингте таза брокерлік қосымшалар да жеткілікті. Оның ішіндегі көшбасшылары қатарына Halyk Invest (Halyk Finance ресми инвестициялық қосымшасы, 15-ші орын, 82,76 балл), Tradernet.Global (Freedom Finance Global PLC брокерінің клиенттеріне арналған сауда тұғырнамасы, 18-ші орын, 84,17), Tabys (Астана халықаралық қаржы орталығының AIX биржасында инвестиция салуға, акциялар, облигациялар, мұнай мен алтын сатып алуға арналған қосымша, 28-орын, 61,83) және басқасы бар.

Бірер жыл бұрын мұндай рейтингтерде осы тәріздес қосымшалар кездесе бермейтін. Мұның өзі Қазақстан халқы мен бизнесі тарапынан финтех көмегімен онлайн инвестиция жасауға деген қызығушылықтың күрт артқанын паш етеді.

Демек, сұраныс өскендіктен ұсыныс та артып, мобильді қосымшалар саны алда тек көбейе берері сөзсіз. 

Өз кезегінде мемлекет те заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы Fintech өркендеуіне серпін беруде. Мысалы, заңнаманың жетілдірілуі арқасында бүгінде Брокерлік қызмет көрсету жөніндегі келісімшартты қашықтан бекіте аласыз.

Сонымен қатар мемлекет банктерге өз қызметінің аясын кеңейтуге рұқсат етті, нәтижесінде олар енді кез келген облигациялар мен акциялар бойынша брокер рөлін атқара алады.

Ал жаңа мобильді қосымшалар мен сервистер клиенттерге кеңселерді адақтамай, қашықтан, смартфоны арқылы есепшот ашуға және қор нарығында саудасын бастауға мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу