Қазақстанды "адамзат өркениетінің бесігіне" теңеген саясаткер қайтыс болды

10266

АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Генри Киссинджер 100-ден асқан шағында өмірден өтті. 

Қазақстанды "адамзат өркениетінің бесігіне" теңеген саясаткер қайтыс болды Фото: inbusiness.kz

Оның өліміне не себеп болғаны, қандай жағдайда көз жұмғаны ақпарат құралдарына хабарланбады.

Өзінің саясаткер ретіндегі ұзаққа созылған мансабында Киссинджер АҚШ-тың бірнеше президентінің қауіпсіздік жөніндегі эксперті, ақылшысы болды. АҚШ пен КСРО сияқты қос державаның арасындағы қырғи-қабақ қатынастардың жүзін жылытып, жақсартуға үлес қосты.

АҚШ пен Қытай арасындағы ықпалдастықты жолға қойды. Вьетнам соғысының аяқталуына белсенді ықпал етті.

Саясаттың сүйегін шағып, майын ішкен тіс қаққан, тәжірибелі саясаткер өткен ғасырдың аяғында тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылғанда, оның бірінші Президентіне кеңестерімен сөз көмегін көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев онымен бірнеше рет кездесіп, оңашада әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Преодоление. Дипломатические очерки казахстанского министра" атты өз кітабында Генри Киссинджермен кездесуін еске алды.

"Маған қазіргі заманымыздың ең көрнекті дипломаты Генри Киссинджермен екі рет кездесу мүмкіндігі бұйырды. Киссинджермен әлем 70-ші жылдардың басында танысты. Сонда АҚШ Қытаймен жақындасуға бағыт алған еді. Бұл дипломатия тарихқа "пинг-понг дипломатиясы" ретінде кірді. Себебі, Шың еліне барған Американың тұңғыш ресми делегациясы – үстел теннисінен АҚШ құрамасы болатын. Көп жыл өткен соң белгілі болды. Киссинджер Қытай басшыларымен кездесу үшін Бейжіңге бірнеше рет құпия түрде енуге талаптаныпты", – деп жазды Президент.

Осы орайда Киссинджерден символдық қолтаңбасы бар сыйлық алғанын мәлім етті. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сыртқы істер министрі болатын. 

"Генри Киссинджер "Дипломатия" атты монументалды монографияның авторы. Бұл туынды әлемнің барлық елдеріндегі халықаралық қатынастар тарихын оқитын студенттер үшін үстел үстінде үнемі тұратын бірегей кітапқа айналды. Бұл кітап – халықаралық істер саласы мамандарына арналған пайдалы әрі қызықты ақпараттың құнды қайнары. Даңқты дипломат авторлық қолтаңбасын қойып, маған өзінің осы монографиясын тарту етті. Онда "Министр мырза, мен Американың негізін қалаушы емеспін. Бірақ сізге Қазақстандай ұлы елдің негізін қалаушылардың бірі болу сәті түсіп, жолыңыз болды. Қазақстанның да жолы болды" деп жазылған еді", – деп еске алды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаһандық саясат сүлейінің бұл сөздері сәуегейлік болып шықты. Дәуірлер ауысқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев елдің президенттік тізгінін ұстап, жаңа Қазақстанды – Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік алды.

Әлемдік дипломатияның тарланы, жаһандық саясаттанудың патриархы қазақ елін ұлық тұтатын. 2005 жылғы 15 қазанда Астанаға арнайы сапар жасаған Генри Киссинджер "Хабар" арнасына сұхбатында: "Қазақстан – адамзат өркениетінің бесігі" деп атап, биік бағасын берді.

Мұны ол әлемдік атағы бар ғалымдардың зерттеуі мен тоқтамдарына сүйеніп айтты. Мысалы,  палеолингвист Марио Алинеи бастаған көрнекті ғалымдар анықтағандай, біздің ғаламшарымызда адам баласы пайда болғанда, Ұлы дала жазығында, Орал-Қазақстан өңірінде байырғы тіл туындады. Ол кейін төркіні терең ежелгі тілдер болып табылатын үндіеуропалық, алтайлық, оралдық және басқа да тілдер тобының "арғы атасына", "прототілге" айналды. Бұл жөнінде бұрындары С.Яхонтов, С.Старостин және басқа да ғалымдар жазып кеткен.

Бұған Батыс ғалымдары да мойындаған тұңғыш көлік түрі – аттардың алғаш болып Қазақстанда қолға үйретілгенін, байырғы көшпелілер оның сүтін қымыз қылып ішкенін, металдың да бірінші рет қазақ жерінде балқытылып, адамзаттың Қола, Темір дәуірлері басталғанын, дөңгелек пен арбаның ойлап табылғанын және басқасын қосыңыз.

Генри Киссинджер Қазақстанның жаңа елордасына да сүйсінетін.

"Астананың сәулеті де, болашағы да нақты пішінге, нақты сипатқа ие. Ол ұлттың арманымен астасып жатыр. Тарихта ұлы бетбұрыстар да осындай нақты идеялардан басталып, кірпіштері қаланған", – деді Киссинджер.

Есімі әлемге мәшһүр саясаткерлер оның қазасын қабырғасы қайыса, ауыр қабылдағандарын айтуда.

АҚШ-тың бұрынғы Президенті Джордж Буштың бағалауынша, "Генри Киссинджермен бірге Америка дипломатиядағы ең сенімді, біртума дауыстарының бірінен айрылды".

"Мен бұл тұлғаға бұрыннан тәнтімін. Еврей отбасында дүние есігін ашқан ол бала кезінде нацистердің қуғын-сүргінінен қашып құтылуға мәжбүр болды. Содан кейін АҚШ армиясының сапында шайқасты. Қос президентіміздің әкімшілігінде жұмыс істеді, қаншама лидерлерімізге ақыл-кеңесімен көмектесті. Мен оған отан алдындағы қалтқысыз қызметі үшін алғыс айтамын. Мен оған адал достығы үшін өте ризамын", – деді Буш.

Германияны Канцлері Олаф Шольц те Киссинджердің өліміне байланысты көңіл айтты.

"Американың сыртқы саясатын қалыптастырудағы рөлі жөнінен дәл Генри Киссинджердей дүлдүлдің алдына ешкім түсе алмайды. АҚШ пен Германия арасындағы трансатлантикалық достықтың бекуіне оның зор ықпалы тиді. Ол өзінің туған неміс отанынынан кіндігін үзбеді, әрқашан жақын тартып тұрды. Әлем ұлы дипломаттан айрылды", – деді ол. 

Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерден бастап, көптеген неміс саясаткерлері Киссинджерге жылы лебіздерін арнап, еске алды.

Франция Президенті Эммануэль Макрон Киссинджерді "Тарихтың алыбы" деп бағалады. Оның айтуынша, "Киссинджердің идеялары мен дипломатиясы өз дәуіріне ғана емес, сондай-ақ біздің қазіргі әлемге де орасан зор әсер етті".

Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин "Қытай доктор Киссинджердің өліміне қатты қайғыратынын" мәлімдеді.

"Оның Батыстың Қытаймен конструктивті қатынастарының негізін қалап, іргесін көтеру бағытындағы тарихи күш-жігерін Қытайдың барлық ұрпақтары әрдайым ұмытпай, еске алатын болады. Оның батыл көзқарастары, данагөй ақылы бүкіл әлемде, соның ішінде бүкіл Тынық мұхит өңірінде адамдарды шабыттандыратын, қанаттандыратын болады", – деді шың елінің өкілі.

Бірақ саясаткердің соңынан "топырақ шашқандар" да табылды.

"Генри Киссинджердің саясаты, кеңестері мысалы, Камбоджа мен Чилиде "тапсырыспен жасалған қылмыстарға", Индонезия тарапынан Шығыс Тимордағы қанды қырғынды қарсылықсыз мақұлдауға, Пәкістанның Бангладештегі қантөгісіне, күрдтерді өз мақсатына пайдаланып, олардан бас тарта салатын америкалық дәстүрдің басталуына соқтырды", – деп жазады Rolling Stone журналы.

Саясаткерлер ешқашан періште болмайды. Сонымен қатар алып тұлғалар алыстаған сайын заңғарлана түсетіні де сөзсіз. 

Генри Киссинджердің мұрасы зерттеушілердің болашақ генерациясының зерттеулеріне тамыздық болмақ. Келер ұрпақ керегін алар, үздік үлгісін ұлағат тұтар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу