Жауапты тұлғалар алдағы көктемде асфальт қармен бірге "еріп" кетпейді, ал, қалалар мен өңірлерді жалғайтын "күретамыр" жолдар тасқын судың арналарына айналмайды деп үміттенеді. Сондықтан бүкіл ел бойынша жолшылар қар еру кезеңінде көлік қатынасына қауіп төнбеуі үшін қазірдің өзінде күшейтілген дайындық режиміне көшірілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Жол қызметтері көктемгі су тасқынына байланысты күшейтілген дайындық режиміне көшуде. Биылғы қыс маусымындағы мол түскен қардың белсенді еру кезеңінде автожолдардың ойпаң учаскелерін су басу қаупі артты. Осыған байланысты жол ұйымдары көлік қозғалысының үздіксіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шаралары кешенін күрт күшейтті", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.
Ұлттық компанияның мәліметінше, тұтас іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Су тасқыны қаупі бар автожол учаскелеріне тәулік бойы – күндіз-түні мониторинг пен бақылау ұйымдастырылған. Мамандар көпірлер мен жол өткелдерінің жағдайын тұрақты тексереді. Су өткізу құбырлары мен арналық құрылыстар қар мен мұздан тазартылуда. Сондай-ақ, жол жабыны жағдайына бақылау жолға қойылыпты.
Ел көлемінде алдағы күреске арналған күштер мен құралдардың едәуір қоры түзілген. Ресми деректерге сәйкес, жедел әрекет етуге 2000-нан астам жолшы және 2500-ден аса арнайы техника дайын. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың мәліметінше, жалпы ұзындығы 160 шақырымдай су басу қаупі бар 229 автожол ерекше әрі күн сайынғы бақылауға алынды.
Тасқынға тосқын қою үшін материалдық қор да жасақталуда. Осы мақсатта тау-тау инертті және құрылыс материалдары дайындалған: шамамен 40 мың текше метр кесектас, 15 мың текше метр құм, шамамен 5 мың текше метр қиыршық тас және қажет болған жағдайда жол учаскелерін нығайтуға әрі су ағындарын уақытша бұруға пайдаланылатын басқа да материалдар әзірленіпті.
Су өткізу инфрақұрылымын тазарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, жол қызметтері тасқын судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге тиіс шамамен 45 мың су өткізу құбырын ретке келтіруге ниетті. "ҚазАвтоЖол" басшысы Дархан Иманашевтің түсіндіруінше, алдын алу шаралары кешенін жүзеге асыру нәтиже берген: су басу қаупі бар жол учаскелерінің саны шамамен екі есеге қысқарды.
Жүздеген ауыл су астында қала ма?
Қарғын су маусымына дайындық Үкімет деңгейінде де талқыланып, онда "Қазгидрометтің" жаңа болжам деректері басшылыққа алынды. Отырыс премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өтті. Синоптиктердің мәліметінше, наурыз айы жылы, әрі жауын-шашынға бай болады деп күтілуде. Ел аумағының едәуір бөлігінде оппа қар әлі де мұрты бұзылмаған күйде ерімей жатыр.
Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады деп болжануда. Сәуір айы да жылы болады деп күтіледі. Жауын-шашын, тіпті қар жауу мөлшерінің артуы батыс өңірлерде, сондай-ақ елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда болжанып отыр.
Осындай факторлардың үйлесуі республика 2 жыл бұрын бастан өткерген ауқымды су тасқындарының қайталану ықтималдығын арттырады. 2024 жылдың көктемінде Қазақстан соңғы 80 жылдағы ең ірі топан суға тап болды. Сол кезде 17 облыстың 10-ында төтенше жағдай режимі жарияланды: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында. Су басқан аймақтардан 100 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Жағдай аса күрделі деп танылды.
Қазіргі болжамдарды ескере отырып, Үкімет 2026 жылға арналған су басу қаупі бойынша өңірлерді былайша бөлді:
Жоғары қауіп:
- Ақмола облысы
- Қарағанды облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
- Абай облысы
Орташа қауіп:
- Қостанай облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Ақтөбе облысы
- Павлодар облысы
- Түркістан облысы
- Алматы облысы
- Ұлытау облысы
- Жетісу облысы
Төмен қауіп (бар-жоғы 4 облыс):
- Атырау облысы
- Маңғыстау облысы
- Қызылорда облысы
- Жамбыл облысы
Қосымша мәліметті үкіметтік сарапшылар жаңа әрі көп дәріптелген, ЖИ-ге негізделген "Tasqyn" ақпараттық жүйесіндегі қызыл суды моделдеуден де алыпты. Оның есептеулері "Қазгидромет", Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ Talsim-NG гидрологиялық модельдеу жүйесінің деректері негізінде жүргізілген.
Нәтижесінде, "Tasqyn" 34 елді мекен су астында қалуы мүмкін деп топшылады. Оның ішінде: 8-і – Ақмола облысында, 1-уі – Абай облысында, 8-і – СҚО-да, 2-еуі – Қарағанды облысында, 2-еуі – Ақтөбе облысында, 13-і – Батыс Қазақстан облысында.
Алайда дәстүрлі тәсілге – маманның бақылауына көбірек сүйенетін ТЖМ басшысы Шыңғыс Әріновтың болжамы анағұрлым алаңдатарлық. Оның дерегінше, гидрологиялық жағдайға тұрақты мониторинг нәтижесінде ел бойынша 1 242 елді мекеннің су басуға бейім екені анықталған.
Қызметтер сұрапыл дайындыққа көшті
Премьер-министр Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Олжас Бектенов су басу жағдайын бірнеше фактор қиындатуы мүмкін екенін ескертті: біріншіден, даланы жапқан қар – қалың, қоры – мол. Екіншіден, қар бетінде мұз қабығы пайда болған, салдарынан, еріген су жерге сіңбейді. Үшіншіден, топырақ тоң болып, бірнеше метрге дейін терең қатып қалған.
Үкімет жетекшісі әкімдерді сынға алды: біраз өңірде тасқынға дайындық толық аяқталмаған. Бірқатар облыстарда әлі күнге өзен арналарын тереңдету, жағалауды бекіту, қорғаныс бөгет-дамбаларын нығайту және қар шығару жұмыстары толық аяқталмаған.
Су министрі Нұржан Нұржігітовтің мәліметінше, республикада 1 395 гидротехникалық нысан бар. Оңтүстік өңірлердегі су қоймалары қазірдің өзінде су жинау режимінде көшті, яғни, оларға еріген су келе бастады.
ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов министрліктің жедел штабы 1 наурыздан тәулік бойы жұмыс істеуге көшкенін нықтады. Бұл гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйін тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді.
Ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауқымды топ: 39 мыңнан астам маман мен 18 мыңнан астам техника және арнайы құралдар дайындалған. Барлық қызметтер жоғары дайындық режимінде. Егер жағдай күрделенсе, шешімдер шұғыл қабылданады, деп уәде берді Әрінов.
Өткен жылы ТЖМ-нің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылыпты. Оған 842 арнайы техника, 27 қайық пен катер, сондай-ақ 4 ұшақ берілген. Ведомствоның мәліметінше, су басудың алдын алу үшін қазірдің өзінде 830 шақырымнан астам қорғаныс дамбалары мен біліктері салынған.
Сонымен қатар 1 128 шақырым дренаж жүйелері, арналар мен арықтар салынды және жөнделді. Автомобиль және теміржол желілерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылды немесе ауыстырылды. 5 апаттық көпір жөнделді. Өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде 166 шақырым арна тереңдетілді, 255 шақырым жағалау бекітілді, 221 шақырым өзен арналары түзетілді және 172 шақырым өзен арналары тазартылды
Дрондар – қауіпсіздік күзетінде
Вице-премьер Бозымбаевтың байламынша, тасқын қаупі жоғары 5 өңірде – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар бетінде қалыңдығы 4 сантиметрге дейін жететін мұз қабығы қалыптасқаны анықталды. Ал, топырақтың 2 метрге дейін тоң болып қатуы тіркелген.
Таулы және жазық аудандарда қар қоры биыл көп жиналған. Мұндай жағдайда "далалық су тасқындары" деп аталатын құбылыстың өрбу қаупі артады. Олар өзен арналарындағы судың көтерілуінен бұрын басталып кетуі мүмкін. Яғни, қатып жатқан су қоймаларына даладан лық етіп мол су құйылады және оның арнасынан тасып төгіледі.
Осыған байланысты Су ресурстары министрлігіне су қоймаларын толтырудың оңтайлы көлемін анықтап, олардың жағдайына тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды. Қажет болған жағдайда суды алдын ала әрі қауіпсіз түрде төменге ағызу шаралары қабылдануға тиіс.
Сондай-ақ көршілес мемлекеттермен, ең алдымен Ресеймен, трансшекаралық су айдындарындағы су шығыны және ықтимал қауіптер туралы тұрақты ақпарат алмасу жүйесін жолға қою тапсырылды.
Көлік министрлігі жолдардың, көпірлердің және су өткізу құбырларының жағдайын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етуі шарт. Өңір әкімдіктері тасқынды болдырмау және оны жою үшін қажетті ресурстарды дайындап, ауыл мен қаладан қарды уақытылы шығаруы керек. Су тасқыны қаупі бар барлық елді мекендер бөгеттермен қоршалып, арнайы бөгет-дамбалармен қорғалуы қажет.
Сондай-ақ әкімдерге көлік қатынасы үзіліп, "аралға" айналу қаупі бар ауыл-аудан тұрғындары ашықпауы, қымбатшылық жайламауы үшін күнібұрын азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек және басқа да өмірлік маңызы бар тауарлардың қорын қалыптастыру жүктелді.
Бұған қоса, мұзбен құрсалған өзендерде жарылыс жұмыстары жүргізіледі. ТЖМ ІІМ-мен бірлесіп, су басу қаупі туындаған жағдайда азаматтарды уақытылы эвакуациялау мәселелерін пысықтауға тиіс. Эвакуациялық пункттердің және техниканың дайындығы да тексеріледі.
Қазіргі заманғы технологиялар да су тасқынымен күресте маңызды рөл атқара бастады. Таяуда Үкіметте аумақтарды қашықтан бақылауға арналған "Бірыңғай дрон инфрақұрылымы" жобасы таныстырылды. Ол "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Атбасар ауданының мысалында су тасқыны жағдайын бақылауда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданудың мүмкіндігі паш етілді. Дрондардың көмегімен су деңгейі мен қорғаныс құрылыстарының жағдайы туралы жедел мәлімет алуға болады.
Ақпарат нақты уақыт режимінде ТЖД жедел штабына және Digital Aqmola орталығына жіберіледі. Әзірге бұл жүйе Ақмола облысының аудан орталықтары мен қалаларында іске қосылған. Болашақта төтенше жағдайлардың алдын алудың маңызды құралына айналуы мүмкін.