Қазақстандық аграршылар арзандатылған ЖЖМ-мен қош айтысты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2957

Еліміз бойынша биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 375 мың тонна дизель отыны қажет.

Қазақстандық аграршылар арзандатылған ЖЖМ-мен қош айтысты

Қазақстанда қыстың қаһары қайтып, табиғат жаңарып, айнала құлпыра бастады. Бірақ ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің көктемгі саумал самалға мастанып, "жағаны жайлауға" салар жайы жоқ. Алқаптарда дән егу науқанының көрігі қызатын шақ бастау алды.

Күзде қазақтың кең даласында алтын астықтың жайқала өсуі қазіргі қауырт тірлікке байланысты болмақ. Осы орайда ел үкіметі жауапты құрылымдардың егін егу жұмыстарына дайындығын пысықтап шықты.

Ең алғашқы түйткілді мәселе жыл сайын егін салу науқанын жеткілікті көлемде жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге қатысты болатыны құпия емес. Жалда қолданылатын дәстүрлі тетік бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі, аумағында егін егілетін барлық облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жанар-жағар май (ЖЖМ) материалдарына деген қажеттіліктерінің көлемін анықтап шыққан. Бұл ретте олар аграршылардан қанша көлемдегі жерде дән егу жұмыстарын жүргізетіндері туралы егжей-тегжейлі ақпарат алғызыпты. Сол деректер негізінде ЖЖМ шығыстарының нормативтері есептелген. Қорытынды түйіндер мен сандар белгілі болған соң, АШМ энергетика министрлігіне егін егу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағар май жеткізу көлемдері туралы ұсыныстар енгізді. 

Сонымен, облыс әкімдерінің орынбасарлары растап, қол қойған өңірлердің ресми өтініштеріне сәйкес, биылғы жылы көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу үшін маусым айына дейін жалпы ауқымы 375 мың тонна дизель отыны қажет болады деп күтілуде.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің түсіндіруінше, әрбір өңірге дизель жөнелту кестесі тікелей әрбір әкімдіктің өтініші негізінде құрастырылады.

Айта кету керек, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары ақпан және наурыз айларына егіс жұмыстары үшін дизель отынын сұратпаған. Олардың тапсырысы осы наурыздан басталады. 

Ал Батыс Қазақстан, Атырау облыстары ақпан және наурыз айларында да егіншілердің ЖЖМ-ге мұқтаждығы жоқ деп санайтын болса керек, көктемнің соңғы айына дейін өтініш бермеген. БҚО тек сәуір және мамыр айларына 5 және 7 мың, ал Атырау облысы 0,2 және 0,4 мың тонна дизель жеткізіп беруді сұратыпты.

Айта кету керек, алдымен облыс әкімдіктері өз өңірлерінде осы іске жауапты операторларды анықтайды, олар өз кезегінде мұнай өңдеу зауыттарымен келісім бекітіп, облысқа дизельді отын жеткізілімін жүзеге асырады. ЖЖМ содан кейін әрбір аудандағы егіншілер арасында бөліске салынады.

Бұл жерде оператор ретінде мұнай өнімдерін сату саласында жұмыс тәжірибесі бар, қажетті қаржылық ресурстарға және сақтау қоймалары мен базаларына ие компаниялар таңдалады.

Бірінші вице-министр Арман Евниев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді егіс жұмыстарын өткізуге қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге бюджеттік қаражаттар бөлінбейтінін еске салады. Сондықтан аграршыларға ЖЖМ сатып алуға керекті қаражаттарды табу және тарту мәселелерін өздері шешуге тура келеді.       

Сондай-ақ бұрын мемлекеттік қолдау ретінде дизель отыны диқандарға көктемгі егін егу және күзгі орақ салу кезінде арзандатылған бағамен берілетін. Кейбір жылдары оның бағасы әр литрі үшін 80 теңгеге дейін төмендетіліп еді.

"Дизель отынын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бүгінде орташа нарықтық бағамен жеткізіледі. Өйткені қазіргі уақытта бағаларды мемлекеттік реттеу тек АИ-80 маркалы бензинге қатысты ғана іске асырылады. Дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеу болса, 2016 жылдың тамызында жойылды", – деді АШМ бірінші вице-министрі.

Бірақ әрбір өңірді белгілі бір мұнай өңдеу зауытына бекіту тәжірибесі қалды. Ол бойынша биыл Атырау МӨЗ-інен Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарына ЖЖМ жол тартады. Жалпы алғанда, Атырау МӨЗ-і көктемгі егіс жұмыстарына 26 мың тоннадай дизель отынын бөледі деп күтілуде.

Негізгі салмақ Павлодар мұнай-химия зауытына түсетінге ұқсайды. Қазақ елінің басты астықты облыстары да соның еншісінде.

Нақтырақ айтсақ, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары астықшыларының дән егу маусымында жанар-жағар майдан қысылмауы ПМХЗ-ның мойнында болады. Тұтастай алғанда, бұл зауыттан аталған өңірлерге 261 мың тоннадан астам дизель жөнелтілмек.

Ал Шымкенттегі "ПетроКазахстан Ойл Продактс" Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, ішінара Қызылорда облыстарына жалпы көлемі 87 мың тоннадай дизельді отын босатады деп болжануда.

АШМ осы 2018 жылы 21,8 миллион гектарда ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарлап отыр.

Соның ішінде дәнді дақылдар 14,7 миллион гектарын жайлайды. Бірақ оның тек 11,4 миллионы ғана бидайға тиесілі. Осылайша, "ас атасының" шикізаты өсетін егістік көлемі өткен 2017 жылғыдан тағы 0,5 миллион гектарға азайтылып отыр. Әйтпесе, осы жылы да Ресей астық жинаудан әлемдік рекорд орнатса, Қазақстан өзі жинаған бидайды өткізер нарық таппай қиналуы ғажап емес.

Оның орнына еліміз әлемдік нарықта сұранысы әрі бағасы жоғары майлы дақылдарға ден қоюда. Биылғы жылы бұлардың егістігі шамамен 2,6 миллион гектарды алып жатпақ.

Жерге дәнмен бірге тыңайтқыш та төгілетіні мәлім. Бұл ретте әкімдіктерге егіншілерден 446 мың тонна тыңайтқыш алуға өтініштер түсіпті. Оның 270,1 мың тоннасы аграршыларға осы наурыз және алдағы сәуір, мамыр айларында қажет болмақ. Ел үкіметі өңірлердің 2018 жылғы тыңайтқыштарға деген қажеттілігі бойынша жоспарды тыңайтқыштар өндіретін отандық зауыттарға жолдады. Өз кезегінде сол кәсіпорындар жеткізу кестелерін өздері құратын болады. Отандық тыңайтқыштарға жеңілдіктер қарастырылған екен.   

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться