Қазақстандық астыққа сұраныс жоғары

9910

Жаңа маркетингтік жылдағы астық пен ұн экспорты саласындағы басты трендтер туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қазақстандық астыққа сұраныс жоғары Фото: Серікжан Қобыланбаев

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен "ҚТЖ" АҚ-ның деректері бойынша 2020-2021 маркетингтік жылдың 4 айында (2020 жылдың 1 шілдесі-2021 жылдың 30 маусымы) Қазақстан 2 млн 734 мың тонна астық пен астық эквивалентіндегі ұнды экспорттады. Оның ішінде 1 млн 934 мың тонна бидай және 701 мың тонна астық эквивалентіндегі ұн.

Ақпарат үшін: өткен маркетингтік жылдың алғашқы 4 айында Қазақстаннан 2 млн 617 мың тонна (-4%) астық пен ұн, оның ішінде 1 млн 624 мың тонна бидай (-16%) және 628 мың тонна астық эквивалентіндегі ұн (-10%) экспортталды.

Басқа дәнді дақылдардың (арпа, сұлы, жүгері, күріш, қарақұмық, тары және т.б.) экспорты 2020-2021 маркетингтік жылдың 4 айында 98 мың тоннаны құрады, оның ішінде 76 мың тонна арпа Иран еліне жөнелтілді.

Бидай мен бидай ұнының басым бөлігі биыл Орталық Азия елдеріне сатылды: 1 млн 293 мың тонна – Өзбекстанға, 406 мың тонна – Тәжікстанға жөнелтілді. Қырғызстан мен Түркіменстанға сату көлемі – 38 және 11 мың тоннаны құрайды.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Ауғанстанға 593 мың тоннаға жуық, Қытайға 194 мың тонна экспортталды.

Соңғы жылдары Грузияға астық пен ұн сату төмендеген. Аталмыш ел 2014 жылға дейін басым нарықтар қатарына кірген болатын. Өткен маркетингтік жылы Қазақстан бұл елге бар болғаны 2,6 мың тонна астық пен ұн сатса, ал биыл Грузияға отандық өнім мүлде жөнелтілмеді.

Сондай-ақ бірқатар елдердің қазақстандық ұнға деген қызығушылығының төмендеу заңдылығы бар. Мысалы, қазақстандық өнімнің ірі импорттаушысы болып табылатын Өзбекстан Республикасы 2011/2012 маркетингтік жылы – 1,3 млн тонна ұн, 2015/2016 м.ж. – 843 мың тонна, 2019/2020 м. ж. – 345 мың, ал 2020/2021 м. ж. 4 айында – барлығы 103 мың тонна ұн сатып алды.
Соңғы жылдары қазақстандық ұн экспорты – Ауғанстан мен Қытайға артқанын атап өткен жөн. 

Нарық қатысушылары үшін Қазақстан арқылы өтетін астық пен ұн транзитінің көлемі туралы ақпарат маңызды болып табылады.

2020 жылғы шілдеде республика аумағы арқылы басқа елдерге 17,4 мың тонна, тамызда – 32,8 мың тонна, қыркүйекте – 25,5 мың тонна, қазанда – шамамен 25 мың тонна астық жеткізілді. Ең көп жүк көлемін, шамамен 42 мың тоннаны Қырғызстан Республикасы алды.

Бидай ұны транзитінің серпіні: шілдеде – 9,6 мың тонна, тамызда – 11 мың тонна, қыркүйекте – 8 мың, қазанда-12 мың тонна. Жүктердің көп бөлігі, яғни 48 мың тоннасы Ауғанстанға бағыт алған.
Астық эквивалентіндегі астық пен ұнның жалпы транзиті 160 мың тоннаны құрады.
Сонымен қатар Қазақстанға Ресей Федерациясынан астық импорты 166 мың тоннадан асты.

Естеріңізге салсақ, 2020 жылғы 3 қарашада БҰҰ-ның Еуропаға арналған Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өңірлік конференциясының 32-сессиясында Сапархан Омаров "Коронавирус пандемиясына, локдаунға және осыған байланысты шектеулерге қарамастан, Қазақстан көрші елдерге азық-түлік жеткізуді жалғастырды. Биылғы 8 айда ШЫҰ елдеріне $1,3 млрд. азық-түлік жөнелтілді, ал өткен жылы бидай мен ұн экспорты есебінен Қазақстан 45 миллионнан аса ғаламшар тұрғындарын тамақтандырды" деп атап өткен болатын.

Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрі көрші елдердегі сұраныстың өсуін ескере отырып, республика ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндіруді ұлғайтуды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сандық көрсеткіштер ғана емес, өнім сапасы да маңызды болмақ. Атап айтқанда, Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктері бар.

Еуропалық комиссияның ресми деректерінде экспорт көлемі бойынша Қазақстан Еуро Одақ елдеріне органикалық агроазық-түлік өнімдерін жеткізетін 123 елдің ішінде 9-шы орында. Ал Органикалық бидай мен майлы зығыр тұқымдарын сату бойынша республика абсолюттік көшбасшылар қатарына кіреді.

Есжан Ботақара

Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу