Қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына шықты

192

Финалда Юсуф Мациев украиналық балуанмен кездеседі. 

Қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына шықты

20-23 қазан аралығында Сербияның Нови-Сад қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы бұл жарыста ел намысын абыроймен қорғауда.

Ел құрамасы сапында Ерасыл Мамырбеков (55 кг), Исхар Құрбаев (60 кг), Нұрдәулет Қапас (63 кг), Бағдат Сабаз  (67 кг),  Мерей Маулитханов (72 кг), Елдос Камелов (77 кг), Омар Сатаев (82 кг), Мақсат Сайлау (87 кг), Юсуф Мациев (97 кг) және Джохар Узаров  (130 кг) сынға түсуде.

Осы спортшылардың ішінде ерекше көзге түскен балуан – 97 кг салмақ дәрежесінде белдескен Юсуф Мациев. Ол бірінен соң бірі мықты қарсыластарын жеңіп, әлем чемпионатының финалына жолдама алды.

1/8 финалда Юсуф жапон балуаны Кио Китауакиді 3:2 есебімен ұтты. 1/4 финалда армениялық Аршак Гегамяннан 4:3 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда ресейлік Максим Аверинді 9:4 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, шешуші белдесуге шықты.

Финалда ол Украинаның балуаны Егор Якушенкомен кездеседі. Айта кетейік, қарсыласы бұған дейін 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы және 23 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы атанған.

Дегенмен Юсуф Мациев те тәжірибелі спортшы. Ол финалда бар шеберлігін көрсетіп, ел намысын лайықты қорғайтынына сенім мол.

67кг салмақ дәрежесіндегі Сабаз Бағдат 1/8 финалға өтті. Енді Бағдат Мысыр елінің өкілі Мохамед Абделрехиммен белдеседі.

72кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Мерей Маулітханов болгариялық қарсыласына ұпай бермей, 8:0 есебімен басым түсіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады. 1/4 кезеңіндегі қарсыласы Түркиялық балуан Ерен Улку.

Айта кетейік, 77кг салмақ дәрежесіндегі Елдос Камелов пен 87кг салмақ дәрежесіндегі Сайлау Мақсат жарыс жолын аяқтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу