17-24 тамыз күндері Болгарияның Самоков қаласында жастар арасында (U20) өткен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада табысты өнер көрсетіп, жалпы есебімен 1 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль иеленді.
Еркін күресте Едіге Қасымбек (125 кг) тарихи жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Бұған дейін екі мәрте күміс жүлдегер атанған қазақстандық балуан биыл алтынды қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, Камиль Куруглиев (92 кг) күміс жүлде иеленсе, Нурданат Айтанов (57 кг), Самир Дурсунов (97 кг) және Құл Ғайып Досжан (74 кг) қола медаль алды. Қазақстан еркін күрестен командалық есепте 2-орынға тұрақтады.
Әйелдер күресінде Анна Стратан (57 кг) қола жүлде жеңіп алды.
Грек-рим күресінде үш балуан қола медаль иеленді: Арсен Жұма (55 кг), Юсуф Ашрапов (72 кг) және Темірлан Турдақын (87 кг). Ал Диас Сейткалиев (82 кг) финалға дейін жетіп, ресейлік қарсыласынан ұтылып, күміс жүлдегер атанды.