Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан ересектер арасындағы "Yaşar Doğu & Vehbi Emre & Hamit Kaplan" халықаралық турнирінде грек-рим күресінен қазақстандық балуандар топ жарды.
Спортшыларымыздан алғашқы болып Юсуф Ашрапов алтын медальға қол жеткізді. 72 келі салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз финалда қарсыласын небәрі 32 секундта жамбасқа алып ұрып, турнир жеңімпазы атанды.
67 келіде белдескен Сабаз Бағдат ақтық белдесуде Түркия құрамасының өкілімен күш сынасып, қарсыласынан айқын басым түсіп, 9:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ел қоржынына екінші алтын жүлдені салды.
Сондай-ақ Ардақов Еркебұлан 63 келі салмақ дәрежесінде Түркия спортшысынан басым түсіп, жарыстың қола медальін жеңіп алды.
97 келі салмақ дәрежесінде белдескен Бержанов Рахат та халықаралық жарыстың қола медальін жеңіп алды.
Қонысбек Төкенов шәкірттері жалпыкомандалық есепте 104 ұпаймен 3-орынға тұрақтады. Алдағы күндері еркін күрес балуандары жарысқа шығады.