Қазақстандық бидай экспорттаушылар дабыл қағып отыр

3825

"Қазақстан темір жолы" вагондарды уақытылы бермеудің салдарынан ауылдағы қарапайым диқан зардап шегуі мүмкін, дейді мамандар.

Қазақстандық бидай экспорттаушылар дабыл қағып отыр Фото: ElDala

Қазақстан биыл астықтан рекордтық көрсеткіште өнім алды. Сонымен қатар, Ресейдің де астығы бітік шыққан. Алайда, басты проблема экспорттағы бәсеке ғана емес, дайын өнімді экспорттаудың кешеуілдеуі болып отыр. Астық экспорттаушы компанияларға Қытай нарығы жабық, ал өзге нарықтарға жеткізу бойынша міндеттемелер дер кезінде орындалмай жатыр. Өйткені, елімізде астық тасымалдайтын вагондар жетіспеуде. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан "Asia Grains & Oils Conference in Qazaqstan 2022" халықаралық конференциясына жиналған сарапшылар мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Ал, Қазақстан биыл 22 млн тонна астық жинаған. Сарапшылардың дерегінше, оның 15 млн тоннадан астамы бидай. 3млн тоннадай арпа, қалғаны басқа дәнді дақылдар.

Алайда, KazGrain Ұлттық экспортерлар ассоциацясының төрағасы Зейнолла Абдуманаповтың айтуынша,  шаруалар банктердің алдындағы міндеттемелерін уақытында орындай алмай жатыр. Өйткені, өнімдерін уақытында өткізе алмай отыр. Майда шаруалардың қалыптасқан инфрақұрылымдары жоқ. Сол себептен ішкі нарықта баға түсіп жатыр. Бұл шаруалар үшін қиындық туғызып отыр, дейді KazGrain Ұлттық экспортерлер ассоциациясының төрағасы Зейнолла Абдуманапов. 

Оның айтуынша, майда шаруалар қазір алған өнімін бірден өткізіп жібермеген соң қамбаларға, элеваторларға кіргізуге мұқтаж. Бірақ, олардың өзі астыққа толып тұрғандықтан, олар да қабылдай алмайды. Алдымызда қыс келе жатыр. Далада қалған астық бұзылып кетуі ықтимал деген де қауіп жоқ емес. Банк алдындағы міндеттемесін орындай алмаса, астығы далада қалса, шаруалар банкортқа ұшырауы мүмкін. 

"Ресей биыл рекордтық көлемде астық жинады, мұндай өнім тарихында болмаған. 150 млн тоннадан астам. Оның 100 млн тоннадан астамы бидай. Олар 2017 жылғы рекорды 87 млн тонна бидай болатын. Қазан айында 4,7 млн тонна астықты экспортқа жіберді. Астық экспортына қатысты Ресейде проблема жоқ", дейді Қазыбек Омаров, "Таргис Қазақстан" ЖШС директорының орынбасары.

KazGrain Ұлттық экспортерлар ассоциацясының төрағасы Зейнолла Абдуманаповтың сөзінше, дегенмен Ресей қазір санкиялардың салдарынан астығын экспортқа шығара алмаса, Қазақстанның нарығын транзиттік нарық ретінде көріп, Орталық Азия нарығына астығын өзіне ыңғайлы бағамен өткізуге дайын отыр. 

Мұндай бәсеке қазақстандық қарапайым шаруалар үшін салдары тым ауыр болуы мүмкін деген сарапшы, екінші мәселе нарықтағы дэмпинг екенін де жоққа шығармайды. 

"Қазақстанның астық экспортындағы негізгі нарығы – Орталық Азия елдері. Бірінші орында Өзбекстан, екінші орында Тәжікстан, үшінші орында Иран, төртінші орында Ауғанстан. Осы нарыққа транзиттік астықты жібермеу үшін, ішкі нарықта бағаны түсіруге тура келеді. Оның ауыртпалығы қарапайым диқандарға түседі",-дейді Зейнолла Абдуманапов. 

Сондықтан бұл проблеманың алдын алу үшін сала мамандары Үкіметтен транзиттік баж салығын көтеруді сұрап отыр. 

Жалпы, Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті 6-7 млн тонна. Жылдан жылға бұл көрсеткіш өсіп келе жатыр. 2021 жылы Қазақстан 8 млн тоннаға жуық бидай экспорттаған. Бірақ, ол кезде астық экспорттаушылары логистикадан қиындық көрмеген. 

"Қазір астық тасымалдайтын вагон тапшы, тіпті тапшылықтан бұрын, ол вагондар жүрмей жатыр. Біз бұл мәселені айтып, ассоциацияның атынан Үкіметке де,  Президенттің атына да хат жаздық. Себебін ешкім бізге түсіндіріп беріп жатқан жоқ. Алып-қашпа әңгімелер бар. Біреулер локомотивтің жоқтығы, біреулер станцияларда жүргізу мүмкіндігі болмай жатыр дейді. Бірақ "Қазақстан темір жолы" тарапынан нақты себебін түсіндіретін мәлімдеме жоқ. Мен экспорттаушы ретінде вагондарымды 30 тәулік бойы күтіп отырмын. 20-30 тәулік күткен вагон, тағы 2-3 күн оны жүктеуге кететін болса, жүс тасымалымен сатып алушыға жеткізетін болсам, 40 тәулікке дейін уақыт алады. ал былтыр 40 тәулік ішінде бір вагон екі рет барып келетін",-дейді. 

"Павлодар облысындағы диқандардың басты проблемасы да темір жол тасымалы. Қазір өңірдегі дихандар 4,2 млн тонна астықты экспорттауға дайындап отыр. Үшінші сұрыпты бидай бағасы тоннасына 117 мың теңге деп белгіленген. Ал, қазан айында 120 мың теңге болған. Алайда, осы бағаның өзіне астықты жеткізу мүмкін болмай отыр. Салдарынан туындайтын шығынның барлығы қарапайым диханның, ауылшаруашылық өндірушілердің қалтасына түсіп отыр",-дейді "Ертіс агро" ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің өкілі Бахтияр Серіков. 

Жығылғанға жұдырық биыл вагондардың тапшылығымен қоса, оларды жалдау тарифі де ұлғайды. "Былтыр бір вагонды 700 мың теңгеге жалдайтынбыз. Биыл ол вагондар 1,6 млн, 1,7 млн теңгеге дейін көтеріліп, бір вагонның бағасы 2-2,5 есе өсіп кетті",-дейді KazGrain Ұлттық экспортерлар ассоциацясының төрағасы Зейнолла Абдуманапов. 

Жоғары сұрыпты астықты экспорттаумен ғана айналысамыз деген Бахтияр Серіков те Зейнолла Абдуманаповтың сөздерін қолдап отыр. Оның айтуынша тек осы жылдың наурыз айында ғана Өзбекстанға бір вагонды 800 мың теңгеден жалдап апарған, ал қазір, вагон бағасы 2-2,5 млн теңгеден болып отыр. Алайда, экспортерлар шетелдік серіктестерінің алдындағы міндеттені орындау үшін мұндай бағаға да тасымалдайтын еді. Тек, Павлодар өңіріне астық тасымалдауға арналған вагон жіберілмей отыр. 

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін экспортты екі есе өсіруге тапсырмма берген болатын. сарапшылардың айтуынша, Қазақстан экспортын өсіруге мүмкіндік бар. Өзбекстан, Тәжікстан тіпті Қытай қазақстандық өнімдерге үлкен қызығушылықпен қарап отыр. 

"Қазақстан темір жолы" астық экспорттаушылардың Қытайға шығу мүмкіндігін жауып тастады, дейді  Зейнолла Абдуманапов. "Сондағы ұлттық тасымалдаушының айтатын уәжі-Қытай тарапы вагондарды қабылдамай жатыр, дейді. Ал, Қытай тарапымен сөйлессек, олар біз тауарды қабылдауға дайынбыз дейді. Сондықтан, биылғы басты мәселе келіп осы "Қазақстан темір жолы" компаниясына тіреліп тұр. Бізде бидай бар. Біздің өнімге сұраныс көп. Бізде сапалы өнім бар. Сол сапалы өнімді жіберейік десек, бізде инфрақұрылым жоқ. Ол Қазақстандық монополист компания. Сондықтан, ол барлық компаниялармен бірдей жұмыс істеуі керек. Алайда, олар бұлай жасамай отыр. Сондықтан қазір арамызда осындай келіспеушілік туып отыр", дейді Зейнолла Абдуманапов.

Қыркүйек айында басталған астық тасымалдау науқаны алдағы жылдың тамыз айында ғана аяқталады. Бастысы сол уақытқа дейін дайын әрі сапалы өнімді, лайықты бағаға шетелдік серіктестерге жеткізу. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу