Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U19 және U23 жас санаттары бойынша Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
8 шілдеде U23 санатында ширек финалдық жекпе-жектер ұйымдастырылып, нәтижесінде Қазақстан құрамасының төрт өкілі жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Атап айтқанда, Гүлназ Бөрібаева (48 келіге дейін), Анита Адишева (51 келіге дейін), Ұлжан Сәрсенбек (57 келіге дейін) және Аяжан Ермек (60 келіге дейін) құрлық біріншілігінің финалына шығу үшін шаршы алаңға шығады.
Ал Сымбат Әлиасқар (54 келіге дейін) мен Аружан Жаңабаева (65 келіге дейін) ширек финалда қарсыластарына есе жіберіп, жарысты аяқтады.
U23 жас санатындағы жартылай финалдық кездесулер 12 шілдеде өтеді.