Қазақстандық былғары қолғап шеберлері "Странджа" турниріне қатысады

115

"Странджа" турниріне қатысатын боксшыларымыздың есімдері белгілі болды. 

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері "Странджа" турниріне қатысады

23 ақпан мен 2 наурыз аралығында Болгария астанасы Софияда бокстан дәстүрлі "Странджа" халықаралық турнирі өтеді. Биыл бұл байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының 39 спортшысы шаршы алаңға шығады. "Странджа" – Еуропадағы ең беделді турнирлердің бірі саналады және оны бейресми түрде кіші әлем чемпионаты деп те атайды.

Қазақстан құрамасы бұл жарысқа алғаш рет 1994 жылы қатысқан. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында "Странджа" турнирінен 23 алтын, 34 күміс және 45 қола медаль бар.

Еліміз тарихындағы алғашқы чемпион 2005 жылы тіркелді. Серік Сәпиев 60 келі салмақта топ жарып, Қазақстан боксының жаңа белесін ашқан болатын. 

Айта кету керек, 2025 жылы Қазақстан құрамасы "Странджа" турниріндегі ең үздік нәтижесін көрсетіп, 6 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған еді. Бұл жолы да жанкүйерлер ұлттық құрамадан жоғары нәтиже күтеді.

Биылғы жарысқа ерлер құрамасынан 19 боксшы қатысады. 50 келіде Даниал Сәбит пен Бекзат Алдамжаров жұдырықтасады. 55 келіде Тимур Қабдешов пен Бағлан Кенжебек сынға түседі. 60 келіде Бейбарыс Жексен мен Руслан Күзеубаев ел намысын қорғайды. 65 келіде Ертуған Зейнуллинов, Әбдікәрім Әбдіғалым және Илья Калинин өнер көрсетеді. 70 келіде Фарух Тоқтасынов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бақ сынайды. 80 келіде Санжар-Али Бегалиев пен Диас Молжігітов шаршы алаңға шығады. 85 келіде Сұлтанбек Айбарұлы, Бекзат Таңатар және Дәулет Төлемісов қатысады. 90 келіде Нурмагамед Юсупов жұдырықтасса, аса ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай мен Даниал Сапарбай бақ сынайды.

Әйелдер құрамасында 20 спортшы бар. 48 келіде Айгерім Сәттібаева мен Анель Құдайберген өнер көрсетеді. 51 келіде Жазира Орақбаева мен Анита Адишева сынға түседі. 54 келіде Элина Базарова, Жайна Шекербекова және Анель Сақыш жұдырықтасады. 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек пен Айдана Забынбекова бақ сынайды. 60 келіде Виктория Графеева мен Римма Волосенко шаршы алаңға шығады. 65 келіде Лаура Есенкелді мен Аружан Жаңабаева қатысады. 70 келіде Бақыт Сейдіш пен Мадина Нұршаева ел намысын қорғайды. 75 келіде Валентина Хальзова мен Мария Сидоренко өнер көрсетеді. 80 келіде Надежда Рябец сынға түссе, +80 келіде Дина Исламбекова мен Валерия Аксенова жұдырықтасады.

София төріндегі бәсеке ұлттық құрама үшін маңызды сынақ болмақ. Бұл турнир алдағы ірі жарыстар алдындағы дайындық деңгейін көрсететін басты алаңдардың бірі. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері кезекті рет жүлде қорын толықтыруды мақсат етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу