Қазақстандық дата-орталықтарға ресейлік бизнес жаппай ауып келіп жатыр

1388

Деректер базасын, мәліметтер қорын Қазақстандағы деректерді өңдеу орталықтарында орналастыратын ресейлік компаниялардың үлесі еселеп күрт артты. 

Қазақстандық дата-орталықтарға ресейлік бизнес жаппай ауып келіп жатыр

Республикамыз цифрлық салада өз аймағының жолбасшысына, жөн көрсетушісіне айналды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Мемлекеттің цифрландыруға бағытталған бағдарламалар мен жобалар аясында ынталандыруы, қолдауы арқасында елде деректерді өңдеу орталықтары (ДӨО немесе дата-орталықтар) мен бұлтты сервистер нарығы қарқынды дамуда.

Қазақстанда дата-орталықтарды салу табысты бизнеске айналды.  Халықаралық iKS-Consulting консалтинг агенттігінің қазақстандық өкілдігінің басшысы Светлана Черненконың айтуынша, соңғы 3 жылда коммерциялық ДӨО-лардағы серверлік сөрелер (стойка) саны еселеп өсіп, жалпы саны 2,5 мыңға жуықтады. Нақтыласақ, 2016 жылы республикадағы дата-орталықтарда небары 980 сөре ғана болыпты (әдетте бір орталықта орта есеппен 90-нан 300-ге дейін серверлік сөре, яғни, деректер қоймаланатын бағаналар болады).

2019 жылы сөрелер саны 1210-ға дейін өсті. Былтырғы 2022 жылы бірден екі еселеніп, 1240 сөреге артқан: сөйтіп, жалпы саны 2 450-ге жетті. Алда бұл сан 3 мыңнан асады деп күтілуде.

Коммерциялық ДӨО табыстарының өсу екпіні де алапат: соңғы үш жылда 9,1 миллиардтан 17,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. iKS-Consulting болжамынша, бұл нарық алдағы жылы 25,8 млрд теңгеге жетеді.

Мысалы, Астанада дата-орталықтағы бір блокты жалға алу айына 128 мың теңгеге түседі.

Бірақ бұл басы ғана. Себебі, ресейлік компаниялар өздерінің орасан зор ауқымдағы мәліметтер базалары мен дерекқорларын Қазақстанға көшіріп жатыр, оның бәрін қоймалап, сақтайтын серверлік сөрелерге де сұраныс қарқынды артып барады.

Сарапшылардың хабарлауынша, қазақстандық ДӨО-лар бұрын-соңды болмаған клиенттердің ғаламат тасқынына қарық болды. Солтүстік көршінің ірі компаниялары, коммерциялық емес ұйымдары өздерінің ақпараттық инфрақұрылымын бізге көшіруге асығуда. Мұның бірнеше себебі бар: біріншісі, әрине, санкциялар. Былтыр өтпелі кезеңдер аяқталып, батыстық санкциялар биыл толық күшінде іске қосылды. Салдарынан, Ресей дата-орталықтарына қажетті жабдықтар мен технологиялардан тарыға бастады. Оның үстіне әлемнен оқшауланған Мәскеу мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік секторының ауқымы зор деректер базасын шетелден әкетіп, өз елінде шоғырландырды.

"Сnews.ru" бизнес порталының жазуынша, тіпті ресейлік Ішкі істер министрлігі сияқты алпауыт органдардың дерекқорлары үшін қойма жетіспей жатыр. Сондықтан билік ресейлік коммерциялық ДӨО-лардың әлеуетін жұмылдырды. Солтүстік көрші ақпаратты сақтау және бұлтты технологиялар қызметін ұсынатын шетелдік сервистерге қатысты толыққанды импорталмастыруды жүргізе алмады. 

Екіншіден, тапшылық сыртында РФ аумағынан бизнес нысандары батыстық санкцияларға өздері ілігіп қалмау үшін қашып жатқан көрінеді. Үшіншіден, Қазақстанға ауысу арқылы олар РФ үшін тыйым салынған ресурстарға қол жеткізеді. Мысалы, көршінің бизнес ортасында танымал Vmware виртуализациялау платформасы Ресейде қолжетімді емес, ал Қазақстанда қанша пайдалансаң да жол ашық.

"Ведомости" хабарлауынша, қызметтің барлық салаларында ресейлік компаниялар ресейлік деректерді өңдеу орталықтарының қызметтерінен бас тартып, олардың қазақстандық бәсекелестеріне жүгіне бастады. Нәтижесінде 2022 жылы ресейлік бизнес тарапынан Қазақстанда орналасқан ДӨО-ларға деген қызығушылық күрт артты. Салыстырсақ, қашықтан, онлайн жұмысқа деген қажеттілік күрт артқан пандемиялы 2020 және 2021 жылдары қазақстандық дата-орталықтардағы барлық клиенттер арасында ресейлік компаниялардың үлесі бар-жоғы 2–3%-дан аспады. Ал бір ғана 2022 жылы олардың үлесі бірнеше есеге көбейіп, 8%-ға жетті. Бұл өсімнің тоқтайтын түрі байқалмайды. Ресейлік басылым сауалнамасына жауап берген эксперттер 2023 жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 10% жуықтайды деп күтуде. Осылайша, екі жыл үшінде ресейлік клиенттердің легі бес еселенбек.

Бұл жерде әңгіме Қазақстанға оншақты немесе жүздеген емес, мыңдаған компанияның төл дерекқорын көшіруі туралы болып отыр. Қазірдің өзінде еліміздегі коммерциялық ДӨО қызметтерін шамамен 18 мың заңды тұлға пайдаланады, демек, олардың арасындағы ресейлік компаниялардың үлесі биылғы жыл соңында 2 мыңға жуықтап, ары қарай өсетін болады.

"Қазақстандағы коммерциялық деректерді өңдеу орталықтарының бұлтты қызметтерін тұтынатын ресейлік компаниялар негізінен, ретейлдан, қаржылық ұйымдардан және онлайн қызметтер ұсынатын компаниялардан тұрады. Олар "Қазақтелекомнан", "Транстелекомнан", "Қазтелепорттан" және басқаларынан есептеуіш қуаттылықтарды сатып алады.  Қазақстандағы дата-орталықтар мен бұлттық сервистер нарығы ресейлік компаниялар үшін аса тартымды. Себебі, Қазақстан шетелдік санкцияның қыспағында қалған жоқ, тиісінше, батыстық ақпараттық технологиялар мен жабдықтарды, бағдарламалық қамтылымды сатып алуда еш кедергі көрмейді, солармен заңды түрде жұмыс істей алады", – деді iKS-Consulting даму жөніндегі директоры Дмитрий Горкавенко.

Халықаралық Softline компаниялар тобынның бұлтты шешімдер басқармасының басшысы Дмитрий Исаев ресейлік бизнестің Қазақстандағы ДӨО-ларға көңілі ауғанын растады. Оның айтуынша, Қазақстандағы Softline деректерді өңдеу орталықтарын пайдаланатын ресейлік компаниялардың үлесі жеті есе өскен.

Алайда қазақстандық коммерциялық дата-орталықтар өздеріне ауысып алған ресейлік ірі компаниялардың аттарын атаудан ат-тонын ала қашты. Құпияда сақтады. Сарапшылардың байламынша, олар батыстың қайталама санкцияларына түсіп қалудан қорқады. Себебі, санкция астындағы ресейлік компанияларға батыстық технологиялардың игілігін көруге көмектесуге рұқсат етілмейді. Сондықтан отандық дата-орталықтар клиенттері арасында санкциялық тізімдегі фирмалардың және олардың сыбайластарының болмауына мұқият назар аударғаны жөн.

Мысалы, осы құрдымынан аулақ болу үшін Қытай РФ компанияларына қолұшын беруга асықпай тұр. Шың елінің Huawei техноалыбы жылға жуық уақыттан бері ресейлік байланыс операторларына өзінің базалық станцияларын сатудан бас тартып келеді.

SMM-стратег, айти маман, кәсіпкер Жасұлан Ерубаев бұл үрдіске қуануға асықпаған, абай болған жөн деп санайды.

"Негізі, деректерді өңдеу нарығы біршама монополияландырылған, онда бірнеше ірі ойыншы үстемдік етеді, олардың артында олигархтар тұр. Бұл сала қаптаған салықтық жеңілдіктер мен префренцияларды пайдаланады, яғни бюджетке мол салық төлейді деп айту қиын. Оның үстіне оларға түрлі мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, көбіне ресейлік бизнес Қазақстанда орналасқан, бірақ ресейлік бақылаудағы дата-орталықтарға ауысып жатыр деген пікір бар. Мысалы, Yandex Cloud, VK және басқасының ДӨО-ларына. 2022 жылғы маусымда "Сбер" де Қазақстандағы өзінің үшінші дата-орталығын іске қосты. Ол Қарағандыда ашылды. Бастапқы екеуі Алматыда орналасқан. Бұл орталықтар банкке қызмет етеді. Бірақ әрине, егер осы үрдісті Қазақстан ұтымды пайдалана алса, сала бұрын-соңды болмаған деңгейде өркендейді", – деді Ж.Ерубаев.

Оның бағалауынша, қазіргі кезде қазақстандық дата-орталықтардың өнімділігі ресейлікке қарағанда әлдеқайда жоғары. Олар сол себепті де Қазақстанға ынтызар болып отыруы мүмкін.

Ақпараттық инфрақұрылымын Қазақстанға ауыстыру арқылы ресейлік бизнес басты бір құндылыққа – Ресейде тыйым салынған көптеген ІТ-сервистерге қол жеткізеді. Мысалы, Роскомнадзор Telegram-ды шетелдік сервис деп таныды. Шектеу Ресейде 1 наурызда күшіне енеді. Содан кейін Telegram мессенджеріне банктік қызметтерді интеграциялауға тыйым  салынады. Сондай-ақ бизнеске, жеке тұлғаларға түрлі телеграм боттарды да пайдалануға жол берілмейді. Қазақстанда бұған жол ашық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу