Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен рейтингтік турнирдің финалдық кезеңі 15 шілде күні өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарыстың алғашқы күнінде еркін күрестен Қазақстан құрамасының өкілдері белдесулерін өткізді. Нәтижесінде Асыл Айтақын (61 келіге дейін) мен Нұрқожа Қайпанов (74 келіге дейін) финалға жолдама алды.
61 келіге дейінгі салмақта Асыл Айтақын алтын медаль үшін түркиялық Толга Озбекпен кездеседі. Ал 74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов финалда қытайлық Фэн Лумен белдеседі.
57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрданат Айтанов қола жүлде үшін канадалық Тимоти Левайнмен күреседі.
Сонымен қатар жұбаныш белдесулерінің қорытындысы бойынша қазақстандық балуандар арасынан жүлдеге таласушылар саны артуы мүмкін.