Әзірбайжанның Баку қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі (U17) әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасының екі өкілі жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
46 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Інжу Баққожа мен 61 келіге дейінгі салмақтағы Аружан Бақытнұр жартылай финалға дейін жеткенімен, қарсыластарына есе жіберді. Енді олар қола медаль үшін өтетін белдесулерге қатысады.
Қос спортшының қола жүлде жолындағы қарсыластары жұбаныш белдесулерінің қорытындысы бойынша анықталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Айша Әбдімәлік (65 келіге дейін) U17 әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.