Қазақстандық көмір нарығындағы дүрбелеңге Ресей бақылауындағы кәсіпорын ықпал еткен

3496

Антимонополиялық орган көмір бағасын мемлекет белгілесін деп ұсынып отыр. 

Қазақстандық көмір нарығындағы дүрбелеңге Ресей бақылауындағы кәсіпорын ықпал еткен Фото: agmpnews.kz

Елде жылда күрт қымбаттайтын өнімнің бірі – көмір. Инфляциямен күресте итжығыс түспек түгіл, үнемі жеңіліп жатқан Үкімет соған серпінді ықпал ететін көмір нарығына назар аударды.

Салаға ауқымды талдау жүргізген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сарапшылар бұрыннан айтып келе жатқан ақиқатты анықтады. Энергетикалық көмірді көтерме сату нарығын монополия жайлаған, ешқандай бәсекелестік жоқ. 

Соның ішінде басты "айыпты" да табылды.

"Талдау қорытындысы көрсеткендей, энергия өндіруші ұйымдардың мұқтаждарына арналған көмірді сату бойынша тауар нарығында "Богатырь Көмір" ЖШС үстемдік етіп келеді және оның еш өзгермейтін монополиялық үлесі орта есеппен 85%-ды құрайды. Салдарынан, "Богатырь Көмір" ЖШС Қазақстанда біржақты тәртіппен энергетикалық көмірдің сату бағасын бір өзі айқындайды және нарыққа әсер етеді", – деп хабарлады антимонополиялық орган.

Екінің бірі біле бермес: "Богатырь" кеніші жаһандағы ең ірі кен орны ретінде "Гиннестің рекордтар кітабына" енген. Ол сонау 1985 жылдың өзінде 56,8 млн тонна көмір шығарып, ең жоғары жылдық өнімділікке қол жеткізді. Осындай жеке-дара алып күші бар кеніш әлемде бірінші рет салынды және оның теңдесі жоқ саналады.

Фото: a-kuzovkov.livejournal.com

Алайда Қазақстан тәуелсіздік алған соң, Ресей бұл кенішті өз қолына түсірудің түрі амалын жасады. Бірақ бұрынғы билік Үкіметінің шешіміне сәйкес өткізілген ашық тендердің қорытындысы бойынша америкалық Assess Industries Inc. компаниясын таңдады. 1996 жылдың қыркүйегінен бастап "Богатырь Аксес Комир" ЖШС-і құрылды. Оның қарауына "Богатырь" және "Степной" кеніштерінің мүліктік кешені берілді.

Сарапшылардың мәліметінше, Ресей өз аумағы арқылы қазақстандық, соның ішінде дәл осы кеніштің көмірін шетелге экспортқа өткізбеу үшін түрлі сылтау тапты. Сонымен бірге кеңес кезінен бері екібастұздық көмірден қызу мен қуат өндіретін ресейлік алып электр станцияларын қауіпті кузбастық көмірге көшіруге кірісті. Қазақстандық көмірден бас тарту науқанының басында ресейлік Кемеров облысының губернаторы, ұлты қазақ Аман Төлеев тұрғаны жасырын емес.

Фото: a-kuzovkov.livejournal.com

“Богатырь Аксес Комир” ЖШС бас директоры болған Дэннис К. Прайстың еске алуынша, "Богатырь Аксес Комир" шын мәнінде рентабелді кәсіпорын болатын. Өз қызметін бастағаннан бергі небәрі 6 жыл ішінде америкалық компания 164 миллион тонна көмір өндірген. Онымен елдегі электр станциялары мен жылу электр орталықтарының мұқтаждығын толық өтеді. Ең күрделі жылдары елді жылу коллапсынан сақтап қалды. 1996 жылдан 2002 жыл аралығында 23 миллиард 935 млн теңге инвестиция салған. Бұл сол тоқырау жылдарында ғаламат сома саналатын. Салыстыру үшін айтсақ, 2000 жылы Қазақстанның бүкіл республикалық бюджеті 291 млрд теңге ғана болды.

Америкалық компания жергілікті бюджетке 3 млрд 381 млн теңге әлеуметтік төлем төлеген. Мемлекеттік бюджетке төлемі 12 миллиард теңгеден асқан.

Ақыры Қазақстан тізе бүкті. Өндірісі жолға қойылған кәсіпорын РФ қолына түсті. 2008 жылдан бастап, "Богатырь Аксес Комир" қазақстандық "Самұрық-Энерго" АҚ және "РУСАЛ" ресейлік біріккен компаниясының бірлескен басқаруына өтті. 2009 жылдың наурызында "Богатырь Аксес Комир" "Богатырь Көмір" ЖШС болып қайта аталды.

Фото: a-kuzovkov.livejournal.com

Содан бері компания энергетикалық көмір нарығындағы көтерме бағаны үнемі, тіпті жылына бірнеше рет көтеріп келеді. Мысалы, антимонополистердің дерегінше, компания кейінгі кезде бағаны келесідей жоғарылатты:

  • 2022 жылғы 1 тамыздан әр тоннасы үшін 2 282 теңгеге дейін;
  • 2022 жылғы 1 қыркүйектен 2 396 теңгеге дейін;
  • 2022 жылғы 1 қазаннан 2 516 теңгеге дейін;
  • 2022 жылғы 1 қарашадан 2 642 теңгеге дейін;
  • 2022 жылғы 1 желтоқсаннан 2 774 теңгеге дейін;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2 968 теңгеге дейін;
  • 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, 3 092 теңгеге дейін өсірді.
  • 2024 жылғы 1 сәуірден бастап, 3 235 теңгеге дейін көтермек.

Салдарынан, тек былтырғы жылдың өзінде көмір бағасының ұдайы өзгеруі энергия өндірушілер тарифтерінің 15,3%-ға дейін өсуіне ықпал еткен.

"Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгісінің болуын назарға ала отырып, қазіргі уақытта "Богатырь Көмір" ЖШС-іне қатысты монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау мәселесі қаралуда. Алайда монополияға қарсы ден қою шаралары компанияның мінез-құлқына жүйелі түрде әсер ете алмайды. Бұл субъектінің өзгермейтін монополиялық үлесін және бағасын тұрақты өсіретінін назарға алып, көмірді қоғамдық маңызы бар нарықтар санатына жатқызу және оның бағасын мемлекеттік реттеу ұсынылады", – деп ұсынып отыр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Егер бұл ұсынысты министрлер мен Үкімет басшылығы құптаса, онда заңнамаға тиісті өзгеріс енгізіледі.

Жалпы, антимонополиялық ведомствоның бұдан да батыл бастамасы бар. Агенттік жүргізген талдау негізінде "Богатырь Көмір" ЖШС-ін демонополизациялау шаралары пысықталып жатыр. Мысалы, ірі кен орындарын бір алпауыттың емес, құрығанда екі компанияның игеруі енгізілгені жөн. Бұл дамыған елдердің үлгісі.

"Біздің талдауымыздың нәтижелеріне сүйеніп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, агенттіктің келісімімен, Көмір нарығындағы бәкелестікті дамытудың жол картасын бекітті. Жол артасындағы іс-шаралардың бірі – ірі көмір кен орындарын әр учаскеге бөліп, мәжбүрлі түрде бірлескен пайдалануды (sharing) енгізу болып табылады. Бұл үшін бұрын бекітілген контрактілік территорияларды қайта қарау керек. Содан соң ол учаскелерді игеру құқығын нарықтағы баламалы субъектілерге ұсыну үшін аукцион өткізу қажет", – деп түсіндірді антимонополиялық агенттік.

Агенттіктің мәліметінше, "қазіргі уақытта бұл іс-шара Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің орындауында жатыр".

Бірақ алпауыттың шашбауын көтеріп, антимонополистерге қарсы шығушылар табылды. Лоббистер көмір нарығында демонополизация жүргізуге наразы. Олар бірінші орынға қаңтарда олигополияға қарсы шыққан халықты және Әділетті Қазақстанды емес, керісінше, олигархтардың ары қарай баюын қояды.

Фото: metalmininginfo.kz

"Біздіңше, бұл бүгінде өзекті мәселе емес. Онсыз да көмір өндірісі саласында көп лицензия таратылды. Табысты жұмыс істеп тұрған компанияларды бөлшектеудің керегі жоқ. Оның орнына лицензия алғанымен, көмірді не өндірмейтін, не өңдемейтін компаниялармен айналысу қажет. Олар жұмыс істесе, бәсекелестік те қызады. Нарықта бір бірімен бәсекелесетін шамамен 12-14 компания ғана бар", – деді Тау-кен өндіруші және тау-металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының басшысы Николай Радостовец.

Негізі, лицензиясы бар компаниялар өндірумен айналысқысы келеді, бірақ өткен отызжылдықта барлық майшелпек кен орындарын алпауыттар және олардың сыбайлас кәсіпорындары иеленіп алған. Оларды бөлшектеудің орындылығы да осыдан тамыр тартады.

Бүгінде Қазақстанда электр энергиясының шамамен 70%-ы көмірден өндіріледі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратынша, республикада 46 келісімшарт және жер қойнауын пайдалануға 1 лицензия берілген. Нарықтың 27 негізгі субъектісі көмір өндірумен және оны бастапқы көтерме сатумен айналысады.

2022 жылы 113,9 миллион тонна көмір мен лигнит көмір өндірілді. Бұл 2021 жылғыдан 1,8 миллион тоннаға немесе 1,7%-ға артық. 2022 жылы елдегі энергия өндіруші кәсіпорындарға 64,4 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 6,1 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 11,03 млн тонна көмір жөнелтілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу