Қазақстандық маман Азия теннис федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды

1497

Азия теннис федерациясы – Халықаралық теннис федерациясына қарасты коммерциялық емес ұйым. 

Қазақстандық маман Азия теннис федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды

Қазақстанның Азиядағы теннистің дамуына қосқан үлесін мойындай отырып, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Азия теннис федерациясының (ATF) вице-президенті болып тағайындалды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстанда өткізілген халықаралық турнирлердің көптігі мен олардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуының негізінде мен Азия теннис федерациясының кәсіпқой теннис комитетінің төрағасы болып тағайындалдым, сонымен қатар қаржылық білімім болғандықтан, ATF қаржы комитетінің құрамына кірдім. Жоғарыда аталған міндеттерден басқа мен Орталық Азиядағы теннисті дамыту жөніндегі жұмыс тобының төрағасы боламын, бұл аймақ елдерінің одан әрі жақындасуы мен тығыз жұмыс жасауына септігін тигізеді деген ойдамын", – деді Польский.

Азия теннис федерациясы – Халықаралық теннис федерациясына қарасты коммерциялық емес ұйым. Бұл Азия елдерінің ұлттық теннис қауымдастықтарының құрлықтық органы. АТФ-ның негізгі мақсаты – Азия теннисінің сапа стандарттарын дамыту және көтеру болып табылады.

Қазақстан теннис федерациясының әлемдік теннисте осы спорт түрінің дамуын реттейтін негізгі органында елеулі үлесі бар. Себебі Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жамитұлы Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті және әлемдегі теннистің дамуында үлкен рөл атқарады.

Еске салайық, бұған дейін 2021 жылдың қараша айында Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Азия теннис федерациясының директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланған болатын. 17 үміткердің арасынан ең көп дауыс жинаған қазақстандық маман кеңес құрамына кірді. Осылайша, алдағы екі жылда еліміздің өкілі Азия теннис федерациясының басқару органында да болады. Бұл Қазақстан теннис федерациясының әлемдік теннис аренасындағы беделінің тағы бір дәлелі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу