Қазақстандық мектептердің экстремистік ұйымға қатысы тексерілуде

3540

Қазақстанда жекеменшік мектептердің шектен тыс қаптап кетуі ұлттық қауіпсіздікке, тұрақтылыққа нұқсан келтірмес пе? 

Қазақстандық мектептердің экстремистік ұйымға қатысы тексерілуде Фото: sputnik.kz

Республикада жекеменшік мектептердің көптеп ашылуы бұрынғы биліктің мақтанышы болатын. Үкімет елдегі оқушылар орнының тапшылығын, апаттық жағдайдағы және үшауысымдық мектептер проблемасын жеке мектептер арқылы шешуге ұйғарды.

Осыған орай білім ордаларын ашатын инвесторларға бюджеттік арзан кредит, субсидия, салықтық жеңілдіктер, тіпті тегін жер телімдері берілді. Бұған қоса, әкімдіктер оларды клиентпен және табыспен қамтамасыз етеді: бір жағынан, оқушыларды соларға бағыттайды, екінші жағынан, әр оқушылық орны үшін бюджеттен мол ақша аударады. Нәтижесінде, биліктегі көптеген тұлғалар қазір мектептер желісіне ие. Жекеменшік білім ордасы басшылары жеке әңгімеде айтқандай, мемлекет бюджеттен жыл сайын мұндай бір мектепке 100 миллион теңгеден бастап, бірнеше миллиард теңге бөледі.

Биылғы жылдың басында, Білім және ғылым министрі болып тұрған тұста Асхат Аймағамбетов жекеменшік мектептердің ашылуының шырқау шегі 2021 жылға келгенін хабарлады. Оның айтуынша, бұл салада "нағыз бум" тіркеліпті.

"Былтырғы жылы 170-ке жуық жеке мектептер өз есігін ашты. Бұл бірінші кезекте, оларда мемлекеттік тапсырысты орналастыру және жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу арқасында мүмкін болды", – деп мақтанды Асхат Аймағамбетов.

Қазір елде қанша жекеменшік мектеп бар?

Жеке мектептерді қаржыландырумен айналысатын мемлекеттік ұйым – Қаржы орталығының басқарма төрағасы Асқар Ибрайымовтың айтуынша, қазіргі кезде республикада 408-ден астам жекеменшік мектеп бар.

"Тәуелсіздіктің бұрынғы онжылдықтарында олар көп емес еді. Небәрі 120 жеке мектеп болды. Ал 2019-2021 жылдары іске қосылу қарқыны күрт артты. Осы аралықта бірден 287 жеке мектеп ашылды. Нәтижесінде, жеке қолдағы мектептердің жалпы саны бүгінде 408-ден асты. Бұл ретте жеке мектептерді ашу қарқыны жыл сайын артып барады", – деді Асқар Ибрайымов.

Оның мәліметінше, жеке мектеп ашу жөнінен Түркістан облысы (жалпы саны 56 мектеп) пен Шымкент (52) алда келеді. Алматыда 41, Нұр-Сұлтанда – 29, Жамбыл облысында – 30, Алматы облысында – 17, Қызылорда облысында – 16, Маңғыстау облысында – 14, Ақтөбе облысында – 8 жеке мектеп бар. Өзгелерде аздау.

Оның айтуынша, жеке мектептерге берілетін жан басына шаққандағы қаржыландыру 2 құрауыш бөліктен тұрады. Біріншісі бойынша жеке мектептің операциялық шығыстарын мемлекет өтейді. Биылғы жылы жаңадан ашылатын жекеменшік орта білім ордалары үшін осы норматив орта есеппен бір орынға – 532 мың теңгені құрайды. Екіншісі компонент аясында ғимараттың амортизациялық шығыстары өтеледі. Егер инвестор не қалталы азамат мектеп ғимаратын жаңадан тұрғызса, онда әр оқушылық орын үшін Қаржы орталығына – 96 АЕК-тен (294 мың теңгеден астам), ал егер ескі нысанды реконструкциялап, сонда орналастырса, әр оқушылық орын үшін – 47 АЕК-тен (143 мың теңгеден) алады.

Дегенмен Оқу-ағарту министрлігінің бұл мақтанышының астарында қауіп тұнып жатқанға ұқсайды. Осының дәлеліндей, жекеменшік мектептердің жат діни ағындарға қатысы бар деген дау-жанжал жиі өрши бастады.

Қазіргі кезде Атыраудағы "Қазақ ұлттық қыздар мектебінің" айналасында дау туды. Осының алдында блогер, қоғам белсендісі Нұргүл Мұқышева "Адырна" порталында салафиттер бүлдіршін қыздардың құқын таптап, бет-жүзін тұмшалау мақсатында "Ұлттық қыздар мектебі" дейтін жат ағынның салт-санасына сай жаңа мектеп ашты деп мәлімдеген болатын. Осыған орай енді Атырау облыстық Білім басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр.

"Аталмыш діни мектепке Атырау өңірінің тұрғыны Жолмұханова Жұмазия басшылыққа тағайындалған. Ең сорақысы, мектеп директоры Жолмұханова Жұмазияның туған інісі Қанкерейдің қызы Жұлдыз бен күйеу баласы Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019-жылы екеуі де қаза тапқан. Ал "ұлттық қыздар мектебі" деген қазақи терминді бетперде қылған сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары кімдер екенін білсеңіздер, төбе шаш тік тұрады. Бұлар нағыз салафиттік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович дейтін исламистер екен. Сәләфилер Қазақстандағы мектептердің зайырлы форматта сабақ беруіне түбегейлі қарсы. Олар мектептегі киім үлгісіне бағынбай, арабтардың дәстүрлі киімі хиджабпен сабаққа кіргізуін қалайды. Ал бұл әрекет Қазақстан заңдарына қайшы. Білім беру жүйесі зайырлы қағидаттар негізінде оқытылады. Сонымен қатар осындай жеке мектептерде сәләфилердің ұл-қыздарынан басқа, мешіт намазхандарының балаларына да жат экстремистік, яғни теріс идеологиямен ықпал ету, яғни қатарларын көбейту қаупі бар және мұндай діни орта әртүрлі жанжалдың тууына кеңінен жол ашады", – деп жазды блогер Нұргүл Мұқышева.

Ол министр А.Айтмағамбетовтен аталған мектепке лицензия бермеуді, оның тез арада жабылуына ықпал етуді сұраған.

Бұған құзырлы орган үн қатты.

"Жоғарыда аталған жекеменшік ұйымға өкілетті орган лицензия бермегенін хабарлаймыз. Қазір көрсетілген ақпарат бойынша тексеріс басталды. Тексеріс қорытындысында қажетті шара қабылданады. Қазақстан зайырлы мемлекет, барлық ұйым, оның ішінде жекеменшік ұйымдар да қолданыстағы заң талаптарын сақтауға міндетті", – деп түсініктеме берді Атырау облыстық білім басқармасы.

Полиция департаменті әзірге еш шара қабылдамаған, олар Атырау облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің тексеретініне сілтеме жасады. Егер қылмыстық құрамы анықталса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады, сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.

Жалпы жекеменшік мектептерге лицензияны аталған департамент береді. "Қазақ ұлттық қыздар мектебі" ("Казахская Национальная женская школа") Ұлттық білім беру деректер қорында (ҰБДҚ) тіркелген. Алайда лицензиясы туралы мәліметтер жоқ. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, әзірге бұл мектепте 76 бала оқып жатыр.

Еліміздегі өзге мектептерді де тексерсе артық болмас еді. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігіне Өскемен тұрғыны Болатхан А.-дан шағым түсті. Онда ол өз ұлының бітірген мектебін Түркия экстремистік ұйымға қатысы болуы мүмкін деп күдіктеніп отырғанын айтады.

Оның ұлы 2022 жылы Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған "Білім-инновация" мамандандырылған лицейін бітірді. Биылғы 16 маусымда оларға орта мектепті бітіргенін растайтын аттестат беріліпті. Содан Болатхан маусым айында Солтүстік Кипр түрік республикасының Гирне (Girne) қаласындағы Final International University (FIU) университетіне түсу үшін баласының құжаттарын тапсырады. Университеттен баласының "Ағылшын тілінің мұғалімі" мамандығына қабылданғаны туралы хат алған. Сондай-ақ ол оқу ақысы үшін 1 350 доллар алғашқы жарнаны да төлеп қойды.

"Университеттің барлық талаптары орындалған соң ұлым Гирне қаласына ұшып кетті. Қазір ол сонда тұрып жатыр. Бірақ 23 тамызда ұлыма университеттен хат келді. Онда ЖОО ұлымның аттестаты жарамсыз деп танылғаны туралы құлағдар етті. Себебі оны берген ұйым Түркияда экстремистік ұйымдар тізімінде тұрған "Себат" ұйымына қатысы бар деген күдік келтірілген. Университеттегілер бұл сигнал өздеріне Солтүстік Кипр түрік республикасының елшілігінен түскенін түсіндірді және барлық мән-жайды білу үшін Қазақстанның білім министрлігіне жүгінуге кеңес берді. Біз Өскемендегі "Білім-инновация" мамандандырылған лицейінің "Себат", ФЕТО сияқты тыйым салынған ұйымдарға қатысының бар-жоқтығын білгіміз келеді. Осыған байланысты ресми жауап беруіңізді сұраймын. Ел үшін ұят! Бізді Ауған елі сияқты деп ойлап қалады. Сіздің қолдауыңыз өте қажет болып тұр, Асхат Қанатұлы!", – деп жазды арыз иесі Болатхан.

Оқу-ағарту министрлігі мәселенің қарауға алынғанын хабарлаумен ғана шектелді.

Дегенмен бұл қателік болуы да мүмкін. Өйткені "Білім-инновация" мамандандырылған лицейлері еліміздегі ең үздік білім ордаларының қатарында саналады, олар көптеген халықаралық және мемлекеттік байқаулардың жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарғаны белгілі. Бұдан бұрын Түркия тәуелсіздіктің бастауында құрылып, қазақстандық білімді жаңа биіктерге көтерген түрік лицейлерін де біраз қудалап, Фетхулах Гюленге қатысы бар деп, оларды жабуды талап еткені мәлім. Қазақстан ол лицейлерді тексере келе, тыйым салынған ұйымдармен байланысы жоқ деп танып, жабудан бас тартты. Бірақ кейін оларды мемлекет қарауына алып, ұлттық білім беру стандарттарына көшірді.

Қалай болғанда, мемлекет бұрынғы биліктей, жекеменшік мектептерді бетімен жібермей, бақылағаны маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу