Таиланд астанасы Бангкокта садақ атудан Азия кубогының алғашқы кезеңі басталды. Аталған турнирде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары сәтті өнер көрсетіп, бірден үш финалға жолдама алды.
Әйелдер арасында блокты садақ атудан Қазақстан құрамасы жартылай финалда Малайзияны жеңіп, финалға шықты. Енді шешуші кезеңде Виктория Лян, Роксана Юнусова және Диана Юнусова Үндістан құрамасына қарсы сынға түседі.
Ал ерлер арасында классикалық садақ атудан Қазақстан құрамасы жартылай финалда Қытай Тайбэйін тізе бүктірді. Финалда Дастан Каримов, Ильфат Абдуллин және Дәулеткелді Жаңбырбай Үндістан құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салады.
Сонымен қатар осы классикалық садақ атудан әйелдер құрамасы да финалға шықты. Жартылай финалда Малайзияны жеңген қазақстандық спортшылар енді алтын медаль үшін Қытай құрамасымен кездеседі. Финалда ел намысын Диана Тұрсынбек, Самира Жұмағұлова және Александра Землянова қорғайды.
Айта кетейік, барлық финалдық кездесулер 27 наурыз күні өтеді. Қазақстан құрамасы үш бірдей жүлдеге үміткер ретінде жарысты жалғастырып жатыр.