banner

Қазақстандық ойыншылар Өзбекстанға назар аударды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
22212

Келер жылы е-коммерция нарығы интеграцияланбақ.

Қазақстандық ойыншылар Өзбекстанға назар аударды

Сарапшылардың 2019 жылғы е-коммерция нарығына жасап отырған болжамы жағымды: болжам 2018 жылғы өсімнің сақталатынын айтады. "Емarketer" сараптамалық агенттігінің дерегінше, 2018 жылдағы ішкі және сыртқы нарықтың интеграциясы біз күткен болжамнан асып түсті: 2017 жылдағы е-коммерция нарығындағы сауда айналымы 2,304 трлн АҚШ долларына жеткен.

Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24,8 пайызға көп. Сарапшылар 2019 жылы интернетті пайдалану, мобильді трафиктің үлесі, онлайн сауда 2020 жылдағы нарықтың беталысын айқындайтын негізгі трендтерге айналатынын айтып үлгірді.

Әлемдік статистикадағы Қазақстанның үлесі, сарапшылардың пайымдауынша мәз емес. IT-нарықтағы жағдайды бақылап отыратын ресми мекеме де, кәсіби қауымдастық та жоқ екен. ҰЭМ статистика комитеті 2018 жылдағы интернет сауда мен онлайн сауданы 264,52 млрд теңгеге жеткенін айтады. Осы саланың ойыншылары оны 800 млн мен 1 млрд АҚШ долларының арасында тербеліп тұр деген ойға басымдық беріп отыр.

Қазақстанның интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығы еліміздің әлемдік нарықтағы үлесі 1,9 пайыздың айналасында дейді. Бұл жақсы көрсеткіш емес. АҚШ-та, Қытай мен Жапонияда бұл 10-15 пайыздың төңірегінде болса, Өзбекстанда 4.5 пайызға жетіп қалыпты. Ал Ресейдің көрсеткіші 6,2 пайыз. Ал үкімет болса 2021 жылы Қазақстандағы е-коммерция нарығы 9 пайызға жетеді деп үмітте.

CEO Satu.kz сараптама орталығының өкілі Иван Портной қазақстандықтардың басым көпшілігі балаларға арналған тауар, косметика және бау-бақшаны күтіп-баптауға арналған құралдарды интернет саудасы арқылы тапсырыс беретінін айтады. 2019 жылы медициналық құрылғылар мен сусындардарды, азық-түлік тауарларын интернет арқылы тапсырыс беруге мүмкіндіктің көбейетінін тілгек тиек етті.

"2018 жылы CEO Satu.kz арқылы сауда жасаған түбіртек қағаздың максималды көрсеткіші 54 мың 742 теңге болды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп", – дейді ол.

Авиабилеттерді сату сегментінде де өзгерістер бар. 2018 жылдың басында қазақстандықтардың тек 10 пайызы ғана онлайн жүйесінде сатып алса, қараша-желтоқсан айларында бұл 20 пайызға дейін өсіпті.

Электронды сауда әлемде, соның ішінде Қазақстанда да негізгі трендке айналып үлгергенге ұқсайды.

"Қазпошта" АҚ Алматы филиалының өкілі Ержан Тасмұхан 2018 жылы Алматы бөлімшесінен 9 млн халықаралық сәлемдеме өткенін айтады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп екен. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 23,9 млн данаға жетуі әбден мүмкін екен. 2018 жылдың еншісіндегі сәлемдемелердің басым көпшілігі интернет-сауда дүкендері арқылы жіберілген.

Мамандар е-коммерция нарығы қатал бәсекелістік жағдайына көшкенін айтады. Ішкі нарықтың 70 пайызы қазір Қытай мен Ресей е-коммерция нарығы өкілдерінің қолында. Егер, қызмет мәзірінде кішкентай ғана кінәрат болса, тұтынушының көзқарасы өзгеріп, басқаға ауып кетуі әдбен мүмкін.

"Бұрын Қытай мен Алматының арасында пошта сәлемдемесінің жеткізу уақыты 50 күн еді. Қазір екі аптада жетеді. Біз жеткізу мерзімін әлі де қысқарту үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сәлемдемелерді жеткізудің соңғы нүктесі – қоймаларды цифрландыру жұмысын жеңілдетті. Қазір қоймаға келіп жеткен сәлемдемелер үшін "супермаркет" бағдарламасын іске қостық. Тұтынушы түбіртек қағазда көрсетілген нөмір бойынша өз атына келген сәлемдемелерді оп-оңай ала алады", – дейді Ержан Тасмұхан.

Отандық е-коммерция нарығы ойыншыларына Қазақстанның ішкі нарығының тарлық ететіні осыған дейін де байқалған болатын. Олардың Орталық Азия нарығына шығуы отандық компаниялардың санын көбейтіп, қаржылық капиталын арттырып отыр.

Интернет сауда қауымдастығының өкілдері Өзбекстан халықаралық төлем жүйесіне қосылған кезде отандық компаниялардың екінші тынысы ашылатынына сенімді.

"Өзбекстан мен Қазақстандағы е-коммерция нарығының 76 пайызы Ташкент пен Алматының үлесінде. Қалғаны 24 пайызы өзге аймақтар. Егер бұл жалпы халықтық сипатқа ие болса, екі мемлекеттің ойыншылары өзгелерді нарықтан ығыстырып шығара алады", – дейді интернет сауда қауымдастығының өкілдері.

Мобильді қосымшалар бағдарламалары интернет сауда үйлерінің сайттары үшін тапсырыс қабылдау мен орындаудың тетіктерін барынша жылдамдату үшін жұмыстар жүргізіп жатыр.

"Маркетлейстерді ХХI ғасырдағы онлайн сауданың феномені деуге болады. Бір ғана сервиздің көмегімен әлемнің кез келген нүктесінде қонақүйден орын брондауға, тауарларды сатып алуға, тіпті таксиге тапсырып беруге болады", – дейді CEO Satu.kz сараптама орталығының өкілі Иван Портной.

Оның айтуынша, Қазақстанда электронды коммерция индустриясында көшбасшы болуға, Орталық Азия нарығындағы үлесті көбейтуге мүмкіндік бар. Динамикалық дамуға бірнеше фактор кедергі келтіріп отыр. Бірінші фактор интернет-коммерция алаңдарының аздығы. Жетілдіруді тездететін фактор – логистика. Тауар өндірушіден интернет сатып алушыға дейін жеткізу процесін жылдамдатуға бірнеше жыл кетуі мүмкін.

Сарапшылардың болжамынша, 2018 жылғы көшбасшылардың құрамы келер жылы да өзгеріске ұшырамайды.

2018 жылы Kaspi.kz бір күннің ішінде 250 мың тауар түрін 20 млрд теңгеге сатып, 2017 жылғы позициясын сақтап қалған еді. Интернет-сауда қауымдастығының өкілдері "Kaspi.kz" осы қарқынды сақтаса, әлемдегі ең озық инновациялық компаниялар Amazon и Alibabaның өзін ойландырып қоюы мүмкін екенін айтады.

"Kaspi.kz" негізгі бағытынан ауысып кетті. Интернет-дүкендердің бақшасына ауыз салды" деген пікірлер көп айтылады. Негізі "Каспий" басқа компаниялардың жұмысына қозғалыс туғыза бастады деген дұрыс", – дейді интернет-сауда қауымдастығының өкілдері.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2018 жылы 110 жаңа онлайн-сауда мекемесі тіркелген. Ал сауда нарығында 1658 интернет-дүкен жұмыс істейді. Осы нарықтағы тұтынушылар саны 5%-ға артып, 71,6 мың адам еңбекпен қамтылды.

Елімізге электрондық сауда түсінігі 2005 жылдан бері ене бастады. Тұрғындардың онлайн-сауданы меңгеру деңгейі 2015-2016 жылдармен салыстырғанда 35 пайызға өсіпті.

Бұл Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны интернет сауданың мүмкіндіктерін түсіне бастағанын білдіреді.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу