Қазақстандық оқушыларды әлемдегі ең белді университеттер оқуға шақырып жатыр

2063

Халықаралық олимпиадалардан жүлде алған қазақстандық оқушыларды дүние жүзіндегі ең белді университеттер оқуға шақырып жатыр. Сол үшін арнайы грант бөлу жағынан әлемдік ЖОО-лардың жомарттығы басым.  

Қазақстандық оқушыларды әлемдегі ең белді университеттер оқуға шақырып жатыр

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.

Министрліктің бүгінгі алқа отырысында "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов атап өткендей, қазақстандық дарынды оқушылар 30 жылдан бері халықаралық ареналарда 500-ге жуық орын иеленген. Жалпы ел ішіндегі олимпиадаларға қатысуға жыл сайын шамамен 1 миллионға жуық оқушы тартылады. 

"2021 жылы ең беделді халықаралық олимпиадаларда Қазақстан математика бойынша алтын медаль алды. Одан бөлек үш күміс, екі қола медаль иеленді. Одан бөлек халықаралық олимпиадаларда физика пәні бойынша 5 күміс медаль, информатика бойынша 4 қола медаль, биология бойынша 3 күміс медаль алды. Осылайша, халықаралық олимпиадалар бойынша нәтижелер сапалы түрде өсіп келеді", – деді Тимур Нұркешов.

Оқушылардың бұл жетістігін Асхат Аймағамбетов жоғары бағалады. 

"Қазақстанның оқушылары халықаралық олимпиадаларда өте жақсы нәтижелерді көрсетуде. 2020 жылы да нәтижелер жаман болмаған. Ал оқушыларымыздың биылғы жетістіктері одан да асып түсіп жатыр. Бұл да  өте үлкен жеңіс. Өте жақсы көрсеткіш. Биыл математика пәнінен балаларымыз бір алтын медаль жеңіп алды. Күміс медальдар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін қолдау туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Осы тапсырманы сапалы орындау үшін Білім және ғылым министрлігі ынталандыру тетіктерін қарастырып, тиісті заңнамалық өзгерістерді дайындады. Сондықтан әрине, олимпиада жеңімпаздарын қолдау бойынша тиісті жұмысты ары қарай жүргіземіз",– деді министр Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында.

Министрдің айтуынша, олимпиадалық қозғалыста алдымен ашықтық және әділдік қағидаттарын ұстану керек. Академиялық адалдық қағидаттарын ары қарай дамытқан дұрыс. Биыл Білім және ғылым министрлігі республикалық олимпиада кезеңдерін жаңаша өткізе бастаған. Яғни олимпиада барысында бейнекамералар қосылып, қазылар алқасының жұмысы жаңаша ұйымдастырылған.
"Соның арқасында іріктеуден өткен балалар халықаралық аренада жоғары жетістікке жетіп жатыр. Сондықтан осы жұмысты біз міндетті түрде ары қарай жалғастыруымыз керек. Халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарының артынан дүние жүзіндегі белді университеттері жүгіріп, "біздің университетке түс" деп гранттарын ұсынып жатыр. Біздің Қазақстанның университеттері де дәл осындай бәсекеге түсіп, жалпы үздік олимпиада қозғалысының жеңімпаздарымен тиісті жұмысты жүргізуі керек. Осы жұмыс қалай жүргізіліп жатқанын "Дарын" орталығы тиісті талдау жүргізеді. Біздің университеттердің осы процеске белсенді қатысуы, қатыспауы бойынша тиісті қорытынды жасап, сіздерге бұл мәселені жеткізіп айтатын боламыз",  деді ол.

Асхат Аймағамбетов атап өткендей, дарынды балаларды қолдау мемлекеттің парызы ғана емес, жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектептердің де міндеті. 

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу