FIP жариялаған жаңартылған рейтингте қазақстандық спортшылардың нәтижесі жақсарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан падел федерациясының мәліметінше, Жәнібек Үмбетов 9 сатыға жоғарылап, қазіргі таңда әлемдік рейтингте 482-орынға тұрақтады. Осы нәтижемен ол Қазақстанның бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалды.
Родион Пак 6 сатыға көтеріліп, 525-орынға жайғасты. Евгений Данилов 573-орынды иеленді. Сондай-ақ Алдияр Мұздыбаев 794-орынға, Жақас Қозыбақ 910-орынға, ал Никита Сидоров 1232-орынға орналасты.
18 жасқа дейінгі спортшылар арасында FIP Tour Asia рейтингісінде төрт қазақстандық ойыншы ТОП-50 қатарына енді. Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 17-орынды, ал Санжар Жуасов пен Тимур Ахметов 31-орында тұр.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан падел федерациясының құрылғанына небәрі екі жыл болса да, бұл көрсеткіш елімізде падел спортының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.