Қазақстандық шабандоздар Азия чемпионатында жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды

1287

Рината Сұлтанова – тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш қазақстандық шабандоз.

Қазақстандық шабандоздар Азия чемпионатында жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды

Тәжікстан астанасы Душанбеде тас жолдағы және паралимпиадалық велоспорттан Азия чемпионаты өтуде. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігінде 7 санат бойынша өнер көрсетуде: ерлер-элита, әйелдер-элита, ерлер-жастар, әйелдер-жастар, жасөспірімдер, жасөспірім қыздар және пара-спортшылар.

Бүгін қазақстандық велоспортшы Рината Сұлтанова Азия чемпионатының алтын медальін жеңіп алды. Ол жекелей уақытқа арналған 24 шақырымдық жарыс жолын 33 минут 24,632 секундта жүріп өтіп, әйелдер арасындағы элиталық санатта үздік нәтиже көрсетті. Екінші орын индонезиялық Делиа Приатнаға (+34,643), қола жүлде моңғол спортшысы Солонго Цэрэнлхамға бұйырды (+01:39.450).

Айта кетейік, Рината Сұлтанова тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш қазақстандық шабандоз.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Евгений Федоров та Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Ерлер арасында элита санаты бойыншат жекелей жарыста Евгений үздік нәтиже көрсетті. Ол 24 шақырымды 28 минут 45,197 секундта бағындырды. Екінші орын жапониялық Нариюки Масудаға (+51,548) тиесілі. Үшінші орынды өзбек шабандозы Мураджан Халмұратов (+1:13.094) иеленді.

Ал паравелоспорттан Қазақстан құрамасы үшін Азия чемпионаты халықаралық деңгейдегі дебют болды. Отандық шабандоздар В тобындағы (көру қабілеті нашар спортшылар) жекелей уақытқа арналған жарыста қола жүлдені жеңіп алды. Бұл номинацияда ел намысын Кенжеғұл Сейітжан мен ұшқыш Мақсат Қадыров қорғады. Спортшылар 15 шақырымды 22 минут 8,866 секундта жүріп өтіп, көшбасшыларға небәрі 1 минут 45,016 секунд ұтылды.

"Әрине, бірінші орын алғымыз келді. Бірақ үшінші нәтиже көрсеттік. Халықаралық жарыстарға қатысу менің үлкен арманым еді. Сол арманыма алты жылдан кейін қол жеткізіп отырмын. Велоспорт федерациясынан техникалық құрал-жабдықтардан, жол ақысын төлеуден бастап, моральдық қолдауға ие болдым. Федерацияның бас хатшысы Әсем Құнақбаева, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров жарыс басталғанға дейін қасымда болды. Маған сенді және жарыс алдындағы толқуды жеңуге көп көмектесті. Арманымның орындалғанына қуаныштымын!", – дейді Кенжеғұл Сейітжан.

​Айта кетейік, 25 наурыз басталған Азия чемпионаты 29 наурызға дейін жалғасатын болады.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу