29 тамызда Big Tour маршрутының қорытындысы бойынша Раиса Соколенко Chevalier атты атымен 1-орынға шықты. Ол маршрутты айып ұпайынсыз аяқтап, ең жақын қарсыласынан 5,59 секундқа озып кетті.
2-орынға Олег Соколенко Shenanigan атымен жайғасты. Ол да маршрутты қателіксіз өтіп, Қазақстан қоржынына тағы бір жүлде салды.
Осылайша, халықаралық жарыста Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, қазақстандық спортшылар жарыстың алғашқы екі орнын қатар иеленді.
3-орынды польшалық Malgorzata Koszucka V-Querida of Vigo Z атымен 65,57 секунд нәтижесімен алса, 4-орын австриялық Christian Rhombergке бұйырды – 65,59 секунд.
Жарыс Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ережесіне сәйкес бір айналымда жылдамдыққа өткізілді. 15 спорттық жұптың жетеуі ғана маршрутты айып ұпайынсыз аяқтаған.
Қазақстандық шабандоздардың халықаралық жарыстарға қатысуы Еуропа алаңдарында тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға және алдағы маңызды старттарға дайындалуына мүмкіндік береді.