Алуа Нұрман әйелдер құрамасының мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шахматты мемлекеттік қаржыландыру тәсілін қайта қарау туралы өтінішпен жүгінгенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алуа Нұрманның айтуынша, бұл бастама елдегі шахматтың дамуына серпін беріп, жас таланттардың мүмкіндігін кеңейтуге және бапкерлердің еңбегін бағалауға бағытталған. Спортшы Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль жеңіп алғаны үшін берілген сыйақыға қолдау көрсеткен кәсіпкер Тимур Турлов пен Қазақстан шахмат федерациясына алғыс білдірді.
"Біз үшін бұл жай ғана марапат емес, сонымен қатар көп жылғы еңбектің, дайындықтың және Қазақстанды әлемдік аренада лайықты деңгейде таныстыруға деген ұмтылыстың мойындауы. Бізге сенгеніңіз үшін рақмет!" – деп жазды шахматшы.
Сонымен қатар ол ұлттық құраманың жетістіктері тек медальдармен өлшенбеуге тиіс екенін атап өтті. Спортшының пікірінше, халықаралық жарыстардағы нәтижелер отандық шахматтың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға негіз болуы керек.
Мемлекеттік қолдауды күшейту ұсынылды
Алуа Нұрман Қазақстан шахмат федерациясы мен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) деректеріне сүйене отырып, 2023–2025 жылдары қазақстандық шахматшылар ресми халықаралық жарыстарда 448 медаль жеңіп алғанын жазды.
Бұл жетістіктердің қатарында әлемдік командалық чемпионаттағы күміс жүлде, әйелдер құрамасының Дүниежүзілік шахмат олимпиадаларында иеленген екі күміс медалі, сондай-ақ әлем чемпионаттары мен өзге де беделді халықаралық жарыстардағы жеке нәтижелер бар.
"Спортшыларымыздың жетістіктері мен шахматтың халықаралық мәртебесін ескере отырып, біз Президентке жүгініп, шахматты мемлекеттік қаржыландыру тәсілін қайта қарауды және оған олимпиадалық спорт түрлерімен салыстыруға болатын деңгейде қолдау көрсетуді сұрадық", – деп жазды Алуа Нұрман.
Оның сөзінше, мұндай қолдау балалар мен жасөспірімдер шахматын дамытуға, ұлттық құрамаларға және жаттықтырушыларға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
"Өйткені шахмат – жай ғана спорт емес. Бұл – Қазақстанның зияткерлік болашағына салынған инвестиция", – деп атап өтті спортшы.
Жеке бапкерлердің еңбегі де назардан тыс қалмауы керек
Алуа Нұрман халықаралық аренадағы жетістіктердің артында жеке бапкерлердің де орасан зор еңбегі тұрғанын айтты. Оның пікірінше, спортшының қалыптасуына алғашқы күннен бастап сенім білдіріп, білімі мен уақытын арнаған мамандардың үлесі ерекше.
"Біз тұғырға көтеріліп, Қазақстан әнұранын тыңдап тұрғанда, халық тек нәтижені көреді. Бірақ оның артында бүкіл команданың еңбегі, жылдар бойы жасалған жаттығулар, кешкі уақытқа дейін созылған ойындар, қателіктер мен жеңілістерді талдау және шеберлікті шыңдауға бағытталған мыңдаған талпыныс жатыр. Осыған үлес қосқан әрбір адам құрметке лайық", – деп жазды ол.
Шахматшының айтуынша, бүгінгі жетістіктер отандық шахматтың дамуына ықпал етіп, жеке бапкерлердің еңбегін лайықты бағалауға және жас таланттардың қабілетін ашуға жол ашуы керек.