Қазақстан құрамасы шаңғымен тұғырдан секіруден Чехияның Френштат-под-Радгоштем қаласында өткен FIS кубогы кезеңінде үш жүлдеге ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарыстың алғашқы күнінде Данил Васильев жеңімпаз атанды. Ол екі мүмкіндіктің қорытындысы бойынша 258,4 ұпай жинап, австриялық Якоб Штайнбергерді (236,6) және польшалық Ян Галицаны (236,3) басып озды.
Екінші жарыс күнінде Қазақстан спортшылары топ жарды. Илья Мизерных 267,4 ұпаймен бірінші орын алса, Данил Васильев 259,8 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. Үшінші орынға 244,5 ұпай жинаған Якоб Штайнбергер жайғасты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жарысты екі алтын және бір күміс медальмен аяқтады.