Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында шаңғыдан ерлер арасындағы 10 шақырымдық еркін стиль жарысы мәресіне жетті. Бұл сайыста норвегиялық Йоханнес Клебо 20:36.2 нәтижесімен топ жарып, Миландағы үшінші алтын жүлдесін иеленді. Сондай-ақ жеңіс тұғырына франциялық Матис Делож пен норвегиялық Эйнар Хедегарт көтерілді. Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижені Әмірғали Мұратбеков көрсетіп, 43-орын алды. Виталий Пухкало 58-сатыға, Наиль Башмаков 74-орынға жайғасты.
Айта кетейік, шаңғы жарысынан Олимпиадада барлығы 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Сондай-ақ бүгін биатлоннан ерлер арасындағы 10 шақырымдық спринт жарысы өтті. Қазақстан құрамасынан Владислав Киреев 51-орынға, Әсет Дюсенов 61-сатыға тұрақтады. Киреев үздік 60 спортшы қатарына еніп, із кесу жарысына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Сайыста франциялық Кентен Фийон Майе жеңіске жетсе, норвегиялық Ветле Шостад Кристиансен мен Стурла Холм Легрейд жүлделі орындарды иеленді. Биатлон бәсекелері 21 ақпанға дейін жалғасады.
Ал, санаулы минуттардан соң спортшыларымыздан бүгін соңғы болып Михаил Шайдоров жарыс жолына шығады. Ол еркін бағдарламада өнер көрсетеді. Шайдоровтың қатысуымен өтетін жарыс Қазақстан уақыты бойынша сағат 23:00-де басталады. Оқиғаның тікелей трансляциясы Qazsport телеарнасында көрсетіледі.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша Шайдоров 92,94 ұпай жинап, бесінші орында келеді. Шешуші еркін бағдарламада спортшымыздың жүлделі орын үшін таласуға мүмкіндігі бар.