Қазақстандық конькимен жүгіруші Кристина Шумекова жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, ел қоржынына алтын медаль салды.
Отандасымыз 500 метр қашықтықта 38.48 секунд нәтиже көрсетіп, жеке рекордын жаңартты және жарыстың жеңімпазы атанды.
Күміс жүлдені канадалық Джулия Снелгров иеленді – 38.78. Үздік үштікті польшалық Виктория Дабровска түйіндеді – 38.96.
Бұл қашықтықта Қазақстан намысын қорғаған өзге спортшылар да жарыс жолына шықты. Анастасия Беловодова 12-орын алса, Варвара Глухова 13-сатыға тұрақтады. Алина Шумекова 30-орын, ал Айзада Рымбек 54-орын көрсетті.
Әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы сапында он спортшы өнер көрсетуде.
Бүгін басталған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 1 наурыз мәресіне жетпек.