Ашылу рәсімінің негізгі алаңы Милан қаласындағы әйгілі "Сан-Сиро" стадионы болды. Сонымен қатар іс-шара Кортина-д’Ампеццо, Ливиньо және Предаццо қалаларында қатар қамтылып, бұл рәсімді қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы ең ауқымды кең форматта ұйымдастырылған ашылулардың біріне айналдырды.
Салтанатты рәсім "Armonia" тақырыбында өтті. Бұл идея қала мен тау кеңістігінің, түрлі мәдениеттер мен дәуірлердің, Италияға тән және әлемдік көркемдік дәстүрлердің өзара үйлесімін бейнелейді.
Көркем бағдарламаның шымылдығы "Bellezza" нөмірімен ашылды. "Ла Скала" театры академиясының 70-ке жуық бишісі сахнада жан біткен мүсіндер бейнесінде өнер көрсетті. Қойылым әйгілі мүсінші Антонио Канованың шығармаларынан шабыт алған ауқымды барельефтің қалыптасуымен аяқталды.
Бағдарлама "Fantasia" көрінісімен жалғасты. Бұл сахналық қойылым италиялық қиял мен шығармашылық еркіндіктің символына айналды. Түрлі түстерге бөлінген 240-тан астам әртіс қатысқан көріністе хореография мен визуалды шешімдер Италия мәдениетінің сан қырын динамикалық композиция арқылы айқын көрсетті.
Спортшылар шеруі салтанатты рәсімнің басты элементтерінің бірі болды. Шеру ерекше форматта өтіп, ұлттық құрамалар Милан, Ливиньо, Предаццо және Кортина-д’Ампеццо қалаларында белгіленген тәртіппен алаңға шықты. Қазақстан құрамасының туын Миланда Денис Никиша, ал Ливиньода Аяулым Әмренова ұстап шықты. Сондай-ақ қазақстандық спортшылар Предаццода өткен шеруге де қатысты.
Салтанатты рәсім барысында 2025 жылы өмірден өткен әлемге әйгілі дизайнер Джорджио Арманиды еске алды. Оның Emporio Armani бренді ұзақ жылдар бойы Италияның Олимпиада және Паралимпиада құрамаларына спорттық форма әзірлеп келген. Ресми бөлімде Италия президенті Серджо Маттарелла, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Кирсти Ковентри және Қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің басшысы Джованни Малаго сөз сөйледі.
Шара барысында Олимпиадалық ант қабылданып, салтанатты рәсімнің шарықтау шегі қала мен таулы аймақта бір мезетте жағылған олимпиадалық алаулар болды.
Миланда Олимпиада алауын аты аңызға айналған тау шаңғысы шеберлері, Олимпиада чемпиондары Дебора Компаньони мен Альберто Томба жақты. Ал Кортина-д’Ампеццода бұл құрмет Олимпиада чемпионы София Годжаға бұйырды. Осылайша Альпі баурайында Ақ Олимпиада ресми түрде басталды.