Мәскеу қаласындағы Халықаралық самбо орталығында қоян-қолтық ұрыстан “Достық кубогы” Әлем кубогының кезеңі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәскеу спорт департаменті мен Халықаралық қоян-қолтық федерациясы ұйымдастырған турнирге әлемнің 16 елінен 250-ден астам спортшы қатысты. Жарыста “Дуэль”, “Өзін-өзі қорғау” және “Өзін-өзі қорғау 1+1” бағыттары бойынша 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Халықаралық додада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының “BURKIT TEAM” командасы жоғары нәтиже көрсетті. 58 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Төреханова алтын медаль жеңіп алып, Әлем кубогы кезеңінің чемпионы атанды.
Ал 67 келіге дейінгі санатта Әсембай Манарбек күміс жүлдеге ие болды.
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы саны 30 медаль, оның ішінде 17 алтын жүлде жеңіп алып, командалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Халықаралық жарыстан оралған спортшыларды елде жанкүйерлер, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының өкілдері, “BURKIT TEAM” командасы және жақындары салтанатты түрде қарсы алды.